Кәсіптік білімді меңгергеннің көп кілті бар

Среда, 01 Март 2017 07:39 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7980 раз

Бүгінде мектепті бітірген соң ЖОО-на түсе алмай қалса, сары уайымға салынып, күйзелістің кемесіне мінетіндер баршылық. «Оқу қиын, жұмыс жоқ» деп Үкіметке иек артып қойып, өзі ешқандай қадам жасамайды. Немесе оқуға өзінің жүрек қалауынсыз, ата-анасының айтуымен түседі де, оны бітірген соң мамандық бойынша істегісі келмейді. Сөйтеді де, жұмыссыздардың санын арттырады. Бірақ, кез келген жағдайда шығатын жол бар. Елімізде осы проблемаларды шешу үшін жан-жақты жұмыстар атқарылып келеді.

DSC 8104

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастағанын білеміз. Президент биылғы Жолдауында да мұқтаж мамандықтардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, Мемлекет басшысы айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Шымкент қаласында жалпы саны 36 колледж бар болса, солардың барлығында дерлік жастарды кәсіптік-техникалық білімге баулуда. Соның бірі – №4 колледж. Бұл колледжде 5 мамандық, 8 біліктілік бойынша техникалық мамандар дайындайды. Атап айтар болсақ, электрондық есептеу машиналарының операторы, референт-хатшы, телефон байланысы электромонтері, пошта байланыс операторы, байланыс құрастырушысы-кабельші, пошта жабдықтарының электромеханигі, электр құрал-жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик, электр байланысы және желімен хабарлау желілік құрылыстарының электромонтерлері мамандықтары игеріледі.

DSC 8215

ПОШТАШЫДАН МОНТЕРГЕ ДЕЙІН...

Мәселен, бүгінгі таңда «Пошта байланыс операторы» мамандығының 1-курсында 25 студент білім алып жатыр. Газет-журнал толы қара сөмкені иығына асып алып, көше-көшені аралап, табаны тозатын пошташы мамандығы қызығынан шыжығы көп, қиын жұмыстардың бірінен саналып келді. Ал бүгінгідей ақпараттандыру мен жаһандану заманында пошташының жұмысы анағұрлым жеңілдеп, беделі де соғұрлым артқанын айтуымыз керек. Өйткені, бүгінгі пошташы заманауи техника мен технологияны жетік меңгерген. Оған смартфон, велосипед, үстіне арнайы форма беріледі. Қазір бұрынғыдай пошта байланыс бөліміне барып, улап-шулап ұзын-сонар кезекте тұру деген атымен жоқ. Барлық мекемелердегідей поштада да электронды кезек алып, сәлемдемеңізді жолдай аласыз. Осындай пошташы мамандарын даярлайтын педагог, 166-топ жетекшісі Сәлима Ахметова бұл мамандыққа түсушілер санының жыл санап артып келетінін айтады. 

DSC 8192

– «Пошта байланыс операторы» жаңа заманауи дамыған технологиямен жұмыс істейді. Мұнда жай ғана хатты қалай қабылдап, өңдеп, алушысына жеткенге дейінгі барлық процесті үйретеміз, – дейді Сәлима Лайыққызы. 

Бүгінде хат жазу үрдісінің кенжелеп қалғаны рас. Алайда, хат тасу, сәлемдеме жіберу заман талабына сай тұтас бір трансформациялық кезеңді бастан өткерді. Шымкент қаласының өзінде 32 пошта байланыс бөлімі жұмыс істейді. Оның үшеуінде 3 постамат құрылғысы орнатылған. Бұл заманауи құрылғының арқасында сәлемдемеңізді бірер минуттың ішінде ғана жібере аласыз. Сол сәтте алушыға сәлемдеме жайлы смс-хабарлама барады да, постаматтан қаланың индексін жазу арқылы тікелей алуына болады. Ешқандай оператордың араласуынсыз-ақ іске асыра бересіз. Пошта байланысының дамығанының тағы бір көрінісі – «Сәлемдемелер супермаркеті». Кезекте тұрмайсыз, өзіңізге ыңғайлы уақытты пайдаланасыз. Сіздің атыңызға пошта қорабына сәлемдеме келіп түссе, интернет арқылы тапсырыс беріп алуға мүмкіндік бар. POST.KZ (www.post.kz) порталында ашылған электронды абоненттік пошта жәшігі арқылы жылдам жеткізесіз. 10 күнде баратын нәрсені бірер минуттарда-ақ жіберуге болады. Коммуналдық төлемдерді, үй төлемдерін пошташының смартфоны арқылы төлей аласыз. Яғни, бір сөзбен, үйде отырып-ақ поштаның қызметін пайдаланса болады. «Сәлем-теңге» деген қызмет арқылы пошта операторына барып, ақша жіберейін деп жатқан адамның аты-жөнін, мекен-жайын, пошта индексін ғана айтасыз. Алушы сол сәтте ақшасын алып кете алады. Бұрынғыдай 3-4 күн күтудің қажеті жоқ. «Сәлем-мобайл» қызметі арқылы теміржол, әуе байланыс билеттеріне, дәрі-дәрмекке, басқа да тұрмысқа қажетті заттарға «Қазпочта»-ның сайтына кіріп, тапсырыс беруге болады. Бүгінгі пошташы мамандығының жаңа қырының көптігіне, алуандығына, заманауилығына сүйсінбеске болмайды.

