Редакция таңдауы

«Халыққа қажеті – сапалы медицина»

Әр жеке адамның денсаулығы қаншалықты мықты болса, түбінде жалпы ұлттың денсаулығын қалыптастырады. Сондықтан, елімізде өмір сапасын жоғарылатуда медициналық қызметтің деңгейін жоғарылатумен қатар отандастарымыздың салауатты өмір салтын ұстануы да аса маңызды.

Бүгінгі кейіпкеріміз, Шымкент қана емес, бүкіл Оңтүстік өңіріне, қала берді елімізге танымал маман Сәбитхан Байтеміров осындай пікірде. «Ауырып, ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегендей, әр саналы азамат өз денсаулығына жауапты болып, ұқыпты қараса, саулығын күтініп, ағзасын шынықтырса, көп дертке бой алдырмас еді.

Ал, медицина бүгінде адымдап емес, қарыштап дамуда. Асқан дәл аспап пен жоғары технологияны ауыздықтаған маман, оған қоса, өзі де білімді-білікті болса, бұрын тек құлақ естіген жаңалықты бүгінде көзіміз де көруде. Соның дәлелі – Шымкенттегі сапалы трансплантология.

Трансплантология – бұл медицина ғылымының ағзаны ауыстырып салу саласы. Аса күрделі сала. Шымкентте бүгінге дейін 235 бүйрек алмастыру операциясы, 32 бауыр алмастыру операциясы жасалған. Сәбитхан Байтеміров – осынау күрделі медициналық отаның бел ортасында жүрген маман.

Сондай күрделі отаның бірі жуырда ғана жасалды. Шымкенттік азамат 23 жастағы ұлына бір бүйрегін берді. Донордың жасы – 56-да. Қалалық №1 клиникалық аурухана базасында жасалып, 4,5 сағатқа созылған операция сәтті аяқталған. Бірер күннен кейін екі науқас та жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жас жігіт бұған дейін созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрып, гемодиализ процесіне тәуелді болған.

«Ағза мүшелерінің трансплантологиясы қызметі Шымкент қалалық №1 ауруханада 2013 жылдан бастап тәжірибеге енгізілген. Ол белгілі профессор, марқұм Мәди Бегалиевтің бастамасымен қолға алынған. Осы уақытқа дейін жасалған трансплантологиялық оталардың жалпы нәтижесі жаман емес. Дегенмен, соған қарамастан жылдан жылға бұл қызметтің сапасын арттыруға тырысып келеміз. Себебі, трансплантология – медицинадағы аса күрделі саланың бірі. Бұл қанша мықты болса да бір ғана дәрігердің іс-әрекетімен шектелмейді, бұл – командалық жұмыс. Хирург, анестезиолог, лабораторияның, инструменталды зерттеу, диагностикалық бөлімшелердің дәрігерлері, басқа да клиникалық саланың дәрігері бірігіп, үлкен командамен атқаратын жұмыс. Жетістіктеріміз жаман болмағанымен, алдағы уақытта алар асу, атқарылар жұмыс жетерлік», – дейді Сәбитхан Тұрғанұлы.

Білікті дәрігер бүкіл қызметтік жолында туған өңірінде Гиппократ антына адалдық танытып келеді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, 1 Мамыр ауылында, көп балалы отбасында дүниеге келген болашақ дәрігер 1990 жылы орта мектепті аяқтаған соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдап шығады. 1996-1998 жылдары дипломнан кейінгі оқуды, хирургия саласы бойынша резидентураны аяқтайды.

Сол 1998 жылдан 2021 жылға дейін, табаны күректей 23 жыл бойы Шымкент қалалық №1 ауруханада хирург болған. Арада екі жыл облыстық клиникалық ауруханада жұмыс істеп келіп, қазіргі таңда қайтадан бұрынғы жұмыс орнында – Шымкент қалалық №1 ауруханада гепатопанкреабилиарлы хирургия және ағза мүшелерінің трансплантологиясы бөлімін басқарады.

