Ұстаздар бизнес әліппесін үйреніп жатыр

Пятница, 24 Июль 2020 03:25 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2762 раз

zahErgGy

Жуырда Шымкент қаласындағы колледждерде сабақ беретін 36 оқытушы «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша практикалық оқу іс-тәжірибесінен өтіп, арнайы сертификаттар алды.

80 адамемиялық сағатқа созылған курс барысында бизнес-үйретушілер заманауи оқу әдістемесі арқылы қашықтан білім берді. Тренингтің әр тақырыбында түрлі іскерлік ойындар өткізілді.
—Курс кезінде бизнес-кейстер пайдаландық, бағдарламаға сәйкес ойындар ойнатып, топтық жұмыстар жүргіздік, соңында қатысушылар бизнес-жобаларын қорғады. Жеке сабақтарда оқытушылар дайындау бойынша кеңестер берілді,- деді бизнес-үйретуші Мәдибек Тәшімов. Оқыту қорытындысында шағын сабақтар презентациясы бағаланып, тест арқылы қатысушылардың білімі сараланды.
—Тест нәтижесінде білім сапасының артқаны байқалды, өйткені курстың алғашқы күндері аталмыш пән бойынша оқытушылар әлі ешнәрсе білмейтін. Мәселен алғашқы тесттік бақылаудың орта балы 36,7-ні көрсетсе, қорытынды бақылау 75 баллды құрады. Бұдан шығар нәтиже, білім сапасының динамикасы 86 пайызға өсті деген сөз. Ал топтағы қатысушылардың тақырыптары бойынша презентацияларының бағасы орташа 30 бал (78,5 пайыз) болды. Тыңдаушылардың көбісі бастапқыда көпшіліктің алдына шығып, сөз сөйлей алмайтын. Өндірістік пән оқытушылары болғандықтан көкейдегі ойларын еркін жеткізе алмай қиналатын. Пікірталаста өз идеяларын қорғаудан жасқанатын. Қатысушылармен жеке әңгімелесу арқылы оларға өмірлік тәжірибеден мысалдар келтіре отырып аталмыш кемшіліктерді жойдық. Жалпы оқу курсында өз ісінің шебері атанған, бір-біріне қолұшын созуға дайын білікті топ қалыптасты. Әсіресе қатысушылар тарапынан өзінің жеке бизнесін бастауға және алған білімдерін шәкірттеріне үйретуге асыққандар көп болды,- дейді бизнес-тренер Қаныбек Батырбеков.
Айта кету керек, мұндай онлайн курстар «Кәсіпкерлік және бизнестің негіздері» пәні бойынша жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің арасында да 13 шілдеден бастап өткізіле бастады. Тамыз айының соңына дейін 50 педагогті 3 кезең бойынша оқыту көзделіп отыр. Топтық практикалық курстың ұзақтығы 108 академиялық сағатты құрайды.
Мектеп мұғалімдері өз саласында тәжірибелі болғанымен көпшілігі кәсіпкерлік және бизнес нарығын жақсы біле бермейді. Сондықтан тренерлер жалпы курстан бөлек бизнес пен оны оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін де қосымша үйретеді. Ол үшін мамандар арнайы методикалық нұсқаулық әзірлеген. Онда аталмыш пәнді қалай оқытудың қыр-сыры жан-жақты баяндалады.
Курс аяғында қатысушыларға сертификаттар тапсырылады. Ең бастысы мұғалімдер 10-11 сынып оқушыларына арналған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінің оқу бағдарламасын тәжірибе жүзінде іске асыруға үйренеді. Сондықтан алдағы уақытта мектеп оқытушылары бизнестің әліппесін оқытуда түрлі интерактивті ойын әдістерін, бизнес-кейстер, жобалық білім беру тәсілдерін қолданатын болады.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.