DSC 8258

ЖАСТАРҒА – ЖАЙЛЫ ЖАТАҚХАНА, ДАЙЫН ЖҰМЫС

№4 колледжде осындай заманауи пошташыларды оқытуда. Студенттер 3 жыл көлемінде пошта тасымалынан бөлек қаржы қызметі, бухгалтерлік есеп, іскерлік қарым-қатынасқа қатысты пәндерді меңгереді. Әмбебап қызмет түрі болғандықтан, сұранысқа ие. Бұл мамандықты алып шыққандар Халыққа қызмет көрсету орталығында да жұмыс істей алады. Елімізде Алматы мен Шымкентте ғана осы мамандықты оқытады, одан кейін бұл мамандық көрші Өзбекстанда бар. Басқа қалаларда болмағандықтан, «пошта байланыс операторы» мамандығын алуға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылынан 9-шы сыныпты бітіріп келген Ақнұр Жүсіп 1-курс студенті. Өзінің мамандығын мақтан тұтатын ол «болашақта халыққа қызмет көрсеткім келеді» дейді. 3 жыл көлемінде 18 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Ақнұр сияқты қыздардың ішінде колледждің тегін жатақханасында тұратындары да бар. Жалпы, колледж бойынша 150 студент жатақханаға орналасқанын әлеуметтік төмен отбасыдан шыққандар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін тілге тиек ете кету керек. Міне, оқимын деген адамға тегін әрі өмірлік пайдалы оқу. Бұл – Мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық. 

Бұдан бөлек №4 колледжде «Телефон байланыс монтері» мамандығын да оқытады. Сымтетік желісінің әліппесінен оны қалай жөндеуге дейінгінің барлығын үйрететін мамандық. Мұны бітіріп шыққан студенттер байланыс саласында жұмыс істейді. Қала бойынша «Қазақтелеком», «Шымкент Транстелеком» АҚ, «Бителеком», «ЛТС Сервис» ЖШС, «Телеком-3» мекемелерінің өндірісінде аталған колледж түлектері еңбек етуде. 

DSC 8218

Ал электр құрал-жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик мамандығын алып шыққандардың «Оңтүстік Транзит», «Энергопоток», «Энергосервис» мекемелеріне жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Тегін оқу, шәкіртақы, жайлы жатақхана жағдайынан бөлек бітіргеннен кейін студенттер «Жұмысты қайдан табамын?» деп сандалмайды. Жұмыс – дайын. Міне, игілік деп осыны айт.

 

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ, ОЛ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Колледжде 54 жеткіншек 3 топта инклюзивті білім алуда. Инклюзивті білім беру дегеніміз – балалардың жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу.

Инклюзивті білім беру мәселесі шетелдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Аталған бағдарлама бойынша №4 колледжде де «Электрондық есептеу машиналарының операторы» мамандығы бойынша оқытады. Инклюзивті топтың 2-курс студенті Бейсен Қалдарбеков компьютерге қатты қызығатынын жеткізді. Бейсеннің айтуынша, есту, сөйлеу аппараты жұмыс істемегендіктен, компьютер арқылы түсіндіріп берген оңай. «Бұл мамандар кәдімгі адамдар іспетті еңбек нарығына еніп кете алады. Қабілеті жоғары, сұранысқа ие. Оператор қажет болатын жердің бәрінде істей алады», - дейді инклюзивті топтың сурдолог-аудармашысы Рано Исраиылова. Инклюзивті топта білім алатын студенттер ай сайын 29 400 теңге шәкіртақы алады. 

DSC 8241

Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» кәсіби оқыту секторының басшысы Асылбек Наурызбаевтың айтуынша, тегін кәсіптік оқытуға байланысты бірнеше бағдарламалар бар. Оның бірі – 18-ден зейнет жасына дейінгі азаматтарға арналған қайта даярлау курстары. Мамандығы бар, алайда ол бойынша жұмыс істемейтін азаматтарды еңбек нарығына сәйкес келетін мамандықтарға баулиды. 

Екінші 19-29 жас аралығындағы жастарға арналған кәсіби оқыту бағдарламасы бойынша 11-сыныптан кейін ЖОО-на түсе алмаған жастарды колледждерде 2 жыл 10 ай оқытады. 

2017 жылғы қысқа мерзімді 3 айлық қайта даярлау курстарына Шымкент қаласы бойынша 1739 адам тіркелген. Бірақ, бұл сан өзгеруі мүмкін. Өйткені, әлі бекітілмеген. Жұмыссыз азаматтар 57 мамандық бойынша 3 айлық курсты оқып бітірген соң жұмысқа тұруға әрекет жасайды. Одан бөлек 6 айлық курстар да қарастырылып жатыр. Биылғы кәсіптік оқыту курстары сәуір айынан басталмақ. Егер де, кез келген адам аталған бағдарламаларға қызығушылық танытса, Төлеби көшесіндегі №26 үйде орналасқан Кәсіби оқыту бөліміне келіп жазылуына болады.

 

Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК

Последнее изменение Среда, 01 Март 2017 11:19
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.