Оңтүстік тарихи-мәдени мұраға бай және этникалық жағынан да алуан түрлі аймақ ретінде бірегей дәстүрге ие. Бұл дәстүр түрлі ғылыми-әдістемелік, мәдени-ағартушылық бағдарламалар арқылы жалғасын тауып келеді. Мысалы, жергілікті мәдени дәстүрлер мен заманауи өнерді сақтауға және дамытуға бағытталған фестивальдер, симпозиумдар, өнер көрмелері, байқаулар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Мәдениеттану, өнертану, этнография, бейнелеу өнері, демалыс және басқа да сабақтас пәндер саласында ғылыми зерттеулер белсенді түрде жүргізіліп, сол арқылы Шымкент қаласы ғылыми-әдістемелік орталық ретінде танылып келеді. Бұл бағыттағы зерттеулер ғылыми прогреске ғана емес, мәдени мұраны сақтауға да ықпал етеді. Бүгінде Қазақстанның оңтүстігінде өнерді кеңінен насихаттауға және дамытуға бар күш-жігерін салып, ғылыми тұрғыда зерттеп келе жатқан ғалымдар аз емес. Солардың бірегейі ғалым, суретші-ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Ералыұлы Ералинді айтуға болады.
Ералин Қуандық Ералыұлы 14 сәуір 1950 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тельман ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген. 1969 жылы Шымкент педагогика институтына оқуға түсіп, 1973 жылы Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша бітірген. 1973-1974 жылдары әскер қатарында болған. 1981-1982 жылдары В.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогика институтының Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі кафедрасында машықтану ісінен өткен. 1985 жылы институттың аспирантурасын, 1992 жылы Мәскеу мемлекеттік педагогика университетінің докторантурасын Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі мамандығы бойынша бітірген. 1985 жылы В.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогика институтында «Бейнелеу өнері сабақтарында оқушылардың кеңістікті елестетуін қалыптастыру» деген тақырыпта бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1993 жылы 14 қаңтарда «Болашақ бейнелеу өнері мен көркем еңбек мұғалімдерінің көркемдік-практикалық даярлығы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын «Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік педагогика университетінде қорғаған.
Қазіргі мәдениет мекемелері кино, музыка, театр, бейнелеу өнері, дизайн, кескіндеме және тағы басқа шығармашылық салаларды дамытуда, жаңа технологияларды қолдануда шешуші рөл атқарады. Бұл салалар мәдени және экономикалық өсудің маңызды көзі және мәдениет пен өнердің дамуының катализаторы.
Профессор Қуандық Ералиннің ғылыми зерттеу еңбектері ұлттық салт-дәстүр мен бейнелеу өнерін жаңғырту бағытында өрбиді. Мысалы,«Этнобұйымның көркемдік өлшем бірліктерін анықтау» атты мақаласында Қазақстан бейнелеу өнеріндегі өнертану cаласында этнобұйымның көркемдік өлшем бірліктерін анықтау мәселесін зерттеуді ашып көрсетуге арналған. Бұл ұлттық қолөнер бұйымдарын талдау барысында жүзеге асырылған. Мақалада этнобұйымның көркемдік өлшем бірліктерін анықтауға негізделген өнертану әдістемесінің табиғаты анықталған. Этнобұйымдардың көркемдік ерекшеліктерін бағалау, көркемдік өлшем бірліктерін анықтау мазмұны жеткілікті дәрежеде ашып көрсетілген. Еңбектің зерттеу саласы этнобұйымның көркемдік өлшем бірліктерін анықтау идеясы, композиция, колорит, орындау техникасы бағытында айқын белгіленген.
