Жеңістің 80 жылдығына орай Қаратау ауданына қарасты Мирас шағын ауданында Шымкент қалалық маслихатының депутаты, Bereke Bank Шымкент филиалының директоры Марат Өтегенов ардагерлермен кездесті. Кездесу барысында сөз алған депутат көптің көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-тілектерін зейін қоя тыңдады.
Ауыл ақсақалы Шамиль Елгондиев елді мекендегі өзекті мәселелерді қозғап, балалардың қауіпсіздігі үшін аудандағы алаңшаларға жарық пен бейнебақылау орнатуды сұрады. Сондай-ақ, ойын алаңшасының маңындағы ашық алаңқайға ардагерлердің жиналуына қолайлы жағдай жасап, орындықтар орнатылса деген тілегін жеткізді. Ұсыныс жүзеге асса, ардагерлер тал отырғызып, оның күтіміне жауапты болатынын да атап өтті.
Кездесу барысында Қарабура-2 көшесінің бойындағы бос жер теліміне ойын алаңшасын орнату мәселесі де қозғалды. Бұл жазғы демалысқа шығатын оқушылардың бұқаралық спортпен шұғылданып, демалатын орынға айналатынын айтты.
Депутат М.Өтегенов ақсақалдардың өтінішін мұқият тыңдап, ұсынысқа қатысты аумақтарды суретке түсіріп алды. Алдағы уақытта көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етуге уәде берді.
Жиын соңында М.Өтегенов ауданның құрметті қарияларына қаржылай сый-сыяпат жасап, ауыл ақсақалдары А.Бакиров, Ж.Асылбеков, С.Тұрсынов батасын берді.
Төлеген САПАРҰЛЫ,
«Мирас» ықшамауданынының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы