Бүкіл саналы ғұмырын ғылым мен еңбек жолында өткізген адамдар бар. Ондай жандар өз жолын даңғаза даңқтан емес, табанды ізденіс пен қажырлы еңбектен табады. Солардың бірі – экономист-ғалым, профессор, PhD докторы, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі Мұтал Расұлұлы Тұртаев. Оның өмір жолы – тәуелсіз ойдың, білімге деген құштарлықтың және туған елге адал қызмет етудің айғағы.
Мұтал Расұлұлы 1956 жылы Өзбекстанның Ташкент облысы, Жоғары-Шыршық ауданында дүниеге келген. Үлкен, зиялы отбасында өскен баланың тәрбиесіне ата-анасы ерекше көңіл бөлді. Әкесі – заңгер, анасы – педагог еді. Отбасындағы бес баланың бәрі жоғары білім алған: бірі дәрігер, бірі ұстаз, бірі математик, бірі инженер. Мұндай ортада өскен бала ерте жастан білім мен жауапкершіліктің қадірін ұқты.
Мұталдың балалық шағы кітап пен шахматқа, табиғатты тануға деген қызығушылыққа толы болды. Үйде қазақ, өзбек және орыс тілдері қатар қолданылғандықтан, көптілділік пен түрлі мәдениетті құрметтеу оның дүниетанымын кеңейтті. Әкесі мен шешесі балаларын еңбексүйгіштікке, адалдыққа, елге қызмет етуге тәрбиеледі.
«Біздің өмірімізге бағыт берген – ата-анамыздың өмірге деген адалдығы мен білімге деген құрметі еді», – деп еске алады Мұтал аға бүгінде.
Орта мектепті 1973 жылы алтын медальмен аяқтап, Ташкент автомобиль-жолдары институтының инженер-экономист факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында үздік студент атанып, оқуын қызыл дипломмен тәмамдайды. Бұл оның кәсіби өміріндегі алғашқы үлкен жетістік еді.
Еңбек жолын Мұтал Расұлұлы «Узавтотранстехника» ғылыми-зерттеу бірлестігінде бастап, инженер-экономистен басқарма басшысына дейінгі сатылардан өтеді. Мұнда ол басқарудың жаңа экономикалық әдістерін енгізіп, өндірістің тиімділігін арттыруға арналған жүйелі ұсыныстар жасады. Сол кезеңде социалистік жоспарлы экономика жағдайында жаңа ой айту оңай іс емес еді.
Бірақ Тұртаевтың жаңашыл бастамалары нақты нәтиже көрсетті: автокөлік кәсіпорындарында еңбек өнімділігі артты, жүк тасымалдау тиімділігі 68 пайызға дейін жетті. Жұмысшылардың жалақысы еңбек нәтижесіне қарай төленетін жаңа жүйе енгізілді. Бұл тәжірибе кейін Өзбекстанның басқа автомекемелерінде де таралды. Осы еңбектері үшін Мұтал Тұртаев ондаған марапатқа ие болды.
1988 жылы ол халықаралық жүк тасымалдайтын кәсіпорында директордың экономика жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Алайда өмірлік бағытының үлкен бетбұрысы 1993 жылы басталды. Сол жылы ол Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің экономика басқармасына шақырылды.
Медицина саласы – мүлде жаңа бағыт еді. Бірақ Мұтал Тұртаев бұл саладағы экономикалық реформалардың көшбасшыларының біріне айналды. Тәуелсіздік алған жас мемлекетте нарықтық қатынастар енді ғана орнығып келе жатқан шақта, денсаулық сақтау жүйесін жаңаша модельге көшіру – үлкен батылдықты талап етті.
Мұтал аға сол жауапкершілікті абыроймен атқарды: медицина мекемелерін мемлекет қарамағынан шығару, қаржыландырудың жаңа формаларын енгізу, жекешелендіру жүйесін реттеу ісін басқарды. Оның жетекшілігімен 135 қызметкерден 53 адам қалған министрлік құрылымының тиімділігі артты, медициналық қызмет сапасы жақсарды.
Осы жылдары ол шетелдік тәжірибені зерттеу мақсатында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Чехия, Түркия елдерінде біліктілігін арттырды. Бостон университеті мен Вашингтондағы медициналық сақтандыру бойынша курстарда білім алды. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асқан «Денсаулық – 1» және «Денсаулық – 2» жобаларының жетекшісі ретінде Дүниежүзілік және Азия даму банктерімен табысты әріптестік орнатты. Бұл жобалар Өзбекстанның медицина саласын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті.
2005 жылы Мұтал Тұртаев «Медицина қызметінің маркетингі және оны жетілдірудің жолдары» тақырыбында диссертация қорғап, PhD ғылыми дәрежесін иеленді. Оның зерттеулері медициналық қызмет көрсетуді экономикалық тұрғыдан тиімді ұйымдастыруға, денсаулық сақтау мекемелерінің өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға арналды. Осы еңбегі арқылы ол көрші елдердегі қазақ ғалымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып халықаралық деңгейде мойындалды.
2006 жылы Мұтал Расұлұлы тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударды. Бұл шешім оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде экономика кафедрасының доценті, кейін кәсіпкерлік және серіктестік департаментінің директоры болып еңбек етті.
Осы жылдары ол 1000-нан астам жас кәсіпкерді дайындап, олардың бизнес жобаларының іске асуына көмектесті. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сұранысы бойынша Экономикалық зерттеу орталығының директоры қызметін атқарды.
Бүгінде профессор Мұтал Тұртаев – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің профессоры, «Болашақ» инновациялық орталығының негізін қалаушысы. Оның жетекшілігімен университетте инженерлік, гуманитарлық бағыттағы ондаған инновациялық жоба жүзеге асуда. Ғалым Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып, халықаралық меморандумдар жасауға бастамашы болды.
Мұтал Расұлұлының ғылыми мұрасы да аса бай. 300-ден астам мақаланың, 6 монографияның және 12 әдістемелік еңбектің авторы. Оның еңбектері халықаралық және республикалық басылымдарда жарық көріп, экономика мен медицина салаларындағы реформаларға әдістемелік негіз болды. Сонымен қатар, 8 магистранттың ғылыми жетекшісі болған ғалым жас буынды тәрбиелеуде де елеулі еңбек сіңірді.
Ғалымдықпен қатар Мұтал Тұртаев – рухани әлемі бай тұлға. Қазақ тілі мен мәдениетіне деген сағыныш оны шығармашылыққа жетеледі. Оның «Қазақ тіліне сағыныштан туған өлең шумақтары» атты кітабы туған тіл мен ұлттық рухқа арналған. Өлеңдерінде туған жерге сүйіспеншілік, рухани тазалық пен адамгершілік тақырыптары өрнектеледі.
Бүгінде Мұтал Расұлұлы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, 14 немеренің сүйікті атасы болып отыр. Қоғамдық өмірде де белсенді: қарттар арасындағы шахмат, бильярд, үстел теннисі жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Өмірінің әр белесінде Мұтал Тұртаев еңбекті – қасиет, ал ғылымды – парыз деп білді. Ол шәкірттеріне әрдайым: «Ғылым – тек кәсіби таңдау емес, ол өмірлік ұстаным. Ізденіс тоқтаса, өсу де тоқтайды», – деп айтып отырады.
Профессордың ғұмыры – білімге, еңбекке және адамгершілікке адалдықтың көрінісі. Ол өмір бойы елінің дамуына үлес қосып келе жатқан, жас ұрпаққа өнеге болар тұлға.
А.САЙЛАУҰЛЫ
