БІЛІМІМЕН ТОП ЖАРҒАН Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:38 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1543 раз

«Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қағиданы ұстанған «Дарын» орталығының жаңалығы көп. Түрлі қалалық, республикалық олимпиадалар ұйымдастырып жүрген орталық үшінші мегаполис жеткіншектерінің де зейіні мен қабілетінің, білімінің ашылуына зор үлесін қосып жүр. Әсіресе биылғы көктем олжалы болды. Шымкенттік 200 жас өрен республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанып, мерейімізді көтеріп тастады. Дарынды өрендерді Шымкент қаласының Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектебінің шаңырағында марапаттады.

Biliii

 

«Дарын» орталығы ұйымдастырған шарада 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың үшінші қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Білім қуған жас ұрпаққа ынта-жігер сыйлаған шара жоғары деңгейде өтті.
Теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін шыңдау үшін өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың мақсаты да оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру. Осы арқылы шәкірттер арасында халықаралық байқауларға қатысатын үміткерлер іріктелді. Игі істің басы-қасында жүрген «Дарын» орталығы талай талантқа жол ашып, білімділердің белін бекем буды.
Қаладағы 129 жалпы білім беру ұйымынан 859 оқушы қатысып, соның ішінде ең жоғары нәтиже көрсеткен 74 оқушы республикалық төртінші кезеңге өтті. Оза шапқан 74 оқушыға бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шымкент қаласы «Дарын» орталығының дипломдарымен марапатталды.
Шымкент қаласы «Дарын» орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Үздік оқытушы» атағының иегері Раушан Джеренова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, диплом мен бағалы сыйлықтарды және үздік мектеп командаларына диплом табыс етті.
– Олимпиада – баланың білімі мен зердесін сынау ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі дамыту, тәжірибе алмасу және жаңа таныстар табу мүмкіндігі. Сіздер білімге деген адалдықтарыңызды дәлелдеп қана қоймай, жақсы нәтижеге ұмтыла алатыныңыздарды көрсете білдіңіздер. Сіздерді марапаттарыңызбен құттықтаймын және алдағы уақытта жарқын жеңістер тілеймін! – деді Раушан Омарханқызы.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында топ жарған мектептер арасында 1-орынды – Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, 2-орынды – Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясы, 3-орынды Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы иеленді.
2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалар конкурсында 1-орынды – №89 IT мектеп-лицейі, 2 орынды – Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы, 3-орынды Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы алған.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадада "Білім-инновация" ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты", Титов атындағы № 20 мектеп-гимназиясы, Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі, Абай Құнанбаев атындағы мектебі үздік нәтиже көрсеткен.
Білімдері мен бақтарын сынаған оқушылардың да мерейі үстем.
–Мен орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадаға қатысып, бірінші орынға ие болдым. Осындай жетістікке жетуіме менің ұстаздарым үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, «Дарын» орталығындағы мамандарға да айтар алғысым шексіз. Олар бізді түрлі жарыстарға қатыстырып, жігерімізді шыңдайды, – дейді №20 мектеп-гимнгазиясының оқушысы, алтын медаль иегері Дари Фирсов.
Ал, Дастан Қалу – ер балаларға арналған "Білім-инновация" лицейінің 11-сынып оқушысы. Дарынды өрен Өскемен қаласында өткен республикалық пән олимпиадасында алтын медальға ие болды. Байқаудың алғашқы кезеңінде ғылыми жобасын нәтижелі қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізген. Намысты қолдан бермеген дарынды оқушы балашақта журналист болуды армандайды.
Оқушылардың бағындырған белестері бір төбе. Мұның бәрі білікті ұстаздың арқасы екені белгілі. «Білімді жас – жарқын болашақтың кепілі» демекші, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын бүгінгі жас ұрпақ алдағы уақытта да білімімен елімізді танытып жүретініне сеніміміз мол.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.