Сонымен қатар, «Бейнелеу өнері шығармаларын қабылдау» атты оқу құралында «Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру» тұжырымдамасында «педагогтарды кәсіби даярлауда ұлттық рухани мәдениетті дамыту» қажеттілігіне мән береді. Сондай қажеттіліктердің бірі – болашақ мамандардың көркемдік мәдениетін қалыптастыруда алдымен бейнелеу өнері шығармаларын қабылдаудың теориялық білімдерін тереңдетуді ұсынған. Ұлттық бейнелеу өнер негізінде болашақ мамандардарға кәсіби білім беру мәселелерін шешудің бүгінгі күнде маңызы артып жатқанын көрсетеді. Бұл оқу құралында бейнелеу өнері тарихы пәнінің базалық мәселелері жан-жақты қарастырылған. Тақырыптық мәселелер бейнелеу шығармаларын зерттеудегі мәлімет көздері мен материалдар және өнердің даму кезеңдеріндегі ерекшеліктерін, бейнелеу өнеріндегі кеңістік пен уақыт ұғымдарын және қазақ бейнелеу өнері шығармаларын талдауда студенттердің дүниетанымдық ой-өрісінің қалыптасуына үлкен әсер етеді және олар рухани-мәдени сананың, эстетикалық көзқарастың, философиялық дүниетанымның негізін құрайды. Тақырыптық мәселелер бейнелеу өнерін зерттеудегі мәлімет көздері мен материалдар және даму кезеңдеріндегі ерекшеліктерін, бейнелеу өнеріндегі кеңістік пен уақыт ұғымдарын және қазақ тұрмысының эстетикасын көрсетеді.
«Батухан Байменнің шығармашылығындағы ұлттық салт-дәстүрлер көріністері» атты мақаласында демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру кезеңінде жоғары құндылық адам, және оның өмірі, құқығы мен бостандығы, оның ішінде жоғары деңгейдегі қолдану шешімін күткен басты міндет жеке тұлғаның адамгершілік және идеялық тәрбиесін жетілдіру жолдарымен байланысты проблемаларды өнер мүмкіндіктері арқылы шешуге негізделген. Өнертанымдық талдау өлшемдері қоғамдағы адамдардың эстетикалық іс-әрекетін рухани прогреске қарай өзгертудің негізгі әдістері бола түсті. Осыған сәйкес ұсынылып отырған мақала графикалық өнер және өнертану арасында байланысты ашу қарастырылған.
Қуандық Ералин «Концептуалдық өнер бағыттары» еңбегінде «Өнер сан ғасырлар бойы адамзат қолымен жасалып, халықтың рухани жан дүниесін арттыруға қызмет етіп келгенін, әрбір тарихи даму кезеңдерде өнердің жаңа технологиялары мен жаңа бағыттары зерттеген» деген пікір келтіреді. Қазіргі өркениет заманында өнердің жаңа бағыттары ашылып, жаңа технологиялар пайда болып, бұрынғы бағыттар мен технологиялар дәстүрге айналып, олардың орнын жаңалары алмастырып жатқанын зерттеген. Жаңа ізденіс басы әлемдік инновацияны жұртшылық қауым біліп отыру қажетігі нкөрсеткен. Алайда, көпшілік өнер саласындағы болып жатқан өзгерістерді біле бермейтіндігі заңды құбылыс. Бірақ қазіргі өнертанымның мақсатының бірі – өнердің жаңашылдықтарын зерттеу, өнер сүйер қауымды жаңа өнер түрімен таныстыру, оны білім беру саласында насихаттау міндеті тұрғанын айтады.
Бұл үшін концепция ұғымы, анықтамалары және түрлері туралы мәліметтермен таныс болу қажеттігі туындайды. Концепция белгілі бір құбылысқа деген бір-бірінен шығып отыратын өзара байланысты көзқарастар жүйесі немесе бір нәрсеге деген негізгі ой деп айтуға болады. Ожеговтің сөздігі бойынша «Концепция – белгілі бір затқа деген негізгі ой, көзқарастар жүйесі». Энциклопедиялық сөздікте концепция (латынның «conceptio» – түсіну, жүйе дегенді білдіреді) іс-әрекеттің түрлі бағыттарын, белгілі бір құбылысты түсіну тәсілі түрінде танылады. Солар туралы ойлардың жиынтығы. Осыларды жұптап келгенде концепция деген – табиғаттағы қоғамдағы, үрдістер мен құбылыстарға деген көзқарастар жүйесі, реформаларды, жобаларды, жоспарларды, бағдарламаларды жүзеге асыру кезіндегі іс-қимылдар стратегиясын айқындайтын ой пікірлерді түсінуге болады.
