Оқыған жетер грантқа... Избранное

Пятница, 03 Июль 2020 05:02 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 482 раз

ent-2019-13

Биылғы ҰБТ-ның талабы бұрынғыдан өзгерек болды. Жылда сынға ілігетін тестілеу бәз-баяғыдай өткенімен, ережеге темірдей тәртіп енгізілді. Білім сынағы 20 маусымнан 1 шілде аралағында өткізу жоспарланды. Өйткені санитариялық талаптарға орай, аудиторияны толтыруға болмайды. Карантинге байланысты талапкерлер тест тапсыратын ғимаратқа кірмес бұрын дезинфекциялық туннелден өтті. Қолдарын антисептикпен залалсыздандырды. Дене қызуы өлшеніп, жаңа маска берілді. Аудиторияларда арақашықтық екі метрден болды.

ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы, тестілеу уақыты 10 минутқа ұзарды, түлектерге калькулятор мен көмекші құралдарды пайдалануға рұқсат берілді. Әйтсе де, биыл өтініш берушілердің саны елімізде рекорд деңгейіне жетті. Айталық, осы жылы 131 755 талапкер бағын сынауға ниет білдірген. Оның ішінде 2019-2020 жылы мектептен түлеп ұшқандар мен бұрынғы жылдары биікті бағындыра алмай қалғандар бар.
Ал Шымкентте биыл 6845 түлек бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуға өтініш берген. Жалпы қаламызда сынаққа қатысушылар саны өткен жылғы бітірушілерді қосқанда 8570 талапкерге жетті. М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық универсиететі, SiIk Way жоғары оқу орындарында өткен тестілеуге жалпы 10 402 өтініш келіп түскен. Оның 1138-і
белгілі себептермен сынаққа қатыспаған.
Ең бастысы, бұрынғыдай талапкерлер айла жасай алмады. Өзгенің орнына кіріп, сынақ тапсырушылардың жолы кесілді. Түлектердің бет-әлпеті Face ID жүйесімен тексерілді. Яғни, тест тапсырушының бет-әлпеті арнайы нысанға алынды. Сөйтіп, талапкердің тестке қатысуы немесе қатыспауы 3-4 секундта анықталды. Сондай-ақ рұқсат етілмеген заттармен кірген жастардың маңдайынан ешкім сипамады. Бұрын ҰБТ-ның алдында барлығы тексеріліп, оқушылардан телефон, шпаргалкалар түгел алынатын. Бірақ ешқандай шаралар қабылданбайтын. Биыл 270 талапкерден ұялы телефон, көмекші құрал тәркіленді. Ал аудиториялардан смартфонмен ұсталған 89 талапкер бірден емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Оның ішінде ұстаздардың ескертуін елемеген шымкенттік 144 оқушының тауы шағылды. Оларға акт толтырылып, тест тапсыру құқығынан айырылды. Ал 43 оқушы тыйым салынған ұялы телефон, көмекші құралмен кіріп, көздеген жоғары ұпайдан қағылды.
Бұдан бөлек, тест кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері, антикордың өкілдері өтіп жатқан сынақты бейнежазба арқылы бақылады. Мұнан бөлек, емтихан материалдарын құпия ұстап, шашау шықпауы жіті қадағаланды. Өйткені тестілеудің жауаптарын алдын ала алып, жоғары ұпай жинаған түлектер жыл сайын анықталып жататын. Шынайы білімін ортаға салған талапкерлердің алдын осылай орап кеткендер биылға дейін аз болмаған. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педангогикалық университетінің Мемлекеттік комиссия хатшысы Шолпан Жақсылықызының айтуынша, емтихан материалдарын тест өткізілетін пункттерге жөнелту жұмыстарымен тек қана рұқсаты бар адамдар ғана айналысты. Ал тестке қажет дүниелер қойылған кабинеттер бейнебақылау камераларымен жабдықталды.
Яғни бейнежазбалардың бәрі ұлттық тестілеу орталығында 25-тамызға дейін талданады. Яғни тыйым салынған заттармен емтиханға кіргендер болса, олардың иеленген білім гранты қайтып алынатын болады. Ашығын айтқанда, заң бұзған түлектер еліміз бойынша Түркістан мен Шымкент қаласында көш бастап тұр.
– Түлектердің тәртіпке бағынбағаны өкінішті. Әлеуметтік желілерде қаншама рет ескертілсе де, өздерімен бірге тыйым салынған құралдарды алып келді. Ал пунктте талапкерлердің бәрі бақылаудан өткізілді. Жасырынып смартфон алып кіргендер анықталды. Қысқасы, олар бір жылын жоғалтты, - дейді Шымкент университетінің оқытушысы Бекежан Мырзаев.
Бәрін айт та, бірін айт айласын асырып, қулығын жүзеге асырмақшы болғандардың жолы осылай кесілді. Енді олар тек тамыз айында ақылы бөлімге сынақ тапсыра алады.
Сала мамандарының айтуынша, биыл шекті балл 50-ді еңсере алмаған түлектер көп. Ұлттық университтерге – ұпай 65 болса, педагогикалық мамандықтарға түсу балы 60-тан, 70-ке жоғарылады. Биыл жоғары оқу орындарына 55 мың грант бөлінген. Оның ішінде 14681 грант инженер кадрларын даярлауға, 8243 грант педагогика мамандықтарына бөлінген.
Сондай-ақ биылғы ҰБТ-да ұстаздар бұрынғыдай ерсі сұрақтар болмағанын айтады. Төртінші тоқсандағы тақырыптардан сұрақтар да қойылмаған. Олар оқулықпен жүйелі жұмыс істеген баланың барлық сұрақтарға жауап беретінін алға тартады. Десе де, ата-аналар тарапынан ҰБТ-ға қатысты айтылып жатқан сын да аз емес. Әсіресе уатсаптард әрқилы әңгімелер көп. Тест парақшасындағы сұрақтарды фотолармен көрсетіп, мұндай сұрақтарды кімдер құрастырған деп реніш білдіріп жатыр. Ол суреттер шынымен тестілеуде түсірілді ме? Әзірге қайдан алғаны, қайдан жүргені белгісіз.
Білеріміз, біліміне сенген талапкерге ҰБТ-дағы өзгерістер мен қатаң талаптар кедергі келтірмесі анық. Енді тест нәтижесінің қорытындысын алдағы уақыт көрсетеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.