Емхананың дәлізінде ерекше тыныштық. Бұл жерде асыққан науқастар емес, өз кезегін сабырмен күтіп отырған жайбарақат адамдар көзге түседі. Әдеттегі емханалардағыдай қарбалас байқала бермейді, керісінше жайбарақаттық пен тәртіп орнап, медбикенің жайдары дауысы естіліп тұрды. Бұл жұмыстың жүйеленгенін, мекемеде тәртіп сақталатынын көрсетсе керек. Дәрігердің қабылдауына кіру үшін кезегін күткен жұрттың арасынан сабырлы кейіппен тұрғындармен тілдесіп жүрген азаматтың бірден аңғардық. Жақындап барған кезде бұл қалалық №7 емхананың бас дәрігері, қауымдастырылған профессор Нұрлан Жаңабаев екенін білдік. Ол басшымын деп кабинетте отырып бұйрық берумен шектелмей, күн сайын емхананы аралап, пциенттердің жағдайымен танысып отыру дағдыға айналдырған екен.

Бүгін де Нұрлан Жаңабаев жұмысын емхананы аралаудан бастады. Қабылдау бөлмелеріне кіріп, дәрігерлермен пікір алмасты, кезекте отырған тұрғындардың да жағдайын сұрап өтті. Сондықтан да болар, бұл емханада «бас дәрігерге кіру қиын» деген ұғым жоқ. Халық оны жақсы таниды, ал, ол халықтың сенімін ақтауға тырысады. Бізді де бас дәрігер өзі қарсы алып, емхананың тыныс-тіршілігін асықпай таныстырды. Әр бөлімнің жұмысына тоқталып, жетістіктерімен бірге жауапкершілігін де жасырмады. Кезек мәселесінің шешілуі – тік тұрып қызмет атқарып жүрген дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің маңдай тері екенін ерекше атап өтті. Осы бір жауапкершілік пен адамға деген құрмет емхананың жалпы жұмысының да өзегіне айналған. Мұнда медициналық қызмет көрсету – тек диагноз қоюмен шектелмейді, ең алдымен, адамға көңіл бөлуден басталады.
Емхана – Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Еңбекші ауданындағы Оңтүстік 8/1 мекен-жайында орналасқан бұл медициналық мекеме 2011 жылдың наурыз айынан бері қала тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жылдар өткен сайын емхананың тынысы кеңейіп, қызмет сапасы мен халықтың сенімі қатар артып отыр. Бүгінде емханаға 41 859 тұрғын тіркелген. Олар аумақтық 26 учаске арқылы медициналық көмек алады. Аймақтар толықтай дерлік өз дәрігерлерімен қамтылған. Бұл – тұрғындардың өз учаскелік дәрігерін тануына, ал дәрігердің өз аймағындағы әр отбасының жағдайын білуіне мүмкіндік береді. Мекеменің кадрлық әлеуеті де көңіл қуантады.
– Қазір емханада 89 дәрігер еңбек етеді, бұл қажеттіліктің 98 пайызын құрайды. Ал 185 орта буын медицина қызметкері толықтай, яғни 100 пайыз қамтамасыз етілген. Осындай ұйымшыл әрі білікті ұжымның арқасында емханада қабылдау жұмысы жүйелі жүргізіліп, тұрғындар уақытында медициналық көмек ала алады. Емхананың басты мақсаты – қағаз жүзінде ғана қалмай, күнделікті қызметінде айқын көрініс табады. Мұндағы миссия – тұрғындардың қажеттілігі мен сұранысына қолжетімді, сапалы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы халықтың денсаулығын нығайту. Бұл ұстаным әр дәрігердің қабылдауынан, әр медбикенің қарым-қатынасынан сезіліп тұруын талап етемін, – дейді Нұрлан Смадиярұлы.

