Версия для печати

«ӘЛІППЕ» оралады, білім саласын басқару жүйесі жаңарады Избранное

Среда, 29 Июль 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3790 раз
Оцените материал
(0 голосов)

2019061312152847144 fbd28ce95f5c3dc1ea77d4a731ced5a8

ҚР Білім және ғылым министрлігінде 28 жылда 13 министр ауысты. Жасыратыны жоқ, бұл салаға кіл «реформаторлар» келеді де, әрқайсысы өз өзгерісін енгізіп бола берем дегенше, қызметімен қош айтысады. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды экс-министрлердің реформалары көптің көкейінен кете қоймаған болар. Жыл сайын емес, ай сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалардың пайдасынан зияны көп екенін екінің бірі біледі. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігін Ерлан Сағадиев басқарған үш жыл үштілділік дауы және «Әліппе» мен «Ана тілінен» бас тартумен есте қалды.

Осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер қолдарына «Әліппе» емес, «Сауат ашу» кітабын алған еді. Бұл бұйрыққа сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қол қойған. Осылайша ол қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының негізін қалаған
Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда басылып шыққан «Әліппе» атты пәнінің тамырына балта шапты.
Баршамыз да «Бар ғылымға бас болған, «Әліппе» - ғылым анасы» деп «Әліппемен» әріп таныдық емес пе?! Оның алғашқы нұсқасында Құран сөзі кездеседі. Онда: «Бис­смиллаһи-рахмани-рахим» деген жазу жазылған. 1926 жылы «Әліппе» 14 жыл бұрын жарық көрген кітаптың жалғасы ретінде Қызылорда баспасында қайта басылған. Міне, осындай тарихы бар оқу құралының соңғы парағын Ерлан Сағадиев өз қолымен жапты.
Ал «Сауат ашу» кітабы 1,2,3,4 бөлікке бөлініп, қосымша дәптерлерімен таратылды. Ата-аналар мен ұстаздар қауымының басым бөлігі бала миына және соншалық ауыр сөмкені көтеріп, денеге түсетін салмағына орай аталған пәннің енгізілгеніне көңілі толмады. Қоғам белсенділері оқулықтарға кеткен шығынды есептеп, ысырапшылдыққа бой алдырған министрді сынның астына алған болатын.
«1913 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, ғасырдан астам миллиондаған жасөркенге оқу-жазуды үйреткен, қазаққа азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен әліппе неден жазықты болды?» - деп Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуxан министрге сұрақты төтесінен қойған еді.
Халық қалаулысының «Сауат ашу деген орысша «ликвидация безграматности» деп аударылады. Бұл буыны қатпаған жас балаға емес, ересек адамға арналған» деген сөзі де нысанаға дөп тиген сын ретінде қабылданған.
Расымен, бірінші сыныпта оқытылатын ғасырдан астам тарихы бар оқулығын тәрк еткен біз сияқты халық жоқ шығар. Мәселен, славян xалықтарының «Букварь» оқулығы 1618 жылы жарық көрген. Төрт ғасырға жуық тариxы бар. Заманға сай өзгертіліп, толықтырылып отырады, оның өзінде кемі бес жыл тәжірибеден өткізбей кіргізбейді. Орыстардың «Азбукасы» 1574 жылы жарық көрген. Бес ғасырлық тарихы бар. Орыс әдебиетінің алыптары
К.Ушинский мен Л.Толстой да өздерінің «Азбукасын» жазып қалдырған. Қазірде букварьдің заманауи нұсқалары жасалған, бірақ, негізгі мазмұны сақталған.
Ал біз ше? Бір ғасыр бойы бағытынан ауытқымаған «Әліппені» бір күнде алып тастап, төрт жыл тәжірибе жасап көрдік. Нәтижесі қандай? Халық қозғалса, хан да тағында отыра алмайды. Ерлан Сағадиев өрескел қателігі үшін халықтың ашуы мен өкпесін арқалап кете барды.
Кейіннен министр боп келген Күләш Шәмшидинова «Әліппені» алдағы оқу жылында қайтарамыз!» деп көңілге үміт шоғын үрледі. Алайда, ол кісі министрліктің басшылық қызметінде өте аз мерзім отырды да, мәселе жайына қалды.
Қалай айтсақ та, «Сауат ашу» деген сауатсыз бастама білім саласын біраз былыққа батырды. Енді жаңа министр бұндай бассыздыққа жол бермеймін деп отыр. Оқушылар бірінші күннен бастап «Әліппемен» әріп танып, әліпби жаттап өседі. Әзірге бұл биылғы оқу жылының басты жаңалығы болып тұр.
Сағадиев керек етпеген «Әліппені» Аймағамбетов қайтарып берді. Білім және ғылым министрі әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды:
«Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті.
Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады.
Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды.
Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі.
Айта кетейін, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады».
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобы құрылған.
Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Министрдің орынбасары Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгеріпті. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу жоспарлануда. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе министрдің жіті бақылауында.
Міне, жаңалық! Министр боп келгеніне тура бір жыл толған жас шендінің батыл шешімі мен жаңашыл қадамын қолдамаған жан некен-саяқ. Қазіргі күннің күшті құралы – әлеуметтік желілерде жұрт жаппай қуаныш пен алғыс сезімін білдіруде.
Соның бір көрінісі ретінде Шымкент қаласындағы №90 мектеп директоры Арман Орынбековтің пікірін келтіре кетейік.
– Маңызды жаңалық екенімен толық келісемін. Себебі, «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерін оқу алғаш әріп танитын бала үшін өте маңызды үдеріс. Олар сауат ашудың іргетасы іспеттес. Осы бағытта ҚР БҒМ-нің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа енгізіп жатқан өзгерістері, яғни, 2021 оқу жылында бірінші сыныптарда «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерінің қайта оқытуы ұлтымыздың болашағы үшін де маңызды деп санаймын. Себебі, оқулықтардың тіл білімінің негізін салушы, Алаш қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппе» әдістемесі негізінде дайындалуы да ана тіліміздің мәртебесін биіктете түсеріне, тәуелсіз елдің болашағы – жастардың сауатты да білімді бола түсуіне үлкен ықпалын тигізетініне сенімдімін.
Аталған жаңалықты жылы қабылдап, қолдай отырып, мен басқарып отырған Шымкент қаласындағы 90 мектеп-гимназиясында «Әліппе» және «Ана тілі» оқулықтары бағдарламадан алынып тасталса да, мектепалды даярлық топтары мен бірінші сынып оқушыларына таратылып беріліп, олардың қосымша білім алып келе жатқандығын тілге тиек еткім келіп отыр. Мектеп-гимназияда бұл өзгерістердің үнемі үдерісте болып келе жатқандығын, бұл орайда бағытымыздың дұрыс екеніне көз жеткізіп отырмыз», - дейді мектеп директоры.

