АКАДЕМИЯЛЫҚ ДЕРБЕСТІК БІЛІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕ АЛА МА? Избранное

Среда, 26 Август 2020 05:11 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 844 раз

Жыл сайын жаңа оқу жылы жақындаған сәтте Қазақстанда білім берудің сапасын қалай арттыруға болады деген сауал күнтәртібіне шығады. Өйткені, еліміздегі ЖОО мен колледж түлектерінің басым көпшілігі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келмей жатады. Әсіресе, техникалық мамандықтар бойынша университеттердің оқу бағдарламасы жыл сайын жаңарып жатқан инновацциялық технологияларға ілесе алмайды. Содан студенттер өндірісте іс жүзінде қолданылмайтын, ескірген теорияны оқып-үйреніп әуре. Әрі бұл сапаға кері әсер ететін көп себептің бірі ғана.

506

 

Мамандар отандық жоғары білім беру жүйесін толық модернизациялау үшін университеттердегі жемқорлықты жою, олардың еңбек нарығымен байланысын күшейту, академиялық дербестікті кеңейту және материалдық-техникалық базаны нығайту секілді негізгі төрт міндетті орындау қажеттігін айтады. Жақында осы және өзге де мақсаттарды көздеген Білім және ғылым министрлігі «Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарын» әзірледі. Министр Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында аталған жоспардың негізгі үш бағытын оқырманға түсіндіріп берді.

Жоспардың бірінші бағыты академиялық дербестікті кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, маман даярлау ісіне бизнес пен өндіріс өкілдерін, шетелдік оқытушыларды тарту көзделіп отыр. Ол үшін заңнамаға, қолданыстағы басқа да нормативтік актілерге өзгерістер енгізу арқылы бірқатар шектеулер мен талаптардың күшін жою жоспарлануда.
Мәселен, министр мейрамхана ісі, бухгалтерия, туризм, қызмет көрсету, қаржы, IT, журналистика, қоғаммен байланыс, стандарттау және сертификаттау сияқты мамандықтар бойынша білім беруге практик мамандарды көптеп тарту керек деп есептейді. Алайда, бұл салаларда өндірісте істеп жүрген кәнігі мамандар университеттердің штаттық талабына сәйкес келмеуі мүмкін. Сондай-ақ, олардың көбінде ғылыми дәреже де жоқ. Қолданыстағы нормалар бойынша бұл азаматтар студенттерге дәріс оқи алмайды. Оқыса да оларға мардымсыз жалақы төленеді. Өз саласының білгірі болған азаматтар лайықты ақы төленбесе, алтын уақытын босқа сарп етпейтіні тағы түсінікті. Екі ортада студенттер мықты мамандардың тәжірибесінен үлгі алып, біліктілігі мен машықтарын үйрену мүмкіндігінен қағылып келеді. Жоспардың бірінші бағыты мұнан өзге де көптеген шектеулерді алып, бақылау түрлерін қысқартуды көздейді.
Екінші бағытта ақылы негізде оқитын студенттердің қалтасына түсетін салмақты азайтудың жолдары қарастырылған. Ол үшін министрлік мемлекеттен бөлінетін грант пен ақылы негізде оқитын студентке кететін ең аз шығынның арақатынасына қатысты талаптың күшін жоюды көздеп отыр. Жыл сайын бір студентті оқытуға бөлінетін гранттың құны қымбаттайды. Бұған дейінгі ережеге сәйкес университеттер гранттың құны өскен сайын коммерциялық негізде оқитын шәкірттердің оқу ақысын да қымбаттатуға мәжбүр еді. Енді осы талап жойылып, оқу ақысын университеттер өз бетінше белгілеу құқығына ие болғалы отыр.
Жоспардың үшінші бағыты аты бар да, заты жоқ, жастарға диплом деп бір жапырақ қатырма қағаз үлестіргенімен, іс жүзінде ешқандай білім бермейтін университеттермен күресуге бағытталған. Министр оларды «шаңсорғыш» университеттер» деп атап, мұндайларды анықтау мен жоюдың ең тиімді жолы – бәсекелестік орта қалыптастыру деп есептейді. Сол үшін елдегі барлық ЖОО-ын төрт санатқа немесе төрт академиялық лигаға бөлу жоспарланып отыр.
Бірінші және екінші лигаға халықаралық және ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті университеттер кіреді. Оларда білім берудің сапасы жоғары болумен шектелмей, ғылыми жұмыстарының нәтижелері оқу бағдарламаларын жетілдіру мен ел экономикасын дамытуға ықпал ететіндей болуы тиіс. Мұндай оқу орындары тексерудің барлық түрлерінен босатылып, толық академиялық еркіндікке ие болады.
Үшінші лигаға өңірлік немесе салалық деңгейде бәсекеге қабілетті оқу орындары енеді. Мұндайлар жоғарыдағы екі лигаға бәсекелес бола алмағанымен, белгілі бір өңір немесе сала бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие болатын білікті мамандар даярлай алуы тиіс. Бұл оқу орындарын тексеру мен қадағалау айтарлықтай қысқарып, біршама еркіндік пен дербестік беріледі.
Ал, қалған университеттер төртінші санатқа жатқызылады. Ең төменгі лигадағыларға мүлде сенім артылмайды. Маман даярлаудың сапасы ең төменгі шектен де нашарлап кетпеуі үшін олардың қызметі барынша қатаң бақылауға алынады. Талапқа сай болмаған, бәсекеге төтеп бере алмаған
ЖОО-ы түбі жабылып тынады.
Министрліктің бұл жоспары қаншалықты тиімді? Ол еліміздегі жоғары білім беру жүйесін дамытуға шынымен ықпал ете ала ма? Біз осы сауалдарды аталған саланың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген жергілікті мамандардың алдына көлденең тартқан едік...

