Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Жалын тұрғын алабы тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуінде Көкжиде көшесіне балалар ойын алаңшасын салу жөнінде мәселе көтерілген болатын.
Тұрғындардың өтініші ескеріліп, бүгінде бұл мәселе шешімін тапты. Заңсыз әрі қараусыз қалған құрылыс нысаны сүріліп, оның орнына балаларға арналған ойын және воркаут алаңшасы салынды. Бүгінде алаңша тұрғындардың игілігіне берілді.
Сонымен қатар, қала әкімінің көшпелі кездесуінде Оңтүстік шағын ауданының тұрғындары Қума және Айбатты тұйық көшелерін қосатын аяқжол салуды сұраған болатын. Азаматтардың өтініші ескеріліп, жаяуларға арналған жол салынды.
Ақниет шағын ауданы тұрғыны Б.Сырымбеттің өтініші негізінде Қошқар ата каналының бастау алатын аумағынан өтетін кәріз (қашыртқы) жүйесінің ластанғаны анықталды.
Мәселе бойынша қала әкімінің тапсырмасына сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде ластану фактісі расталып, тиісті шаралар қолға алынды.
Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қалалық экология департаменті және аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары бірлесіп, Қошқар ата қашыртқысы бойындағы тұрғын үйлерге, кәсіпкерлік нысандар мен демалыс аймақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шаралар ластанудың алдын алу және экологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.
Халықпен кері байланыс – әкімдік жұмысының негізгі басымдығы. Әр ұсыныс пен көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі