ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ОНЛАЙН ӘЛДЕ ОФФЛАЙН?! Избранное

Вторник, 14 Июль 2020 18:36 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4703 раз

e5b8e74459401933cc2ff97cda4a2b1b

Мыңдаған оқушы мен олардың ата-анасын алдағы күзде мектептерде сабақ қайта жалғаса ма деген сұрақ мазалап жүр. Егер оқушылар мектепке қайта барса, онда балалар мен мұғалімдер қандай сақтық шараларын жасауы тиіс болады?

Таяуда атақты Lancet ғылыми журналында 20 еуропалық елдің балаларын кең ауқымды зерттеу нәтижелері жарияланды. Сонда балаларда коронавирустық инфекция белгілі симптомдармен өтеді немесе өлім-жітім сирек болады деп көрсетілді.
Бұл зерттеу кейбір мектептерде сабақты қатаң сақтық шараларын жасай отырып жалғастыруға болады дегенге алып келді. Осындай шартпен Австрия, Дания, Германия, Норвегияның мектептері қайта ашылған болатын. Америкалық педиатрия академиясы да мектеп оқуларын қайта жалғастыруға кеңес беріпті.

Көптеген ата-аналар екі айлық карантин кезінде балалармен үйде отырудың артықшылықтарымен қатар кемшін тұстарын да сезініп үлгерді. Бұл өзіндік көңіл-күйге ғана әсер етіп қойған жоқ, оқушылардың сабақ үлгеріміне де тікелей әсер етті.
Негізінен балалардың көпшілігінің зейіні жабылып, сабақты «қатырмағаны» жасырын емес. Әсіресе, компьютері мен интернеті жоқтардың мәселесі өткір болды.
Шындығында, экономика еңбек ресурстарына тікелей тәуелді. Ал ата-аналар егер де балалары қауіпсіз әрі қолайлы жерде болса ғана жұмысын алаңсыз істей алады. Ал мұндай жағдайды тек мектеп қана қамтамасыз ететіні белгілі.
Мұндай кезеңде балалардың үйде болуының себебі індетті тоқтату үшін жасалғаны түсінікті. Пандемия басталған тұста коронавирустық инфекцияны тасымалдаушылар негізінен балалар деп есептелді. Сөйтіп олар ересектерге, әсіресе қарт адамдарға қауіп төндіреді деп саналды. Алайда, ғылыми зерттеулерде балалардың вирус жұқтыру қаупі сирек екендігі белгілі болып отыр.
Бұл көбінесе 12 жасқа дейінгі балаларға қатысты. Жасөспірімдер де инфекция таратуда ересектерге қарағанда аса белсенді емес. Коронавирус балалардан гөрі ересектен ересекке жиі жұғады.
Коронавирустың таралуы басқа вирустардан өзгешерек болып шықты. Тұмаудың таралуында балалар айтарлықтай рөл ойнаса, коронавирустық індетке кішкентайлардың қатысы шамалы екен. Бұл мектептерде сабақты қайта жалғастырған мемлекеттерде дәлелденген.
Медицина профессоры Алмаз Шарманның айтуынша, мектептердің ашылуы жөніндегі шешім нақты эпидемиялық жағдайға байланысты болмақ. Егер мұндай шешім қабылданатын болса, онда қатаң сақтық шараларын жасауға тура келеді. Сабақ барысында оқушылардың бір-бірінен 2 метр арақашықтықта отыруын қадағалау керек. Маска кию де аса маңызды әрі қажетті. Бұл әсіресе белсенді қарым-қатынас жасайтын жоғарғы сынып оқушыларына қатысты.
Мектеп ғимараттарын жиі желдетіп, оқушылар мен ұстаздардың дене қызуын өлшеп, симптомдарын тексеріп отыру керек болады. Қолды дұрыс жуу мен өзге де гигиеналық қағидаларға баса назар аудару қажет. Кіші жастағы оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға мұның барлығын тәптіштеп түсіндіру керек.
Сонымен қатар мектеп ғимараттарында жақсы желдеткіштер орнату да аса маңызды. Оқушыларды кең ауқымды ғимаратқа орналастырумен бірге бұл да айтарлықтай қаражатты талап етеді.
Коронавирус жұғу, жұқтыру қаупі 12 жасқа дейінгі балаларда өте төмен болғандықтан, мектептерде ең алдымен бастауыш сыныптарды оқытып, жоғарғы сыныптар сабағын уақытша online режимде жалғастыра берсе ше? Бұны будандық үлгі десе де болады. Инфрақұрылым дайын болғаннан кейін барлық оқушыларға рұқсат беруге болады.
Қазіргі пандемия кезіндегі мектепте оқу жөнінде шешімді әлбетте ата-аналар да қабылдайды. Олардың кейбірі өз баласының денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатты алаңдаушылық білдірері сөзсіз. Егер баласын мектепке жібергісі келмесе, онда online режимде оқуға мүмкіндік қарастыру қажет.
Біздің әрқайсымыз қалыптасқан жағдайға орай жеке-дара таңдау жасай аламыз. Бұл қалыпты құбылыс. Ең бастысы балалар мен олардың жақындарының қауіпсіздігін қарастыратын ойлы шешімдер болса болғаны.

 

2020040616340755045 img-20200406-wa0100



400 мың компьютердің 40 % ғана жарамды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдіктерді жаңа оқу жылына дайын болуға шақырды.
– 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Менде министрліктің бұл жағдайға дайын екендігіне күмән бар. Балалар қалай оқиды? Мектепте немесе қашықтан? Жаңа оқу жылына мұғалімдердің дайындығы қандай? - деді ол.
Сонымен қатар, Тоқаев қашықтықтан оқытуға қатысты өз ойын білдірді.
«Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент осы мәселеге байланысты Үкіметке тапсырма берді.
– Үкіметке жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл халқымыздың 99,3 пайызын қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тоқаевтың сөзінше, әкімдіктер жаңа оқу жылына тез арада дайын болуы керек.
– Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс, – деді Президент.