Бейінді мамандар мен заманауи жабдықтар емхананың мақтанышы
Емханада педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, хирург, уролог, ЛОР, инфекционист, стоматолог, логопед, психолог, социолог, фтизиатр, онколог, маммолог сияқты жоғары санатты мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар емхана толық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. ФГ, маммография, рентген, УДЗ, спирография, холтер, СМАД, УВЧ, видеогастроскоп, дефибриллятор, ЛОР-комбайн, спирометр, электрокардиограф, стоматологиялық жабдық, электроакустикалық аудиометр.
2023 жылы емхананың жұмысын жаңа деңгейге көтерген маңызды бастама жүзеге асты. Мұнда «Үздік тәжірибе орталығы» ашылып, медициналық қызмет көрсету сапасын жетілдіруге бағытталған жаңа тәсілдер енгізіле бастапты. Бұл орталық тәжірибе алмасуға, кәсіби дамуға және тиімді әдістерді күнделікті жұмысқа енгізуге жол ашты.
– Емхана тұрғындарға ыңғайлы болу үшін таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, екі ауысымда жұмыс істейді. Дәрігердің негізгі жұмыс уақыты – 8 сағат. Оның 6 сағаты тікелей науқастарды қабылдауға арналса, қалған 2 сағатында аула аралау, үйге шақыртуларды орындау жүргізіледі. Бұл әсіресе қозғалысы шектеулі, жасы үлкен тұрғындар үшін үлкен қолдау. Медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуы да назардан тыс қалған емес. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында қалааралық және шет мемлекеттерде оқу-жаттығу, білім жетілдіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл – жаңа тәжірибелер мен заманауи әдістердің емхана жұмысына дер кезінде енгізілуіне мүмкіндік беріп отыр, – дейді бас дәрігер.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – бір реттік шара емес, үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмыс. Бұл бағытта емханада республикалық және халықаралық деңгейдегі білікті мамандардың қатысуымен тұрақты түрде дәрістер мен тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында жақында Алматы қаласынан С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Ғарипа Хайбулина арнайы шақыртылып, «Ауруларды басқару бағдарламасы» тақырыбында дәріс пен тәжірибелік семинар өткізді. Бұл оқыту шарасы созылмалы ауруларды тиімді бақылау, пациентпен үздіксіз жұмыс жүргізу және алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. 2025 жылы емхана деңгейінде бірқатар ауқымды мастер-класстар ұйымдастырылды. Соның ішінде, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және Қазақстандық ультрадыбыстық диагностика мамандары қауымдастығының республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәжірибелік нейросонография курсы» тақырыбында мастер-класс өтті. Бұл курс нейросонография мамандарына, балалар неврологтарына және ультрадыбыстық диагностика дәрігерлеріне арналған. Аталған курстың басты мақсаты – нейросонография саласындағы білімді тереңдету, ультрадыбыстық зерттеу қорытындыларын дұрыс түсіну мен интерпретациялау дағдыларын жетілдіру.
– Шеберлік сағаты жүргізуге жоғары санатты дәрігер, УДЗ дәрігері, балалар неврологы, Грозный қаласындағы перинаталдық орталықтың нейросонография маманы Мутиева Аминатты шақырдық. Нейросонография – мерзімінен бұрын және уақытында туған сәбилердің бас миының ультрадыбыстық анатомиясын зерттейтін маңызды диагностикалық әдіс. Бұл іс-шара емханаға қарасты сәбилердің денсаулығын жақсартуға, асқынулардың алдын алуға бағытталған нақты қадам болды. Минск қалалық онкологиялық орталығының ультрадыбыстық зерттеу бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, ультрадыбыстық диагностика дәрігері әрі онколог-хирург Александр Гуминскийдің қатысуымен «Қалқанша безі ауруларын ультрадыбыстық диагностикасы» тақырыбында мастер-класс ұйымдастырылды. Шара барысында қалқанша безі патологияларын ерте анықтау мен дәл диагностикалаудың заманауи әдістері талқыланды. Сондай-ақ, емхана базасында 10 күндік біліктілікті арттыру мастер-классы өткізілді. Бұл курсты жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Сергей Засорин жүргізді. Курсқа қатысқан әрбір маман теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, алған дағдыларын күнделікті жұмысында қолдануға мүмкіндік алды. Қабылдауда болған тұрғындар да көрсетілген қызмет сапасына ризашылықтарын білдірді. «Жұмсақ тіндер мен тері патологиясының ультрадыбыстық диагностикасы» тақырыбында да шеберлік сабағы өз жалғасын тапты. Бұл бағыттағы оқыту дәрігерлердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, сирек кездесетін патологияларды ерте анықтауға жол ашады. Бүгінгі таңда өзін-өзі жетілдіру мен үздіксіз оқыту – әрбір дәрігер үшін басты міндетке айналған, – дейді Нұрлан Смадиярұлы.
