Редакция таңдауы

Халық су мен газдан тарықпайды

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде  баспасөз конференциясын өткізді. Брифингте аудан әкімі жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдар өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Қаратау ауданы аумағында биыл бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып, алдағы уақытқа да маңызды жобалар жоспарланып отыр. Қаратау ауданының жалпы аумағы 19 500 гектарды құрап, халық саны – 300 мыңға жуық. Аудан бойынша 19 елді мекен, 896 көше бар. 29 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 626 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Биыл аудан көлемінде инфрақұрылымдық әлеуетті арттыру мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл ретте жолдарды жөндеу және жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру ісіне ерекше мән беріліп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жандандыру арқылы халыққа қолайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар қабылдануда.

«Ауданның инфрақұрылымдық жүйелермен қамтылу деңгейі жыл сайын артып келеді»,- деген  Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев бүгінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп, жыл соңына дейін толық 100 пайызға жеткізу көзделгенін айтты.

– Электр энергиясымен қамту деңгейі де 99 пайыз болса, табиғи газбен қамту 98 пайызды құрап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар да биыл толық аяқталып, аудан халқы инфрақұрылымның барлық түрімен толық қамтамасыз етіледі. Ауыз су жүйесін дамыту бағытында соңғы жылдары елеулі істер жүзеге асырылуда. 2024 жылы үш елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сапалы ауыз су жүйесіне қосылды. Атап айтқанда, Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптарында «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал, Алтын орда шағын ауданында «Жаңа» серіктестігі жұмысты толық аяқтады. 2025 жылы тағы екі елді мекен – Таскен және Тұран шағын аудандарының жаңа құрылыс аумақтарында жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары қолға алынуда. Бұдан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы ескі су құбырларын жаңарту және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бұл аумақ тұрғындары «Родник 2004» серіктестігінің су ұңғымалары арқылы ауыз суды кестемен алып келген болатын. 3 мыңнан астам абонент тәулігіне небәрі 6-8 сағат су пайдаланғандықтан, тұрғындардың наразылығы туындаған еді. Биыл мамыр айында келіссөздер нәтижесінде аталған су жүйелері «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне өткізіліп, бүгінде су тәулік бойы беріліп жатыр. Осыған ұқсас жағдай Достық тұрғын алабында да байқалған. Мұнда 100 абонентті қамтамасыз етіп отырған «Теміржолсу-Арыс» серіктестігінің меншігіндегі су жүйелерін коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде,-деді Алмас Емелтайұлы.

Электр энергиясымен қамту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылыпты. 2024 жылы Алтын орда шағын ауданында «Ақ Барыс Строй» серіктестігі және Сайрам тұрғын алабында «Каз Евро Строй» серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізген көрінеді. 2025 жылы Тұран шағын ауданында электр жүйесінің құрылысы толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Сайрам тұрғын алабында тозығы жеткен электр желілері жаңартылған. Бұл жұмыстарды «Каз Евро Строй» серіктестігі атқарып келеді. Бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігі тарапынан 6,8 шақырымдық желі ауыстырылып, 9 жаңа трансформатор орнатылыпты.

Аудан аумағын табиғи газбен қамту ісі де жүйелі түрде іске асуда. Өткен жылы екі елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Алтын орда шағын ауданындағы жұмыстар «Жаңа KZ» серіктестігі тарапынан толық аяқталды, ал, Тассай тұрғын алабындағы құрылыс «Ремстрой» серіктестігімен жалғасуда. Биыл осы Тассай аумағындағы жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталып, тұрғындар табиғи газ жүйесіне қосылмақ. Сонымен қатар, Тұран шағынауданының жаңа құрылыс аумағында газ жүйесі толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды «IT Invest» серіктестігі жүзеге асыруда. Табиғи газ жүйесіне қосылуды қажет ететін елді мекендер қатарына Тассай, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас шағынауданының жаңа құрылыс аумақтары жатады. Осы жұмыстар толығымен аяқталған соң, ауданның барлық аумағы табиғи газ жүйесімен жүз пайыз қамтылатын болады.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Қаратау ауданында 626 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 488-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 138 үй автономды жылыту жүйесін пайдаланады. Орталық жылу жүйесіне қосылған үйлерге қатысты сығымдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты сегіз қызмет көрсетуші ұйым жүзеге асырып отыр. Олар: «ОҚО үйлерді басқару», «Қызмет Сервис», «Көркем», «Адал Хаузинг», «AIS Group» серіктестіктері және жеке кәсіпкерлер Исабаева, Әділ мен Қазына. Қазіргі уақытта көп қабатты 474 тұрғын үйде, яғни 97 пайызында сығымдау жұмыстары толығымен аяқталған. Сонымен қатар, аудан аумағындағы 251 әлеуметтік нысанда – 75 мектеп, 7 колледж, 1 университет, 114 балабақша, 38 денсаулық сақтау ұйымы, 4 спорт мектебі, 8 мәдениет үйі және 4 әлеуметтік мекемеде жылыту маусымына дайындық толық аяқталған. Сайрам тұрғын алабындағы №91 және №111 мектептер қатты отын пайдаланады, бұл нысандарды табиғи газға қосу мақсатында жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Кәріз жүйесімен қамту деңгейі Қаратау ауданында бүгінде 46 пайызды құрайды. 2024 жылы бес елді мекенде орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілді. Олар – «Қайтпас», «Тассай», «Нұртас», «Мирас–1» және «Мирас–2» шағынаудандары, сондай-ақ «Тұран» тұрғын алабы. Бұл жұмыстарды «IT Invest», «Сарыағаш – Аман», «Тараз Строй», «Ынтымақ Бес – Арыс» және «Таир» серіктестіктері орындады. 2025 жылы «Тұран» және «Мирас–1,2» шағынаудандарында құрылыс жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталып, ауданның кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші айтарлықтай артпақ.

Жалпы алғанда, Қаратау ауданында 2025 жылы инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік нысандарды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде атқарылып келеді. Барлық жоспарланған жобалар толық іске асқан жағдайда, ауданның ауыз су, электр, табиғи газ және кәріз жүйелерімен қамтылу көрсеткіштері 100 пайыз деңгейге жетіп, Қаратау ауданы Шымкент қаласының ең дамыған әрі өмір сүруге қолайлы аумақтарының біріне айналмақ.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win