Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ Избранное

Среда, 11 Сентябрь 2019 05:33 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4077 раз

Елбасы Н.Назарбаевтың осынау қанатты сөзі болашағымыздың байламды бітімі іспетті. Елдің ертеңгі іргесі берік болуы үшін жастар сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы қажет.

білім

Сондықтан, елімізде білім саласына ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерген маңызды 5 бағытының бірі – білімнің салтанат құруы.

Осы орайда биылғы оқу жылының соңына дейін қалада 5 жекеменшік мектеп ашылып, жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Жолдау аясында білім саласында атқарылған және жоспарланған жұмыстарды сөз еткен Айгүл Қалыбайқызы шаһардағы білім беру мекемелерінің бүгінгі жағдайын баяндады.

Қаланың бас ұстазының сөзінше, 2019-2020 оқу жылында Шымкент қаласындағы 701 білім беру мекемесінде 305 мыңнан астам бала білім алуда. Оның ішінде 501 мектепке дейінгі мекемеде 76 339 бүлдіршін қамтылған.

– Бүгінгі таңда басқармаға қарасты мектептердің 127-і типтік, 7 мектеп ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Білім саласына 2019 жылға 77 987 821,0 мың теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда көлемі 35%-ға артып отыр. Қаладағы балабақшамен қамтуды қажет ететін 3-6 жасар 73 031 баланың 95,2%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, - дейді А.Текебаева.

Жаңа оқу жылынан бастап үшінші мегаполистегі білім ошақтарында жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілуде. Бұл әр мектептің жеке бюджеті болады деген сөз. Мектеп басшылары барлық қажеттіліктерін сол қаржыдан алып, мұғалімдерге берілетін үстемақыларын өздері тағайындай алады. Осылайша мегаполистегі үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі деп күтілуде.

– Қазіргі таңда 11 жекеменшік мектепке 5454 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқылы орналастырылды. Жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу нәтижесінде өткен жылы 2400 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылды. Жаңа оқу жылында 1500 орынды «Жас дарын», «Абай Құнанбаев» жекеменшік мектептері жұмысын бастаса, жыл соңына дейін 1000 орынды 5 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осылайша жекеменшік мектептер есебінен үш ауысымда оқытатын 3 мектептің мәселесін шешу жоспарланған, - деді Айгүл Қалыбайқызы.

Үшінші мегаполистегі білім саласына жауапты маман педагогтердің біліктілігі, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, мектептердің қысқа дайындығы, оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі жоспарға сәйкес орындалып жатқанын айтты. Жағымды жаңалықтардың бірі – жаңа оқу жылынан бастап «Оқушылар» сарайында IT орталық, ал №1, 7, 23, 65, 80 мектептерде IT-сыныптар ашылды.