Версия для печати

«Форма емес, смартфон әперсе»... Избранное

Среда, 05 Август 2020 04:30 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 890 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1355ced59a225fb5f86eb021e9da461f

Әне-міне дегенше жаз мезгілі де аяқталуға жақын. Мезгіл қоңыр күзге жақындап, жаңа оқу жылы да таяп келеді. Бірақ бұл күздің білім бастауы оқушылар үшін оңайға соқпайтын сыңайлы. Тағы да қашықтан оқу күтіп тұр. Бәрін емес, әрине. «Кезекші сыныптар» мектепте дәріс оқыса, бала саны аз білім беру мекемелері әдеттегідей штаттық режимде жұмысын бастайды. Алғашқы қоңырау сылдыры сыңғырлауы да екіталай дейді шаһардың бас ұстазы. Жаңа оқу жылында білім саласы мен мектеп бағдарламасында қандай өзгерістер енгізілгені қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында айтылған еді.

Ата-ананың басты уайымы жаңа оқу жылында мектеп жасындағы баласына қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек әперу болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты оқу жылының соңына дейін оқушылар мектеп формасын киюден босатылды. Дегенмен қашықтан оқу кезінде көптеген отбасыларда интернет желісіне қосылатын компьютерлік құрылғылар мен смартфондар тапшылығы байқалды. Естеріңізде болса, шалғай шағынаудандар мен іргелес қала аумағы интернет мәселесінің қиындығын сезініп, оқушылар абдырап қалып еді. Енді бұл жолы - өткен оқу жылындағы қашықтан оқытудың түрлі кедергілері болмайды деп сендірді басқарма басшысы.

– Қаладағы 172 мектепке жаңа оқу жылында 222 мыңнан астам оқушы келеді деп күтілуде. Оның ішінде, 1-сыныпқа қабылдау жоспарланған 24 169 оқушының, 17 401-і (72%) электронды форматта қабылданды. Мектептерде қашықтан білім беруге арналған «Bilim Media Group» компаниясының «Onlinemektep.orq» цифрлық білім беру платформасын жүзеге асыру туралы келісімшарты түзілді. 147 мектептің 145-і (2 түрме жанындағы кешкі мектеп) интернет желісіне қосылған. ҚР БҒМ тарапынан интернет жылдамдығына қойылған талап 8 Мб/сек құрауы тиіс. Қазіргі таңда, «Қазақтелеком» АҚ тарапынан жаңа оқу жылына интернет желісінің жылдамдығын 8 Мб/с – 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту және қала сыртындағы елдімекендердегі интернет жылдамдығын жоғарылату бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, интернетке мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға интернет қызметіне қаралған қаржы есебінен «Қазақтелеком» АҚ арқылы арнайы интернет желісіне қосылған «Әмбебап-нөмірлер» беріледі. Аталған оператор тарапынан қашықтан білім беру бойынша мектептердегі оқу кабинеттеріне топтық видео конференция трансляциясын ұйымдастыруға арналған қызмет іске қосылуда, – дейді
Жанат Тәжиева.
Әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасы мүшелері смартфонның тапшылығынан қиындық көргені де жасырын емес. Ендігі мәселе осы олқылықтың орнын толтыру болмақ. Шаһардың бас ұстазы келтірген мәліметтерге сәйкес, үшінші мегаполисте әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларының саны 35 798-ді құрайды. Оның ішінде, аз қамтылған отбасы балалары – 28 445, жетім балалар – 685, ерекше білім беруді қажет ететін балалар – 6 668. Жанат Арысбекқызы аталған қажеттілікті қамту мақсатында 35 798 компьютерлік техника (оның ішінде, компьютер – 3 470, ноутбук – 31 556, планшет - 772) және 35 798 мобильді байланыс модем алу үшін тиісті қаржыға республикалық бюджетке сұраныс берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қашықтан білім алуға қажетті техникалық құралы жоқ 40 мыңға жуық оқушы анықталған. Олардың басым көпшілігінің ата-аналары жаңа оқу жылы басталғанға дейін планшет немесе интернет желісіне қосылатын қалта телефон алып беруге келіскенін айтады.
– ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 балаға 1 271 040,0 мың теңге қаржы қаралып, жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында әр балаға 30 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Биыл мектеп формасын кимеуге рұқсат етілді. Жаңа оқу жылына дайындықты бастаған ата-аналарға айтатыным, осы қаражатты алған соң, егер балаңыздың қашықтан оқуға смартфон немесе ноутбук сынды техникалық мүмкіндіктері болмаса, алдымен балаңызға қажетті құралдарды алып беруге асықсаңыздар, - дейді басқара басшысы.
Баспасөз жиынында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтып, салада атқарылған жұмыстарға тоқталған
Ж.Арысбекқызы білім ұйымдарында ағымдағы жөндеу аяқталып, 15 мекемеде күрделі жөндеу, 17 мектепке спорт алаңдары және 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылғанын тілге тиек етті. Жағымды жаңалықтың бірі - жаңа мектептер. Биыл 5 100 орындық 8 мектеп (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебі пайдалануға беріледі.
– 18 000 мектеп партасы жаңарып, соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда. Жаңа оқу жылында 11-сыныптарға толық және қалған сынып оқушыларына қосымша оқулықтар алу үшін баспалармен келісім шартқа отырып, оқулықтарды тасымалдау басталды, бұл жұмыстар 25 тамызға қарай аяқталады, - деді спикер.

А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.