ОНЛАЙН ОҚИТЫН БОЛДЫ… Избранное

Пятница, 17 Июль 2020 05:27 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3316 раз

1585737246 onlajn-obuchenie

1 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары да, ЖОО студенттері де бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды. Коронавирус індетінің таралуына байланысты олар үйде отырып білім алады. Ал балабақшаны бітіріп, әлі әріп танымаған балаларға қашықтан оқу қиынға түсетіні анық. Сондықтан ата-аналардың өтініші бойынша мектептерде бастауыш 1-4 сыныптарға кезекші топтар ашылуы мүмкін. Шалғай ауылдардағы балалар мектеп қабырғасында оқуын жалғастырады. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізіп, көптің көкейінде жүрген өзекті сауалдарға жауап берді. Министр оқу жылына қызу дайындық басталғанын алға тартып, пандемия кезеңінде әрбір маман мен оқушының денсаулығы маңызды екенін атап өтті.

Қашықтан білім беру – технологияға тәуелді

«1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалар аясында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Үкімет отырысында осы мәселені бөлек қарап, тиісті шешім қабылданды. Басты мәселе – балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы. Қазір ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Министр Алексей Цой: «Мектепте дәстүрлі оқытуды бастау – балалар арасында ауру жұқтыру деңгейін арттырып, вирустың мектептен тыс та таралуына жол ашуы мүмкін» екенін айтты. Барлық жағдайды қарастыра отырып, тиісті шешім қабылдадық. Әрине, бұл өте күрделі шешім. Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыным бар. Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы – бүгінгі күнгі ахуал. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек», - деді А.Аймағамбетов.
Былтырғы оқу жылында болған қиыншылықтардың алдын алу үшін ұстаздардың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, білім ордаларын интернетпен қамтамасыз етуге басымдық берілмек. Колледждер мен жоғары оқу орындары да қашықтан оқытуды жалғастырады. Оқыту негізінен Zoom, Google Meet, Kundelik.kz сынды интернет алаңдары арқылы жүргізілді. Алайда, көптеген өңірде ғаламтор желісінің нашар болғандығынан оқу процесінде бірқатар ақау болды. Мұғалімдер тарапынан түскен шағымдар да жеткілікті. Жаңа оқу жылында олқылықтарды болдырмау мақсатында министрлік бірқатар шараны қолға алып отыр. Әсіресе, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше басымдық берілмек. Мұғалімдердің талабына сай бұған дейін қолданылған барлық интернет алаңдар жаңартылды. Стримингке шығу мүмкіндігі бар платформалар ерекше назарда. Балаларды қашықтан оқыту үшін ведомство 5028 білім беру цифрлық ресурсын дайындап, желіге орналастырды. Ал ұстаздар өзінің ақпараттық қоры мен бейнематериалдарын жаңадан іске қосылған елордалық электронды мектеп сайтында сақтай алады. 350 мың мұғалім цифрлық сауаттылығын арттыру үшін арнайы курстардан өтеді.
Қашықтан білім беру – технологияға тәуелді. 20 шілдеден бастап еңбек демалысынан шығатын педагогтарды ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Олар балаларға қашықтан білім беру әдістерін меңгеріп, техникалық біліктіліктерін жетілдіруге кіріседі. Сонымен қатар телесабақтар түсіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Білім министрі компьютерлердің жетіспеушілігіне қатысты біршама мәселе туындап отырғанын жасырған жоқ. Қазір елімізде 405 мың компьютер бар, бірақ көбісі ескірген. «Жалпы 21 балаға 1 компьютерден келеді, біздің алдымызда тұрған міндет: кем дегенде 5 балаға біреуден жеткізуіміз керек» деді Асхат Аймағамбетов.
«Жергілікті әкімдіктердің бірінші кезектегі сұрағы да компьютерлерді жаңарту бойынша түседі. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жасалып жатыр. Қазір 36 мың жаңа компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылында бұл жұмыс жалғасады. Дүниежүзілік банктен алынған заем қаржыландыру жоспары бойынша келесі жылдың бюджетіне қарастырылған. Бірақ біз қазір тиісті ұсыныс беріп, қаржы министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Біздің ұсыныс – ол қаржыны биылға жылжытып, осы компьютерлерді алуға жұмыс жасау», - деді министр.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, алдағы уақытта халықтың вирус жұқтыру деңгейі тұрақты төмендейтін болса, мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру мәселесі қарастырылатын болады.