Сонымен қатар, тәжірибелі дәрігерлер мен УДЗ мамандарына арналған кезекті кәсіби шарасы ұйымдастырылып, Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген профессор Ирина Солнцева «Сүт безі ауруларының ультрадыбыстық диагностикасы» тақырыбында дәріс және тәжірибелік семинар өткізді. Дәрістер барысында «Сүт безінің ультрадыбыстық анатомиясы», «Сүт безін УДЗ әдістерімен зерттеудің қазіргі стандарттары», «Қатерсіз дисплазиялар», «Фиброэпитальды ісіктердің ультрадыбыстық диагностикасы», «Сүт безі ауруларын кешенді диагностикалау мәселелері» сияқты өзекті тақырыптар қамтылған. Жоғары санатты дәрігер-ревматолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлыбританияның Бирмингем университеті жанындағы Оқу орталығының ғылым және даму бөлімінің ғылыми қызметкері Армен Гаспарянның арнайы дәрістерін де айтпай кете алмаймыз. Емхана дәрігерлері теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды да меңгерген осындай шаралардың мәні зор. Дәрістер барысында ревматология саласындағы заманауи бағыттар, клиникалық тәжірибеде қолданылатын инновациялық тәсілдер, дәлелді медицинаның рөлі, ғылыми зерттеулердің маңыздылығы кеңінен талқыланып, халықаралық клиникалық тәжірибе, жаңа диагностикалық және емдеу алгоритмдері ортаға салынды. Осындай мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған оқу-тәжірибелік іс-шаралар медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, халықаралық тәжірибемен сусындауына мүмкіндік береді. Басшының айтуынша бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Емхананың күнделікті жұмысында ерекше маңызға ие бөлімдердің бірі – күндізгі стационар бөлімшесі. Бұл бөлімше тәулік бойы дәрігерлік бақылауды қажет етпейтін, алайда емдік және диагностикалық көмекті жүйелі түрде алу қажеттілігі туындаған жағдайда қызмет көрсетеді. Яғни, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмектің аясында науқастың жағдайын тұрақтандырып, қажетті ем-шараларды жүргізуге бағытталған құрылымдық бөлім болып саналады. Қазіргі таңда күндізгі стационарда 45 төсек-орын қарастырылған, бұл көптеген тұрғындардың уақытылы ем алуына мүмкіндік беріп отыр. Емханаға кіре берісте орналасқан «Өз-өзіне электрондық қызмет көрсету бұрышы» да тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасаудың бір көрінісі. Мұнда халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында бекітілген маман пациенттерге дәрігермен және емханамен электронды байланыс орнату жолдарын, онлайн жазылу, анықтама алу, медициналық қызметтерге қашықтан қол жеткізу мүмкіндіктерін үйретеді. Бұл – 40 мыңнан астам тұрғынның денсаулығына жауапты емхана үшін уақыт пен ресурсты үнемдеудің тиімді тәсілі. Тұрғындар арасында бала туу көрсеткіші де артып келеді. Осыған байланысты ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарға ерекше көңіл бөлінген. Алдын алу және психоәлеуметтік көмек көрсету бөліміне қарасты «Ана мен бала кабинеті» осы бағыттағы маңызды бөлімдердің бірі саналады. Аталған кабинетте ата-аналарға арналған жаңа туған сәбиді күту бойынша тренингтер тұрақты түрде өткізіледі. Мұнда баланы дұрыс күту, сырқаттанған жағдайда алғашқы көмек көрсету, баланы дұрыс емізу, салмағы аз балаларды тамақтандыру мен күтім жасау жолдары үйретіледі. Сонымен қатар ананың өз денсаулығына қатысты мәселелер бойынша да жан-жақты кеңестер беріледі. Бұл – жас аналар үшін үлкен қолдау, ал сәбилер үшін дені сау өмірдің алғашқы қадамы.

