М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ғылым және жоғары білім саласының дамуына арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, университет ректоры Дархан Ахмед-Заки, министрлік өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Кездесу барысында университет алаңында ұйымдастырылған ғылыми жобалардың көрмесі таныстырылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми жобалар бағдарламасының басшысы Ринат Елшібеков Шымкентке сапарының негізгі мақсаты өңірлік университеттермен, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан университетімен ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты дамыту екенін атап өтті.
«Бүгінде бұл оқу орнында 40-тан астам ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде коммерцияландыруға бағытталған кремний өндірісі мен фарфор өндірісіне қатысты бастамалар да бар. Бұл жобалар болашақта нақты өндіріс орындарының ашылуына жол ашады», – деді ол.
Министрлік тарапынан бүгінде 70-тен астам ғылыми жобаға қолдау көрсетілген. Солардың ішінде Оңтүстік Қазақстан университетінің де бірнеше бастамасы жеңімпаз атанған. Вице-министр Динара Щеглова өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар туралы кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, білім беру жинақтау жүйесі, өңірлік кадрлық қажеттіліктерді айқындау, жасанды интеллект пен цифрлық білім беру бағдарламаларын енгізу сынды бастамалар – адами капиталды дамытудағы маңызды қадамдар.
«Мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, сапалы білім мен бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін еңбек етуіміз керек», деді вице-министр. Сондай-ақ, Динара Щеглова биылғы жаңалықтардың бірі – бірыңғай орта білім беру жинақтау жүйесі екенін мәлімдеді. Бұл бастама аясында ата-аналар мен мемлекет білім беру шығындарын бірге көтеретін болады. Сонымен қатар жеңілдетілген білім беру кредиттері мен арнайы гранттар бөлініп отыр.
Кездесу барысында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры ҰланСүлейменов университеттің соңғы жылдардағы ғылыми жетістіктерін жеткізді. Оның сөзінше, 2023 жылы университетімізде жүзеге асырылған ғылыми жобалардың құны 1 миллиард 422 миллион теңгені құрады. Ал, биыл қол қойылған келісімшарттардың құны 3,6 миллиард теңгеге жетті. «Ғылымды дамыту үшін халықаралық жобалар мен жергілікті серіктестіктерді белсенді түрде дамытып жатырмыз», – деді Ұлан Сүлейменов.
Сонымен қатар, университет жасанды интеллект саласындағы ғылыми бағыттарды да дамыта бастаған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру бағдарламалары жаңа технологияларға бейімделіп жатыр. Ұлан Сейітханұлы атап өткендей, университетте кадрлардың орташа жасы төмендеп, жас ғалымдардың саны артып келеді. Бұл – университеттің жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты көрінісі.
Іс-шара соңында ғылыми-инновациялық сессия өткізу, гранттық конкурстарға қатысу белсенділігін арттыру және жеке сектормен ынтымақтастықты күшейту бағытында нақты міндеттер қойылды. Биыл ғылым саласын қаржыландыру көлемі де едәуір артып отыр. Мәселен 2027 жылға дейін 543 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаражат бағдарламалық-нысаналы, гранттық және коммерцияландыру жобаларына бағытталады. Осындай ауқымды жұмыстар Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі жоғары білім мен ғылымның дамуына тың серпін берері сөзсіз.
Жадыра МҮСІЛІМ