Байрақ деген бағзыдан келе жатқан, мәні мен маңызын мәңгілік жоймайтын қасиетті ұғым! Оның жанында егемен еліміздің еңсесі биік, еншісі түгел екенін паш еткен Елтаңба мен «Алаш» ұранды қазақтың жанына жігер, жүрегіне рух құйған Әнұранымыз тағы бар. Ұлттың азаттығын, елдің егемендігін, жердің тұтастығын айғақтайтын, негіздердің негізі, құндылық атаулының бастауы – осы рәміздер!
Сол себепті шырайлы Шымкенттің төрінде орналасқан Ту тұғыры алаңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі мен салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілген салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жалынды жастар қатысты.
Шымкент Сити шағын ауданындағы Қызғалдақ сарайының жанына былтыр ғана орнатылған биіктігі 100 метрлік ту тұғырына алып көк Туымыз өрлей көтерілген сәтте жұрт Әнұранымызды әуелете шырқады. Одан әрі жастар «Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді» деп әндетіп, еліне деген сүйіспеншілігін көрсетті. Көпшілікке елдіктің нышаны болған Елтаңба, Ту мен Әнұранның шығу тарихынан ақпар беріліп, рәміздердің қадір-қасиеті айтылды. Мерекелік жиында жоғары және орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері, қала жастары мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, сап түзеді. Ту ұстаушы жастардың арасында жас спортшылар, өнерлі жастар болды.
Қазақтың азаттық үшін күресі, жер үшін күресі – сан ғасырға ұласқан ерлік дастаны! Сайында сан боздақтың басы қалған сол сұрапыл соғыстарда қасиетті Тудың жығылмауы үшін батыр бабаларымыз жан алысып, жан беріскен. Енді бейбіт күнде көк Туымызды көкке көтеріп, әрдайым биіктен желбірету – бүгінгі ұрпаққа аманат. Мемлекеттік рәміздер күні – сол қаһарман ерлердің аманатын жас өреннің жадында қайта жаңғыртып, Тәуелсіздік кезеңінің бақытты ұрпағына ел мен жердің, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін тағы бір мәрте ұғындыратын мереке.
Замананың әужайына бақсақ, Қазақ жеріне қол сұғуды көксейтін жымысқы ниетті дұшпан қазір де аз емес сияқты. Бірақ, «Таласқа түссе жан мен Ту, Жан емес маған керегі» деп ұрандаған жастарымыз барда, жатқа жер бергенше, кеудедегі жанын суырып бергенді жөн көретін қазақтай қаһарман халық барда сыртқы жаудың ол арам пиғылы іске аспайды.
Ел мен жерді қорғаудың қазіргі адастырмас жолы – мемлекетшілдік. Біз – мемлекетсіз емес, мемлекетшіл халықтың ұрпағымыз. Мыңжылдықтар бедерінде Ұлы Далада ондаған мемлекеттер құрылды. Байырғы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттерінің бәрі де біздің бабаларымыздың тарихта қалдырған іздері. Одан беріде бабаларымыз Сары теңізден Қара теңізге дейінгі ұлан-ғайыр аумақта Ұлы Түрік қағанаты атты алып державаны құрды. Қарахан мемлекетінің тұсында мәдениет пен ғылым-білім құлашын кеңге жайды. Ал, Алтын Орда империясының адамзат тарихында алар орны ерекше. Мұның бәрі де бай мәдениеті мен ізгілігі қайталанбас төл өркениеті бар қазақ халқының және ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығының қалыптасу кезеңдері болатын.
Иә, осылайша Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеп, ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Тарихы сан ғасырлық қазақ ұлты ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлемдік халықтар қауымдастығынан ойып орнын алды. Ата-бабаның асыл арманы жүзеге асты. Тарихтағы түрік-қыпшақ-қазақ мемлекеттерінің шеруін Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жалғады. Еліміздің жаңа тарихы – егемен мемлекеттің жаңа дәуірі басталды.
Ел мен жер деген қасиетті ұғымдарды тұтастырып тұрған, азаттықтың айшықты символына айналған көк Туымыз халқымыз үшін сондай қымбат, сондай ыстық! Осылай болғанда, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні әрбіріміз үшін қымбат та қастерлі мереке.
Мемлекеттік рәміздеріміздің мәні мен маңызын түсіну – әрбір азаматтың қастерлі борышы. Көкке көтерілген туымыздың бейнесі жастар үшін мақтаныштың, еркіндіктің, елімізді сүюдің символы іспеттес.
Шымкенттің қарқынды дамып жатқан шағын ауданында жаңадан ашылған алаңнан көк Ту бүгінде биікте желбіреп тұр. Қазір бұл аумақ жастар, қала тұрғындары серуендейтін орынға айналып келеді. Иә, биікте желбіреген көк Туға қарап, әрбір азаматтың рухы асқақтап, ерекше шабыт алары сөзсіз. Алып көк Тудың астында халқымыз бақытты ғұмыр кешіп келеді… Тәубе!
Тағабай ҚАСЫМОВ