Бұл бөлімде бауыр, өт жолдары мен ұйқы безінің хирургиясы, бүйрек алмастыру сияқты аса күрделі әрі асқан дәлдікті қажет ететін оталар жүзеге асырылады. Адам ағзасының тіршілігінде маңызды рөл атқаратын бұл ағазаларды емдеу терең білім мен біліктілікті, шеберлік пен заманауи технологияны талап етеді. Бөлім меңгерушісі бастаған 5 хирург күн сайын күрделі отаның бірнешеуін жасап, ауыр дертке ұшыраған жандарға үміт отын сыйлап жатады.

«Біздің жұмысымыз адамның денсаулығын, өмірін сақтап қалумен байланысты болғнадықтан, отаны, хирургиялық емдеуді маңызды немесе қарапайым жағдай деп бөлмейміз. Барлық жағдайға бірдей қарап, баса мән беруге тырысамыз. 30 жылға жуық тәжірибемде байқағанымдай, Қазақстан медицинасы, оның ішінде Шымкенттің медицинасы жақсы жетістіктерге жетті, даму үрдісі байқалады. Дегенмен, біз әлі де болса әлемдік стандартқа толық сай болуға ұмтылуымыз керек. Тек дәрігерлер ғана емес, барлық маман иесі үнемі дамуы керек деп санаймын. Сондықтан, дәрігерлер диплом алғандағы біліммен шектеліп қалмай, өмір бойы білімін арттыруымен айналысады. Себебі, кеше ғана табылған жаңалық күні ертең ескіріп, тәжірибеден шығып қалуы мүмкін. Әр аурудың уақыт ағымына байланысты клинкалық сипаты өзгеріп отыралды, сондытан, оны емдеудің жолы да жетіліп тұруы керек. Бұл тұрғыда Қазақстан медицинасына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде. Себебі, халыққа ең қажеті – сапалы медицина, ол әр тұрғынға қолжетімді болуы керек. Біз осындай дәрежеге жетеміз деп сенемін», – дейді Сәбитхан Байтеміров.

Тәжірибелі маман осы тұрғыда әр адам тек медицинаға сеніп отырмай, өз денсаулығын өзі үшін нығайтуы аса маңызды дейді.

«Әр адамның денсаулығы түбінде ұлттың денсаулығын қалыптастырады. Сондықтан, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жоғарылатуда, денсаулық сақтау мәселесінде салауатты өмір салтын сақтау аса маңызды. Себебі, денсаулық – әр адамның жеке байлығы. Денсаулықты сақтау жолында халықтың білімі жоғары болуы керек. Ауырып, мықты дәрігер іздегенше, денсаулықты нығайту маңызды. Оның ішінде біз маманданған асқазан-өт жолдарын сақтау ең бірініш кезекте дұрыс тамақтануына байланысты. Біздің қызмет жолында байқағанымыздай, әрбір адамның ағзасы екіншісіне ұқсамайды, өз алдына бөлек. Сондықтан, денсаулықты нығайту, дұрыс тамақтану туралы ұғым адамға жеке тәжірибе арқылы келеді. Дұрыс тамақтану жолында мол білім жинақтауы керек. Өйткені қазіргі кезде тамақтың сапасы төмен деуге негіз бар. Бізге науқастардың көбісі асқазан-өт жолындағы ақаумен келеді. Ал, сол өт тасының пайда болуына тамақтың құрамындағы зиянды заттар, химиялық қосындылар, тамақ бұзылмауы үшін қосылатын консерванттар, эмульгаторлар, бояғыштар зиянын тигізеді. Сондықтан, мүмкіндігінше экологиляқ таза азық-түлік тұтынған жөн. Дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстану мемлекет тарапынан да қолға алынуы керек. Нақтырақ айтқанда, өндірушілер тамақтың сапасына көп мән бере бермейді. Осыған мемлекет тарапынан қатаң бақылау болса, тіпті жақсы болар еді. Себебі, біраз алде тыйым салынған энергетикалық сусындар елімізде еркін сатылуда. Бұл – бір ғана мысал. Ал бүкіл тағамды зерттеп, анықтасақ, көп жайт анықталар еді», – дейді дәрігер.

Қалай болғанда да Сәбитхан Байтеміров бастаған хирургтар науқастарға қолымен ғана емес, сөзімен де көмегін аянбайды. Себебі, ақ халатты қауымға үмітін арқалап келген жанға бір ауыз  лебіз бен шын көңілдің өзі дертке дауа болатыны жасырын емес.

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Соңғы жаңалықтар