БІЛІМ БЕРУДІ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Бірінші сынып оқулықтарынан бөлек, келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді. Бұл туралы да министр А.Аймағамбетов айтты.
Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру сапасы мен тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі.
Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді. Осы мәселені ескере отырып, жүйені өзгерту туралы шешім қабылданыпты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданғаны белгілі.
«Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни әр мектеп пен балабақшаның мәселелері облыстың бақылауында болады. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам».
Мысалы, ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жібереді.
Айта кету керек, қазір аудандық және қалалық білім бөлімдері (яғни мектептер мен балабақшалар) аудан әкімдігіне қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкіндіктеріне (бюджетіне) тікелей байланысты.
Мұндай өзгерістер Білім және ғылым министрлігінен әр мектеп пен балабақшаға дейінгі «жолды» қысқартуға жағдай жасайды.
Мысалы, бір ғана Қостанай облысында жиырмаға жуық аудан мен қала бар, яғни, 20 әкім жұмыс істейді. Білім бөлімдерінің облыстық білім басқармаларына берілуі шешім қабылдау орталығының да 20-ға қысқаратынын білдіреді.
Бастысы, жаңа өзгерістер білім беру ұйымдарындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.
Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде, білім сапасы өңірлерде ғана емес, бір облыстың аудандарында да әртүрлі екені жасырын емес. Халықаралық зерттеулер нәтижесі де бір облыстың ішінде білім сапасындағы айырмашылық үлкен екенін көрсетті.
Осы сияқты қаржыландыру деңгейі мен басқару тәсілдерінің әртүрлі болуы мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен, компьютерлермен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу барысына да әсер етеді.
Ашық айту қажет, қазіргі уақытта аудан мен қала әкімдіктеріне бағынатын мектептер мен балабақшаларға Білім басқармалары іс жүзінде әсер ете алмайды.
Тағы бір жаңашылдық – білім бөлімдерінің басшыларын аудан және қала әкімдері емес, облыстық білім басқармасы басшысы тағайындайтын болады.
–Басқару жүйесін өзгерту және білім бөлімдерін мектептермен және балабақшалармен бірге облыстық деңгейге беру, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшыларын тағайындау мен жұмыстан босатуды БҒМ-мен келісу туралы норманы енгізу, бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық, аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының басшылығына кәсіби-практиктерді тарту, директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу, қаржыландыру жүйесін дербестендірілген және жан басына шаққандағы деңгейге өзгерту – жалпы білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға сеп болатынына сенімдімін, - деді А.Қанатұлы.
Министрлік жақтан айтылған бұл жаңалыққа ұстаздар қауымы, тіптен, риза. Себебі, сапа артады, тиімділігі өте көп. Нағима Райымбекова деген желі қолданушысы мектеп басшылары мен орынбасарларын 3 жылда автоматты түрде ауыстыру жүйесі жемқорлыққа жол бермейтін бірден-бір оңтайлы жол екенін алға тартады. Әрине, пікірдің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бір айтарымыз, сол пікірлердің басым көпшілігі ризашылық, қолдау райында жазылып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.

