«Елге қызмет ету – мiнезден!» Әдiлдiк, қарапайымдылық үлгiсi, жоғары моральдық жауапкершiлiк, кәсiби бiлiм, адалдық және парасаттылық сынды дағдыларды халықпен өзара қарым-қатынас барысында тиімді қолдана бiлу мемлекеттік қызметшінің негізгі ұстанымы болуы тиіс.
Сіздердің назарларыңызға мемлекеттік қызметшілердің халықпен өзара қарым-қатынас орнатуындағы аса назар аударуы тиіс әдістерді ұсынамыз. Себебі, қанша адам болса, соншалықты бір-бірін қайталамайтын мінез-құлық пен өзгешеліктер бар екені баршамызға мәлім.
Терең тыныс алып, су ішу. Күйзеліс – қазіргі қоғам өмірінің құрамдас бөлігі. Терең тыныс алу миға жүйке жүйесін демалуға және босаңсытуға ынталандыратын сигналдар жібереді. Ал, су ішу адам жүйкесінің тынышталуына және сабырға келуіне көмектеседі. Бұл әрекеттер күйзеліс гормоны кортизолды өндіруді төмендетіп, денсаулығыңызға айтарлықтай пайда әкеледі.
Үнемі дамып отыру. Тиімді мемлекеттік қызметші үздіксіз өзін-өзі дамытуға көңіл бөледі. Кітап, газет-журналдар мен басылымдарды жүйелі түрде оқып жүріңіз. Сөздік қорды дамыту, шын мәнінде, сіздің ойыңызды, ниетіңізді, талдауыңыз бен қорытындыларыңызды толыққанды айта алу үшін маңызды. Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан даму, адамды кез-келген жағдайда дұрыс жол таба білуге бағыттайды.
Құрмет көрсету. Мемлекеттік қызметші әрбір адамға құрмет көрсетіп, келушінің өзіне деген құрметті сезінуіне мүмкіндік беруі маңызды. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға сұхбаттасушыға бұйрық емес, құрмет деңгейінде қарым-қатынас жасайды. Сұхбаттасушыға аты-жөнімен мәміле жасай отырып, көркем сөйлеу барысында оның сөздерін позитивті бағытқа аудара біліңіз және сенім қалыптастыруға тырысыңыз.
Бұл ретте, сұхбаттасушымен бір деңгейде болыңыз. Әсіресе, басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілер азаматтарды қабылдау кезінде басшылық креслодан сұхбат құрмай, келушімен келіссөздер залына өткені немесе бір деңгейде, қатарлас жайғасқаны жөн.
Тыңдай білу. Сұхбаттасушыға түсіністік таныта отырып, оның айтқанын ешнәрсеге алаңдамай мұқият тыңдай біліңіз және өз мәселелерін айтуына мүмкіндік беріңіз. Сонымен қатар, өз мәселесімен жүгінген азаматты толыққанды түсіну үшін, сол азаматтың орнына өзіңізді қойып көру тәсілі сұхбат барысында оң әсерін тигізеді.
Кең болу, адал болу. Кей жағдайларда көмек сұрап, қабылдауға келген азаматтардың мәселелері Сіз қызмет етіп отырған мекеменің құзіретінен тыс болуы мүмкін. Бұл ретте, Ата Заңымызға сәйкес – адам және адамның өмірі еліміздің ең қымбат қазынасы екенін алғышарт ете отырып, келіп отырған азаматтың мәселесі бойынша тиісті органның оны дереу қабылдауын немесе мүдделі органдардың басын қосатын алаңшаны ұйымдастыруға тырысыңыз.
Талдау жасау. Шағымданушының ашуыңызға тиген әрекетін ой елегінен өткізіңіз. Неге, үнемі қарапайым халықтың бір нәрсеге байланысты сауалдары көп болады? Тиімді мемлекеттік қызметші бастамашылдық және жауапкершілік танытуы маңызды. Мемлекеттік органның қызмет көрсету процесін саралау және халыққа тиімді қызмет көрсету үдерісін оңтайландыру бойынша тәжірибелік ұсыныстар жасап отырыңыз.
Қ.ЕРТУОВ,
Қазақстан Республикасы Ауыл
шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік
кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент
қаласы бойынша аумақтық инспекциясының әдеп жөніндегі уәкілі