Концепциялық көзқарас түрлі құбылыстарға, ал өнертануда негізгі категорияларын түсіндіруде қолданылуы мүмкін және бір құбылысқа немесе шығармаға бірнеше бағыттағы концепция қалыптасуы мүмкін. Қазіргі заманғы өнертану теорияларына немесе концепцияларына келетін болсақ, олардың тарихы өте ерте замандардан басталады. Концептуалдық өнер – табиғаттағы қоғамдағы, үрдістер мен құбылыстарға суретшінің көзқарастарын білдіретін өнер шығармаларының жүйесін құрамдайды. Концептуалдық өнер өнертанудың ұғымы. Концептуалдық өнер ойды көрерменге жеткізу өнері. Өнер теориясы өнердің мәнін, заңдылықтарын, қозғаушы күштерін, негізгі құрылымдық элементтерін айқындайтын және түрлі шығармашылық концепциялары мен шығармашылық жүйелерін қарастыратын өнертанудың негізгі бір бөлімі деп тұжырымдайды.
Суретші О.Бабажановтың «Тайқазанды құю» атты кескіндемелік композициясы мақаласында Қазақстан халықтарының өмірінде рухани жаңғыруға байланысты өзгерістер орын алып, ұлттық өнер мен туризмді дамытуға қолдау көрсетілуде. Дегенмен ұлттық өнер мен туризмнің дамуы сыртқы және ішкі туризмнің нақты сұраныстарына сай болу қажеттігі көрінуде. Бұл туризмді дамыту көрсеткіштерінің біріне айналған ұлттық қол өнер бұйымдары мен кәдесыйлардың аздығы, этнодизайнның бұйымдарының көп данамен шығарылмауы мен олардың туризм саласына жетіспеуі, қолөнер шеберлерінің жасаған қолөнер бұйымдарын қолмен жасау қарқынының баяулығымен, заманауи техникалық құралдармен жасалған ұлттық бұйымдарының аздығымен, осы салада өнеркәсіптің жоқтығымен, кәсіпкерлердің көп данамен өнім шығаруға даяр болмауымен көрініс берген.
Сонымен қатар, қазіргі тайқазанның көркемдік ерекшеліктерін қалай анықтаймыз, көркемдік ерекшеліктерді анықтайтын көрсеткіштері не деген сұрақтар барған сайын тереңдеп келеді. Ғалымдар бұл сұраққа жауапты этнодизайннан іздеу керек деп пайымдайды. Егер өнертанымдық этнодизайнерлік сұрақтарға техникалық деңгейде кеңінен жауаптарды ойластырғанымен, соңғы он жылдан бастап тайқазанды ұлттық өнертанымдық құндылық ретінде тану мәселесіне келгенде нақты өнертанымдық сұрақтарға нақты жауаптар іздеуді ұсынады.
«Ежелгі костюм тарихы» атты оқу құралында ежелгі киім әр уақытта да адамның әлеуметтік белгісінің қоғамдағы дәрежесінің куәсі ретінде көрсетілген. Киім адам денесін қоршаған ортаның қолайсыз әсерлерінен сақтау қажеттілігінен пайда болады. Адамзат дамуының алғашқы қоғамында киім ретінде аң терілерін, ағаш, өсімдік жапырақтарын пайдаланған. Бертін келе мал, аң терілері, өсімдік, ағаш, балық, құс өнімдері, жасанды теріден жасалған киімдерді пайдаланған, неолит дәуіріндегі шөп орамынан тоқылған белдемшелер киетін болған. Тоқымашылық кәсібін игергеннен соң адамдар иықтан, мықыннан киілетін жапқыштар қолданған. Одан кейін тігіссіз киім пішіндері дамығанын мәлімдейді.