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетінің проректоры:

— Дағдарысқа қарсы жоспар елдегі жоғары білім беру саласын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп ойлаймын. Шындығын айтқанда, қазір отандық оқу орындарының әлеуеті мен сапасы әрқилы. Көптеген оқу орындарында сапа сын көтермейді. Бұл мәселе қоғамда ашық айтылып та жүр. Әрине, мұндай университеттерге қатаң қадағалау керек. Алайда, мемлекеттік бақылаудың қатаң болуы сапалы, бәсекеге қабілетті оқу орындарының аяғына тұсау болып, жұмысына кедергі келтіретіні тағы бар. Сол себепті бағдарламада оқу орындарын 4 санатқа, яғни, 4 академиялық лигаға бөлу жоспарланған. Бұл бастама салада шынайы әрі әділ бәсекелестік қалыптастырады. Ал, бәсекелестік – әрдайым зор қозғаушы күш, сапаға әсер ететін маңызды фактор.
Меніңше, ешкімнің «төртінші сортты» университет атанғысы келмейді. Талапкерлер де ондай оқу орнының дипломын алуға құмбыл болмасы анық. Сәйкесінше, маман даярлаудың сапасын түзей алмаған университеттер біртіндеп нарықтан ығысып шығып қалады.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, бағдарлама саладағы көптеген орынсыз талаптар мен тиімсіз бақылау механизмдерін қысқартады. Мәселен, қазіргі талап бойынша доктарантураға оқуға түскен ізденуші бірінші семестрдің соңына дейін ғылыми жұмысының тақырыбы мен бағытын бекітуі тиіс. Бұл ізденуші мен оның жетекшісінің асығыстыққа салынуына әкеп соғады. Негізінде жұмыстың нақты тақырыбы жинақталған материалдардың пысықталуына қарай белгіленуі тиіс. Қажетті материалдар жинақталмай тұрып тақырыпты бекітіп жіберу жасандылық пен көзбояушылыққа ұрындырып, зерттеу жұмысының түпкі нәтижесіне кедергі келтіреді.
Академиялық еркіндіктің берілуі — университеттердің оқу бағдарламасын бизнес қауымдастықпен, яғни болашақ жұмыс берушілермен бірлесе отырып жасауына жол ашады. Яғни, ендігі жерде еңбек нарығының талаптарына сай келетін мамандар даярлауға мүмкіндік мол болмақ.

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры:

— Басқа мамандықтарды қайдам, болашақ журналистерді даярлауда практикалық дәрістердің маңызы айрықша. Университетте оқытылатын теория мен практика болашақ маманның қос қанаты секілді. Оның біреуі ақсап, кемшін түсіп жатса, студенттің болашақта білікті маман болып шығуы неғайбыл. Сондықтан тәжірибелі, білікті журналистерді студенттерімізбен кездесуге, шеберлік сыныптарын өткізуге шақырып тұрамыз. Ақпарат майданының бел ортасында жүрген бұл азаматтар өткізетін іс-шараларға шәкірттер ерекше құлшыныспен қатысады. Бірақ, бір-екі сағаттық мұндай іс-шаралар тым аздық етеді. Ал, тұрақты дәріс оқуға шақырайын десек, ғылыми атағы жоқ болғандықтан университеттің талабына сәйкес келмейді. Министрлік қабылдаған бағдарлама осындай бюрократиялық кедергілерді, басы артық формализмді қысқартады екен. Мұны естіп қуанып жатырмыз.
Мәселен, жыл сайын ОЖСБ деген тесттер өтіп тұратын. Тарқатып айтсақ, оқу жетістігін сырттай бағалау. Бұл тест екінші курсты тәмамдап, оқудың бел ортасына келген студенттің мамандығын қалай игеріп жатқанын көрсетуі тиіс. Алайда, бір жағынан министрлік мамандары әзірлеп келген тесттер университеттің оқу бағдарламасымен сәйкес келмей жатса, екінші жағынан негізгі мамандық бойынша емес, сервистік пәндерден өтетін бұл сынақ шәкірттің білім деңгейін толық ашып көрсете алмайтын-ды. Министрлік бақылаудың осындай тиімсіз түрін біржола жою туралы шешім қабылдапты. Біз мұны толық қолдаймыз.