23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада салтанатты жиын өтті. Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қалалық департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік жиынға қала әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Бұхарбай Парманов, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, мемлекеттік қызметшілер мен сала ардагерлері қатысты.
Кездесу аясында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданып, сынақ мерзімін сәтті аяқтаған жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл рәсім олардың елге адал қызмет етуге деген ниетінің айғағы іспетті маңызды қадам болды.
Мемлекеттік қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен көзге түскен қызметшілер арнайы төсбелгілермен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Департамент басшысы Қанат Қадырбеков мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асып жатқан жаңалықтар көп екенін айтып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат аясында мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар қолға алынып келеді. Қазір «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жаңғырту және конкурстық іріктеу жүйесінің ашықтығын арттыру көзделген. Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында пилоттық жоба аясында жергілікті атқарушы органдарға үміткерлерді тарту процесі толықтай цифрландырылып, e-Qyzmet порталы арқылы жүзеге асырылады. Мұндай қадам конкурстық комиссияның жұмысына адами фактордың әсерін азайтуға, іріктеу әділеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Конкурстық іріктеудің барлық кезеңдерін автоматтандыру – әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етудің басты шарты. Бұл жүйе арқылы біз ең лайықты, кәсіби және адал кадрларды мемлекеттік қызметке тартуды мақсат етіп отырмыз», – деді департамент басшысы.
Ал, Қоғамдық кеңес төрағасы, сала ардагері Бұхарбай Парманов жиынға қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, өзінің 40 жылдық мемлекеттік қызмет жолындағы тәжірибесімен бөлісті.
«Мемлекеттік қызмет – бұл халыққа қалтқысыз қызмет етуді мақсат тұтатын жауапты міндет. Әр қызметкердің еңбегі ел болашағына қосылған үлес. Бүгінде түрлі салада, соның ішінде мәдениет, білім, тілдерді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан бастамалар еліміздің рухани жаңғыруына қызмет етіп отыр. Сондықтан сіздердің бұл саладағы еңбектеріңіз елдің ертеңіне бағытталған үлкен миссия», – деді ол.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметтің тек мансап қуу емес, мемлекеттің дамуына шынайы үлес қосу екенін атап өтті. Қоғамдық кеңес төрағасы барлық мемлекеттік қызметшілерге зор табыс, қажымас қайрат, халық игілігі жолындағы еңбектерінің жана беруін тіледі.
Жиын барысында алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылданып, ант берген Шымкент қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің маманы Асқар Бәйтік те өз пікірін білдірді.
«Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін абыройлы міндет екенін білемін. Бұл салада еңбек ету арқылы мен де еліміздің дамуына үлес қосқым келеді. 2022 жылдың желтоқсанынан бастап мемлекеттік қызметке келдім. Ал 2023 жылдың соңынан бері білім саласында еңбек етіп келемін. Мақсатым сол, өз кәсібімнің шебері болып қалыптасу және халыққа пайдалы істермен айналысу», – дейді жас маман.
Жадыра ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