Мейіргер қабылдауы – уақытты үнемдейтін тиімді тетік
Медбикелердің дербес қабылдауы емхананың жұмысын жеңілдетіп, созылмалы аурумен есепте тұрған және тегін дәрі алатын тұрғындар үшін үлкен қолайлыққа айналған.
– Медбикелер дәрігерден тыс жеке қабылдау өткізе алады. Пациенттің қан қысымын өлшеп, шағымын тыңдап, тамақтану мен күн режимін сұраймыз. Жалпы хал-жағдайын бағалап, нені дұрыс жасап жүр, нені дұрыс емес – соны анықтап, дәрісін береміз. Дәрігер тек дәрінің дозасын өзгерту немесе ауыстыру қажет болған жағдайда ғана қатысады. Бұл дәрігердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді емхананың аға мейіргері Майсарохон Байметова.
Бұл жүйеге пациенттердің пікірі де оң. «Қан қысымым көтеріліп кетсе, бірден медбикеге келемін. Кезек күтпеймін, бәрін түсіндіріп береді, дәрімді уақытында аламын», «Созылмалы ауруым бар, медбике күнделікті режимімді бақылап, қателігімді айтып отырады. Өзін бақылауда ұстап жүруге көмектеседі», «Дәрігерге тек қажет кезде барамыз. Ал күнделікті бақылауды медбикелер атқарады» – дейді кезекте отырған кісілер. Айта кетерлігі, емханада ай сайын тегін берілетін дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ал олардың уақтылы берілуі қатаң бақылауда екен.
Емхана жұмысын үйлестіріп, пациенттерге әлеуметтік қолдау көрсететін тағы бір маңызды маман – әлеуметтік қызметкер. Емханада олардың арнайы кабинеті бар. Әлеуметтік қызметкерлер тұрғындарға медициналық және әлеуметтік мәселелер бойынша бағыт-бағдар беріп, осал санаттағы азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда емханада Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістеріне сәйкес, емхана қызметкерлері үй-үйді аралау, түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Нәтижесінде тұрғындардың сақтандырылу деңгейі айтарлықтай артып отыр. Сақтандырылған азаматтарға қолжетімді болатын медициналық тексерулер мен емшаралар толық әрі түсінікті түрде жеткізілуде.
– Мемлекет басшысының «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс» деген тапсырмасына орай, халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл өз кезегінде әкімдіктердің халықты жұмыспен қамтуға қатысты жауапкершілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға ынталандырады деп сенеміз. «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» қамтамасыз ету мақсатында да емхана қызметкерлері тарапынан жүйелі әрі қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – әрбір пациентке сапалы, уақытылы, әрі адамға бағытталған медициналық көмек көрсету. Емханадағы әр бөлім – мейіргер қабылдауынан бастап, күндізгі стационар мен жастар денсаулық орталығына дейін – біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді. Медициналық қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен пациентке деген жанашырлығы – біздің басты күшіміз. Біз аурулардың алдын алуға, халықтың денсаулығын сақтауға және әр тұрғынның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына жағдай жасауға тырысамыз. Емхана есігі әрдайым ашық, әрбір келушіге қамқорлық көрсетіледі, – дейді алдағы жоспарларымен бөліскен білікті басшы.
Міне, №7 қалалық емхана – қолжетімді қызмет, кәсіби мамандар мен пациентке деген шынайы қамқорлықтың үлгісі. Емхана ұжымы тек ауруларды емдеумен шектелмей, тұрғындардың денсаулығын сақтау мен алдын алу ісіне де ерекше көңіл бөледі.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
