Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни, ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек» деген болатын.
Сол себепті бүгінде мемлекет ғылымды дамыту мен экономиканы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ететін университеттерді қолдау және ондағы жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қабылдап жатыр. Соның ішінде ел Президентінің 2022 жылы үздік шетелдік университеттердің филиалдарын ашу туралы бастамасының маңызы зор. Осы бастаманың аясында Қазақстанда жоғары білім беру жүйесінің интернационалдануы белсенді түрде дамып келеді.
Биыл елімізде шетелдің 11 жетекші университетінің филиалы мен кампусы ашылады. Олардың арасында Ұлыбританияның Кардифф университеті, Queen’s University Belfast, Венгрияның Деберцен және әйгілі Оксфорд сынды Гонконк, Германия елдерінің жоғары оқу орындары бар. Олар медицина, жасанды интеллект, энергетика салары бойынша мамандар даярлайды.
Шетелдік университеттермен ынтымақтастық Қазақстанды үлкен академиялық хаб ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ресми деректер бойынша, биылдың өзінде 31 500 шетелдік студент Қазақстанға келіп, жоғары білім алып жатыр. Екіншіден, Қазақстанның түрлі өңірлерінде орналасқан университеттер осы серіктестіктің арқасында шетелдік мықты зерттеу университеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, өзін-өзі дамытады. Әрі бұл ғылымды дамытуға да жол ашпақ.
Осы орайда Шымкент қаласында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Түркияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы ресми түрде ашылатыны белгілі болып отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары аясында осындай келісімге қол жеткізілді.
Түркия Республикасының «Жоғары білім туралы» заңының
39-бабына сәйкес Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында Гази университетінің филиалы ашылсын деген ресми шешім қабылданды.
«Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал, 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ», – деді Мемлекет басшысы Түркия сапарында.
Енді Қазақстан мен Түркия арасындағы білім мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – халықаралық білім кеңістігіндегі маңызды серпіліс.
Айта кетейік, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ – 1937 жылы құрылған, еліміздің оңтүстік өңіріндегі педагогикалық кадрларды даярлайтын іргелі оқу орны. Ал, Гази университеті – 1926 жылы негізі қаланған жетекші университеттердің бірі. Ол білім беру, ғылым, медицина және өзге де бағыттар бойынша жоғары деңгейдегі мамандар даярлайды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