Мақаламыздың басында білім саласын былыққа батырған министрлерді тілге тиек еткенбіз. Әңгіме ауаны «Әліппеден» басталды. Ал соңы министр мырзаның мүмкіндіктерімен аяқталғалы тұр. Қазақ баласына «Әліппе» мен «Ана тілін» қайтарып, мектептердегі және білім ордаларындағы бюрократиялық кедергілерді жоюға біртабан жақындаған министр А.Аймағамбетовке соңғы күндері ақпараттық шабуыл жасалуда. Бірқатар азаматтар Президент
Қ. Тоқаевтың атына хат та жазып үлгерді. Себебі, Асхат мырза жас та болса, 28 жылда жасалмаған ұстаздарды әрнеге жұмсаудан құтқарудың қадамын жасап, олардың беделін арттыру жолында нақты істер атқарды. Жоғарғы оқу орындарындағы жөнсіздіктер (сапасыз білім, диплом сату, т.б.) жөнделе бастады. Қаптаған қағаздан арашалап, екі-ақ журнал толтыратын деңгейге жеткізді. Білім саласын әкімдіктердің жүйесіз басқаруынан арашалап, облыстық білім басқармаларына тізгін беруді жүзеге асырмақ. Ел тарихында ең жақсы, барынша таза, нақты білімді бағалайтын ҰБТ өткізді. Ұлттық болмысымызға барынша басымдық бере бастады. Қашанда халықпен бірге екенін көрсетіп келе жатыр. Ендеше, жас, іскер, білімді, саланы жетік білетін маманға мүмкіндік беру қажеттігі айтпаса да түсінікті шығар... Біздікі шендіні мақтап, шапан кию емес. Ұлт мүддесіне қызмет ететін министрге қолдау көрсету.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.