Болашақ дизайнерлерге өнертанымдық білім беретін құралды жазу барысында ежелгі костюм тарихының ерекшеліктеріне сипаттама берілген. Өркениеттің дамуына баланысты киімнің түрі де, пішіні де өзгерді. Ер адамдарға, қыз-келіншектерге, балаларға арналған киім үлгілері шыға бастады. Күнделікті және мерекелік киімдер, үйлену тойы киімдері, сондай-ақ қаралы күндерге арналған киім үлгілері пайда болды. Еңбектің түріне қарай әртүрлі кәсіп саласына арналған киім де өндіріле бастады. Сән үлгісінің демократияландырылуы киімнің жаңа үлгілері технологиясының дамуына себеп болды, оның функционалдық, рационалды, экономикалық қасиеттері аса бағаланған. Бұл ақпараттар болашақ дизайнерлерге қажетті білім көзі деп тұжырымдайды.
«Көркемдік білім берудегі инновация» атты оқу бағдарламасында жоғары оқу орындарындағы оқытушыға қажетті Көркемдік білім берудегі инновация мазмұны мен формасы, әдіс-тәсілдерімен таныстыруға, педагогика, психологиямен тығыз байланыста отансүйгіш азаматты эстетикалық, этикалық тұрғыдан тәрбиелеуге және бейнелеу өнері мәдениетінің бастауларын ұғындыруға бағытталған. Мемлекеттік жалпы білім беру стандартына енетін типтік бағдарламаның басты мазмұны жоғары кәсіби білімді мамандар даярлауға негізделгендіктен, бұл заңдылық осы бағдарламада оқытылатын арнайы пәндердің басты бөлімдерінде де айқындалады. Мұнда көркемдік білім берудегі инновацияның кейбір мәселелері, курстың көркемдік білімдегі маңызы мен міндеттері, мазмұны, білімдері мен қажетті дағдыларын қалыптастыру, арнайы көркем практикалық білімді, өнертанымдық, көркем практикалық дағдыларды меңгерту жолдары қарастырған.
Студенттер дайындаудың мемлекеттік стандартында жеке тұлғаның рухани даму мәселелерін шешуде болашақ маманның білімін қалыптастыруда өнер заңдылықтарын оқытуға дайын болу қажеттігі көрсетілген. Сондықтан көркемдік білім берудегі инновацияны құрайтын білімдерді магистранттарға жоғарғы оқу орындарында меңгертудің маңыздылығы айқын анықталған.
«Этнодизайн» атты оқу құралында Этнодизайн құралы ғылыми пәндер түрі ретінде қарастыра келіп жоғары оқу орындарындағы «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының магистранттарына арнайы пәндерді оқытудағы практикалық іс-әрекеттермен қатар жаңа технологияларды меңгерумен тығыз байланыста болатынын дәлелдейді.
Магистранттар дайындаудың мемлекеттік стандартына жеке тұлғаның рухани даму мәселелерін шешуде болашақ маманның білімін қалыптастыруда өнер заңдылықтарын оқытуға дайын болу қажеттігі көрсетілген. Сондықтан этнодизайнн құрайтын білімдерді магистранттарға жоғары оқу орындарында меңгертудің маңызды мәселе екендігін көрсетеді.
Тарих адам өміріндегі оқиғалардың жүйесін зерттейтін ғылым десек профессор Қ.Ералиннің ғылыми зерттеу еңбектері осы кезеңдегі еліміздің көркем білім беру тарихындағы жарқын беттері ретінде ерекше орын алады.
Ералин Қуандық Ералыұлы Ұлы дала еліне, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы мектептеріне бейнелеу өнері мұғалімдерін, сәндік өнер және дизайн өнері мамандарын даярлау және қаланың сәулеттік көркемдік безендіру жұмыстарына ұзақ жылдар бойы белсенді қатысып келеді, ғылыми шығармашылық зерттеулерінің нәтижесі келешек жас ұрпақтарға қуатты әлеует сыйлайтыны қақ.
Медеубек ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ «Мәдениет және өнер»
факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы,
доцент, өнер профессоры, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі