Мектебі мықты мемлекеттің өзі де мықты Избранное

Четверг, 09 Март 2023 04:47 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3357 раз

Өткен жұмада Шымкент қаласына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен келіп, білім саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге «Шымкент қаласының 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасын» бекіткен министр отандық білім беру жүйесінің алдағы уақытта қалай дамитыны жайлы әңгімеледі.
Осынау келелі кеңестен түйген ойларымызды оқырмандармен бөліссек дейміз...

316

 

Енді мектептегі тәрбие ұлттық құндылықтарға негізделеді

Шәкәрім Құдайбердіұлы адам баласын хайуаннан ажырататын үш қасиет бар дейді. Олар: ар-ождан, ұят және намыс. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының да, адамзат баласына ортақ құндылықтардың да ең басында осы үшеуі тұрады.
Иә, еліміздің Конституциясында ар-ождан және наным-сенім бостандығына кепілдік берілген. Яғни, құқықтық-демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан адам арлы бола ма, әлде арсыз болғысы келе ме, нені ұят санап, нені ұят емес деп есептейді, бәрін өзі біледі, өзі шешеді. Мемлекеттің де, өзге адамдардың да жеке тұлғаның ішкі жан-дүниесіне, жеке өмірі мен рухани-мәдени кеңістігіне қол сұғуға құқығы жоқ. Бір ғана талап бар: заңды бұзып, құқықбұзушылық пен қылмыс жасамаса болды. Бұл – кәмелет жасына толған, өзінің өмірлік жолын өзі белгілейтін ересектерге қатысты әңгіме. Ал, жас ұрпақ ше?
Мемлекет мектеп арқылы жас ұрпаққа тек білім ғана емес, көркем тәрбие берумен де айналысады. Тәрбиелегенде, Шәкәрім қажы айтқан үш қасиет, үш құндылықты жас ұрпақтың бойына мықтап сіңіруге бар күшін салады. Себебі, ар-ожданы биік, ұяты күшті, намысы ояу азаматтардан тұратын қоғам құра білсек бүгінгі күннің көп мәселесі өздігінен шешімін тауып, Қазақ елінің айдарынан жел есері хақ. Сондықтан...

318


Ендігі жерде мектепте білімнен бұрын тәрбие жұмысына ерекше назар аударылады. Әрі тәрбие еуроцентристік көзқарастар мен либералды ұстанымдарға емес, қазақ халқының ұлттық болмысы мен төл құндылықтарына сәйкес беріледі. Бұл туралы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, білім беру жүйесін дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізген Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. «Балаларға ұлттық негіздегі тәрбие беруге мықтап көңіл бөлмесек, тек академиялық білім беріп жүре берсек, жастардан айырылып бара жатырмыз» деп мойындады министр.

«Менің миссиям – Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік брендке айналдыру»

«Сапалы білім – басты ұлттық идеямыз». Тағайындалғанына көп болмаған оқу-ағарту министрінің де ойы осымен үйлесіп жатыр. Ол «менің миссиям – Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік брендке айналдыру» дейді. Министріміздің мұндай батыл мәлімдеме жасауына негіз де жоқ емес. Сол негіздердің бірі – Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы.
Білім беру жүйесі әлемдік бренд болуы үшін әуелі мектептің әулеті мен дәулеті, материалдық-техникалық базасы соған лайық болуы шарт. Әйтпесе, үш ауысымды мектепте оқушылары сыныпқа сыймай, дәлізде дәріс оқып жүрген жағдайда қайдағы бренд туралы сөз қозғамақпыз?! Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қазақстандық білім жүйесінің қашанғы проблемалары – үш ауысымда оқыту, апатты мектеп ғимараттары, мектептердегі орын тапшылығы, мектеп ғимараттарының тозуы, материалдық-техникалық базаның уақыт талабына сай болмауы және ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтық деген сынды мәселелерді шешуді көздейді.
Осынау ауқымды жобаны жүзеге асыруға мемлекет 2023-2025 жылдары қосымша 2 триллион 600 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Бұл қаржыға республика бойынша 842 мың оқушыны қабылдай алатын 401 мектеп салынады. Бұл мектептер біз көріп жүрген жәй мектеп емес, атына заты сай жайлы мектеп болады.
Қалай дейсіз бе? Айтайық. Ең әуелі бұл мектептердің әрқайсысы 2 блоктан тұрады. Біріншісі бастауыш сыныптарға арналған блок болса, екіншісі негізгі және жоғары сыныптың оқушыларына арналады. Осы блоктардың әрқайсысында жеке-жеке асхана, спорт залы, гимнастика және хореография залдары, кітапхана және оқушылар мен мұғалімдердің жұмыс істеуіне, сабаққа дайындалуына арналған коворкинг кеңістіктер болуы шарт. Оған қоса әр сынып бөлмесі интерактивті тақта және оқушылардың әрқайсысына арналған компьютерлермен жабдықталады. Сондай-ақ, мектептердің барлығында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар болады.
«Жайлы мектептерде» оқушы өзін толықтай жайлы ортада әрі қауіпсіз сезінуі шарт. Сол үшін бұл мектептердің әр қабатында оқушылардың тынығуына арналған алаңдар болады. Сыныптарға трансформер парталар орнатылады. Дәліздер мен фойелерде «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр оқушының өз шкафы тағы бар. Оған бала киімін, сөмкесі мен оқулықтарын салып, құлыптап қояды. Сөйтіп оқушы ертелі-кеш ауыр сөмке көтеріп жүруден құтылады.