Бастауыш сыныптар қалай оқиды?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова жаңа оқу жылында кезекші сыныптардың қалай оқитынын түсіндірді. «Ата-аналардың қалауымен және мектептердегі жағдайды ескеріп, бастауыш, яғни 1-4 сыныптардың оқуына рұқсат беріледі. Әрине, кішкентай балалардың оқуға ынтасы әлі қалыптаспаған. Сондықтан, өтінім негізінде мектептерде кезекші сыныптар ашу жөнінде шешім қабылданды», - деді вице-министр «Атамекен» ҰКП өткізген онлайн жиналыста. Спикер ата-аналардың пікірін тыңдап шыққанын айтты. Олардың арасында санитарлық шараларды қатаң сақтап, оқу процесін мектепте жүргізуді қолдайтындар және баласын мектепке жіберуге түбегейлі қарсы адамдар да бар. Вице-министрдің айтуынша, кезекші сыныптарда оффлайн және онлайн форматта өтетін пәндер тізімі анықталады. «Кезекші сыныптар қашан жұмыс істейді? Кей пәндерді – мектепте, кей пәндерді – онлайн оқытуға жібереміз. Мәселен, бастауыш сыныпта сауат ашу, жазу, математика, тіл пәндері оффлайн форматта өтеді», - деді Ш. Қаринова. Оның айтуынша, әкімдіктер сыныпты топқа бөліп оқытуды да ұсынып отыр. «Елімізде екі ауысымды, үш ауысымды мектептер бар екенін, онда бала саны көп екенін түсінеміз. Бір күні – бірінші топ, ертесіне – екінші топ оқиды. Ондай да тәжірибе әлемде бар. Бұл әдісті Сингапур ұсынып отыр. Кезекші сыныптар ата-аналардың өтінімі бойынша құралады, біз кезекші сыныпта бір ғана сыныптың балаларын оқытуды ұсынып отырмыз», - деді вице-министр. Оның айтуынша, бастауыш сыныптар тамақпен қамтамасыз етілмейді. «Себебі сабақ қатаң карантин шараларымен ұйымдастырылады. Тамақ берілген жағдайда балаларға қауіп төнеді. Оқушылар оқу, жазу, есептеу сияқты негізгі сабақты мектепте, музыка, сурет сияқты қосымша сабақтарды үйде онлайн режимде оқиды. Демек мектептің оқу жүктемесі ауыр болмайды», - деп атап өтті ол.

Мұғалім мен оқушы үшін арнайы тариф әзірленуде

Ұялы байланыс операторлары мұғалімдер мен оқушылар үшін арнайы тарифтік жоспар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.
«Ұялы байланыс операторларымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тарифтік жоспар әзірлеу мәселесі пысықталды. Бұл тарифтік жоспар мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды, сондай-ақ білім және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарына лимитсіз қосылуды қарастырады», – деді А.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, бұл қашықтан оқыту форматына көшуге, шалғай ауылдарда электронды қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Балабақшалар әзірге жұмыс істемейді

– «Карантин мерзімі созылғанын бәріміз білеміз. Соған сәйкес мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істемейді. Карантин уақыты аяқталғанға дейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешім қабылданады. Соның ішінде мектепке дейін білім беру ұйымдарына да қатысты шешім қабылданады. Біз осы бойынша белсенді жұмыс істейтін боламыз. Бұл жерде де маңыздысы - балалардың қауіпсіздігі», - дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Студенттердің оқу ақысы төмендеуі мүмкін

Жаңа оқу жылында демалыс мерзімі өзгермейді. Жаңа оқу жылына қатысты бұйрық әзірленіпті. Осы құжатта демалыстың мерзімі көрсетілген. Ол өзгермейді. «Қашықтан оқыту жүйесі болса да, балалар қатты шаршайды. Сондықтан демалыстың болғаны дұрыс. Оған қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Демалыс сол күйінде қалады», - деді Аймағамбетов онлайн брифингте.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында студенттер қауымы да қашықтан оқуын жалғастырады. ЖОО мен колледждерге келуге тек жекелеген жағдайларда ғана рұқсат етіледі. «Жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін болады. Шалғайда орналасқан колледждерде аз контингентімен санитарлық режимді нығайта отырып өткізіледі»,- деді ведомство басшысы.
Университеттер барлық қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға міндетті. Оқу бағасын төмендету мәселесі де білім ордасы басшылығының шешіміне сәйкес өзгеруі мүмкін.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.