БАЛАЛАР ҚАЙТАДАН ПАРТАҒА ОТЫРА МА?

Президенттің сынынан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде биылғы оқу жылына қатысты үш нұсқаны жариялады.
«Білім және ғылым министрлігінде елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып әзірлеген үш негізгі нұсқасы бар», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматтағы тілшілермен кездесуінде.
Министрдің айтуынша, бірінші нұсқа – қашықтан оқыту.
«Бұл нұсқа таңдалған жағдайда алыстағы елдімекендерді есептемегенде қалғанының бәрі қашықтан оқытылады», - деді ол.
Екінші нұсқа – іштей және қашықтан оқыту.
«Бұл жағдайда шектеу болуы керек: мектепте міндетті түрде термометрия, санитайзерлер болуы тиіс. Әлеуметтік қашықтық сақталып, сабақтар қысқартылуы керек. Яғни, кабинеттік жүйелер алынуы тиіс», - деді министр.
Асхат Аймағамбетов үшінші нұсқа - штаттық режимде қатаң санитарлық шектеу шараларын сақтай отырып, сабақты жалғастыру екенін жеткізді.
«Яғни балалар іштей оқиды да, қоңырау, сыныптардың толымдылығы, ауысым, кабинеттік жүйелерді алудан бастап асханаға баруға дейінгі шектеу шаралары күшінде болады», - деді министр.
Осы орайда Шымкент қаласының жаңа оқу жылына дайындығы қандай екенін білмек болып қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваға хабарластық. Жанат Арысбекқызы дәл қазіргі кезеңде министр айтқан үш нұсқаның екеуін қарастырып жатқанын айтады.
–Бірінші нұсқа – қашықтан оқыту. Бүгін ғана осы мақсатқа 11 мың компьютер сатып алдық. Оларды әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына береміз бе деп отырмыз. Бір жағынан, мектептің бұйымы болғандықтан, затты күтіп ұстамай ма деген де күмәніміз бар. Бірақ, бала денсаулығы бәрінен де маңызды.
Екінші нұсқа – бастауыш сыныптарын 20 баладан асырмай, арақашықтықты сақтап мектепте оқыту. Балаларға ауру жұқпайды дегенмен, ересек мұғалімдерінен жұғып қалса, не істейміз деген де қорқыныш жоқ емес. Сондықтан, әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Министрліктің бұйрығы шыққаннан кейін әрекет ететін боламыз, - дейді басқарма басшысы.

МЕКТЕП ФОРМАСЫН КИМЕУГЕ РҰҚСАТ!

Жаңа оқу жылында Қазақстан оқушыларына сабаққа мектеп формасын кимей қатысуға рұқсат беріледі. Шешім елде коронавирус індеті мен пневмония өршіп, әлеуметтік-экономикалық жағдай қиындаған тұста қабылданды.
«Ата-ананың мектеп формасын сатып алуға шамасы келмесе, олар балаларын классикалық немесе іскерлік үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етуі керек. Біз осындай шешім қабылдадық. Қазіргі жағдай үшін осы шешім маңызды деп санаймыз» деді министр мектеп формасын сатып алу көптеген ата-ана үшін қосымша салмақ екенін айтып.
Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, министрдің мектеп формасы туралы бұйрығына төтенше жағдай, карантин және форс-мажор жағдайларында жұмыс істейтін арнайы тармақ енгізіледі.
«Мейлі дәстүрлі болсын, мейлі қашықтан болсын, бұл шешім күшінде қалады. Егер басын қашықтан бастап, жыл ортасында дәстүрлі білім беруге көшсек, мұғалім оқушыдан мектеп формасын киіп келуді талап етпейді. Бұл шешім бүкіл оқу жылында күшінде болады. Егер оқушыда мектеп формасы болса – аға-әпкесінен қалса немесе ата-анасы алдын ала сатып алған болса – әрине, соны киіп келуге де болады» деді министр.
Мектеп оқулықтары да оқу режимінің қандай болатынына қарамастан оқушыларға түгел таратылмақ.

БІРІНШІ СЫНЫПҚА – ЖАҢА ПӘН

«Ең маңызды сұрақтардың бірі – педагогтердің қазіргі жаңа жағдайға дайындығы. Қандай нұсқа қабылданса да, педагогтерге жаңа дағды керек. Оны төртінші тоқсанда айқын байқадық.
Сондықтан, бес модульден тұратын осы курстар – ІТ-дағды, цифрлық педагогика мәселелерін қамтиды. Қандай нұсқа қабылданса да – осы курстарды жүргіземіз. Сондай-ақ компьютер мен серверлер, интернет мәселесі.
Қашықтан оқысақ та, қалыпты оқысақ та – мектептерге компьютер керек. Әкімдіктер осы мәселеге жіті назар аударып отыр. Егер мектепте бір компьютерге 20-25 баладан келсе, онда олардың ІТ-дағдысын дамытамыз деген сөз бекер», - деді ол.
Министр өз сөзінде ерекше қажеттілігі бар балаларға берілетін білім сапасы мәселесі де ұмытылмайтынын жеткізді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.

Другие материалы в этой категории: « Оқыған жетер грантқа... ОНЛАЙН ОҚИТЫН БОЛДЫ… »