317


Бұған қоса ұлттық жоба аясында салынған барлық мектептерде мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған инклюзивті кабинеттер, бөлек әжетханалар мен жуыну бөлмелері және дәліздерде арнайы жолақтар болады. Мұның бәрін аз десеңіз барлық мектептер қауіпсіздік турникеттерімен, бейнебақылау жүйелерімен, өрт қауіпсіздігі және дыбыстық хабарландыру жүйелерімен, сондай-ақ, желдету-салқындату жүйелерімен де жабдықталады. Оған қоса еліміздегі барлық мектептер арнайы мамандандырылған күзет мекемелерімен келісімшарт жасап жатқаны белгілі. Сөйтіп, мемлекет оқушының басынан бір тал шашы да түспейтіндей жағдай жасап жатыр.
Біздің айтып отырғанымыздың бәрі ертегі немесе алыс болашаққа құрылған жоспар емес, алдағы 2-3 жылда атқарылатын нақты жұмыс. Алысқа бармай-ақ өзіміздің Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 25 мектеп ашылады. Оның 12-сінің құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталса, қалған 13 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, олар 2025 жылы оқушыларға есігін айқара ашады. 25 мектептің қайсысы қай шағынаудан мен тұрғын алапқа салынатыны да белгіленіп, жер телімдері анықталып қойған («Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің тізбесін арнайы кестеден көре аласыздар – ред.).
Бүгінде елімізде 3 миллион 700 мың оқушы бар. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Республика бойынша мектептердің саны 7500-ден асты. Содан қоғамда «401 мектеп қана жайлы болады да қалғаны оқушыларға жайсыз бола ма» деген пікір де кездесіп қалады. Бірақ, оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұл мәселе де ескерусіз қалмаған. Министрліктің жоспарына сәйкес, 2029 жылға елімізде кем дегенде 5 мың мектеп реновациядан өтеді. Яғни, бұл мектептердің барлығы қайта жабдықтаудан өтіп, олардың да материалдық-техникалық базасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған білім ұяларының деңгейіне көтеріледі екен.

Мектеп директорларының республикалық кадрлық резерві жасақталады

Білім беру жүйесіндегі шешуші буын – мектеп директоры. Мемлекет, министрлік, әкімдік білім беру жүйесіне қаншама реформа жүргізсе де егер өзгерістерді мектеп директорлары шын ниетімен қабылдап, оны іске асыруға ынта-ықыласымен кіріспесе, бәрі бекер. Ондай жағдайда реформалар мен өзгерістер мектептің табалдырығынан аттай алмай, маңдайы тасқа соғылып, арты сиырқұйымшақтанып кете береді. Сондықтан білімнің сапасын арттыру үшін алдымен мектеп директорларының біліктілігі мен іскерлік қабілетін арттыру керек.
–Түнгі сағат 12-ге дейін жұмыстан қолым босамайды. Сол 12-ден түнгі 2-3-ке дейін әлеуметтік желілерді қарап, мұғалімдердің қандай проблемаларды қозғап, не айтып, қандай қиындыққа тап болғанын шолып шығамын. Сонда ұстаздар мен ата-аналар көтерген мәселелердің 90-95 пайызы мектеп директорының деңгейінде шешілетін мәселелер екенін анықтадым. Яғни, Қазақстандағы мектеп директорларының 90-95 пайызы қызметіне лайық емес немесе жұмысына жауапкершілікпен қарамайды деген сөз, – дейді Ғани Бектайұлы.
Оның айтуынша, не мектеп директорлары өздері өзгеруі керек, не оларды мемлекет өзгертеді. Жалпы, алдағы 5 жылда елдегі 7 500 мектеп директорының кемінде 5 мыңын ауыстыру көзделіп отыр. Әрине, директордың біреуін алып, екіншісін тағайындағаннан ештеңе өзгермейді. Сондықтан министрлік мәселеге кешенді түрде қарап отыр.
–Қазақта «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген мәтел бар. Мектеп директорларын тағайындауда сыбайлас жемқорлық көп екенін ешкімнен жасыра алмайсыз. Директорларды конкурстық негізде тағайындау бастаманың да нәтижесі төмен болды. Сондықтан оқу-ағарту министрлігі мектеп директорларының республикалық кадрлық резервін жасақтауды қолға алып жатырмыз. Министрлік елдің ішінен білімді, басқару қабілетіне ие азаматтарды іріктеп алып, 1 жыл бойына оқытып, арнайы дайындықтан өткізеді. Содан кейін оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп, өзін жақсы қырынан көрсете білген үміткерлер міндетті түрде Финляндия, Жапония мен Оңтүстік Корея секілді білім жүйесі дамыған елдерге тағылымдамадан өтуге жолданады. Ол жерде болашақ мектеп директорлары мектепті қалай басқарудың қыр-сырын үйреніп, білімі мен біліктілігін шыңдайды. Сөйтіп, елге келген соң министрлік осы кадрлық резервтегі мамандарды ешқандай конкурссыз тікелей мектеп директоры етіп тағайындайды, – дейді министр.
Міне, осылайша мемлекет отандық білім беру жүйесінің әлемдік стандарттарға сай болуы үшін барлық қажетті шараларды атқарып жатыр. Ендігі жұмыс ұстаздар қауымы мен ата-аналардың мойнында. Біз балаларымыздың алаңсыз оқуына барынша жағдай жасап, оларды сапалы білім алуға құлшындырып отыруымыз қажет.

P.S.

Мектебі мықты мемлекеттің өзі де мықты болады. Бұл – талай елдің тәжірибесінде дәлелденіп, аксиомаға айналған қағида. Демек, өркениетті ел, сапалы һәм бақытты ұлт болуды көксесек, мектептің мықты болуына мүдделі болуымыз керек.