Заманға қарай амал бар... Избранное

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:27 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 239 раз

533

немесе кәсіпкер тойханасын мектепке берді

«Қазір тойханалар жабық. Солардың иелерімен сөйлесіңдер. Олардың бірқатарын қосымша білім беру ұйымдарына айналдырай-ық». Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада білім саласының есебін тыңдағанда осындай тапсырма берген еді.

Сол кезде білім басқармасының міндетіндегі 4 индикатордың 3-уі, 28 көрсеткіштің 15-і ғана орындалғаны анықталды. Қолға қалам мен қағаз алып, әрқайсысы бойынша нақты ісшара ойластырылды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл мәселені жақсы зерделепті. Ұсыныс, ой-пікірлерін де қоса айтады.
–Қосымша біліммен қамтылған оқушылардың үлесі» деген көрсеткіш бар. Шымкентте бұл көрсеткіш төмен. Бұл оқушылар бір мезгіл білім алып, бір мезгіл түрлі дағдыларын дамыту үшін ойластырылған, баланың сарқылмас энергиясын өзін дамытуға жұмсату үшін қажет көрсеткіш. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде бар, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Қала басшылығының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласындағы мемлекеттік 147 мектептің 19-ы үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Оқушылар жыл сайын 12 мың балаға көбейіп отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек?!
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды.
Шыңғыс Мұқан келешекте тұрғындар тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырып, үлкен тойханалар бұрынғыдай сұранысқа ие болмайтынын тілге тиек етті. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге барудан аяқ тартып қалған.
Сонымен Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? «Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін», - деген ой айтады Шыңғыс Жұмабекұлы.

 

17 main

 

Шаһар басшылығының осылай дегені сол екен, Нұрсәт шағынауданындағы «Оңтүстік» салтанат сарайының басшысы Есбол Қамбаров сәнді тойханасын мектепке берді. Қазірдің өзінде онда жақын орналасқан №80 мектептің кезекші сыныптарының 530 оқушысы оқиды. Жалпы ғимарат 2500 адамға арналған. Алайда, тиісті органдар тек 500-дей оқушыны оқытуға рұқсат беріпті.
Кәсіпкер мұндай шешімді пандемияға байланысты қабылдапты. Өйткені, карантин кезінде тойхана жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Иесі ай сайын 20 млн. теңге шығынға батқанын жасырмайды. Тек асханасы жұмыс істеп, карантин кезінде ауруханалар мен блок-бекеттерге тамақ тасумен айналысқан.
–Тойханада мектеп ашпас бұрын, басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, Финляндия, Англия мектептерінде балалар салтанат сарайы сияқты интерьері бар мектептерге баратынын білдім. Бұл қазір кең таралған тәжірибе. Дәл осындай жағдай балалардың мектепке мерекеге барғандай шаттана баруына ықпал етеді. Мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаментінен білім беру қызметін жүргізуге лицензия алдым. Салтанатты залдарды сыныптарға ыңғайлап қайта құрдық. Тойхананы мектепке айналдыру кезінде барлық санитарлық нормалар ескерілді, - дейді Е. Қамбаров.
Бұл әкімдіктің тапсырмасымен ашылған мектеп емес. Тойхана иесінің өз қалауы екенін де айта кету керек. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мадина Тұрысбекова жергілікті Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Юг House» ЖШС бас директоры Есбол Қамбаровтың 80 млн. теңгеден астам қаржыға халыққа көмек көрсеткенін айтты. Оттегі концентраторлары, ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын сатып алып, провизорлық орталықтарға берген және тамақтандыруды ұйымдастырыпты. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіпті. Күні кеше ол Германиядан жеке қаражатына алдырған 35 өкпені жасанды желдетуге арналған аппаратты қалалық №2 ауруханаға тапсырды.
Қазіргі уақытта тойханада салтанатты залдарды сынып етіп қайта құру жалғасуда. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша 6-11 сынып оқушылары 42 сыныпта оқи алады. Онда 90-нан астам мұғалім еңбек етуде. Керекті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 300 миллионнан астам қаржы жұмсалыпты.
Кәсіпкер тойханасын мектепке айналдырғанына еш өкінбейді. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жасалған келісімшартқа сәйкес 20 жылға дейін мектептің нысандық мақсаты өзгермейтінін айтты. Яғни, енді «Оңтүстік» тойханасы карантин біткеннен кейін де мектеп ретінде жұмысын жалғастыра бермек. Бұл жобаның тиімділігі сол, кәсіпкер өзіне де, мемлекетке де пайда әкеліп отыр. Мемлекет жаңадан мектеп салу үшін қыруар қаржы жұмсап, оның ішкі-сыртқы шығындарын мойнына алуы керек. Ал жеке ғимараттарды жалға алса, көп қаржы мемлекет қазынасында қалады. Президент жиі айтып жүрген ысырапшылдықтан арыламыз.
– Бұл мектепте оқушылар ақылы және ақысыз сыныптарда оқиды. Ақылы мектептің оқу ақысы айына 100-120 мың теңге көлемінде болады. Балалар таңертеңнен кешке дейін білім алып, күніне бес мезгіл тамақ беріледі, - дейді жеке кәсіпкер. Яғни, кез келген ата-ана мұнда баласын алып келе алады.
...Шымкенттегі «мен» деген зәулім сарайдың мектепке айналарын кім білген?! «Заманды себеп билейді» деген осы-дағы. Коронавирус пандемиясының салдары Қамбаровтай кәсіпкерлерді көзді тарс жұмып, тәуекелдің жел қайығына мінуге итермеледі.
Осы орайда ата-аналар қауымының пікірі екіге жарылып жатыр. Қос тараптың да ойын тыңдай келе басым көпшілігінің баласын үйде онлайн оқытуға мүмкіндігі жоқ екенін бағамдадық. Баласының денсаулығына алаңдаушылар да көп. «Санитарлық талаптар сақталған ба?» деген сауал да қойылды. Дегенмен, әкімдік пен кәсіпкер мұндай қадамға тектен-тек барып отырмағанын ескеру керек сыңайлы.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның ойынша, тойханаларды тиімді пайдаланудың жолдары көп. Мәселен, Coworking center, Жастар орталығы, Шығармашылық орталығы, Оқушылар сарайы, IT hub және т.б. мекемелер ашуға болады.
«Айта берсең, тойханаларды жастардың әлеуетін арттыратын орталыққа айналдырудың түрі көп. Мәселен, Алматыда SmART POINT деген сoworking center бар, қазір IT hub-қа айналып кетті. Қазір Қазақстандағы ең мықты IT-жобалар сонда жасалады. Негізі тойханалар, әкім айтпақшы, қосымша білім беру ұйымдарына, жастар орталығы, коворкинг орталықтарға сұранып тұр», - дейді ол.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.

Үміт өрге тартады. Пессимистік көзқараспен тек теріс ойлай беретін болсақ, кері кететініміз аян. Мәселен, бір үйде мектеп жасындағы 5 бала бар болса, оның бәрінің бір уақытта онлайн оқуға шамасы жоқ.
Нақтысы, ата-анасының да, баласының да мүмкіндігі жетпейді.
Мұны қазіргі күннің мысалынан
көріп жүрміз. Таразының
басында – баланың денсаулығы һәм сауаты. Ал таңдауды әр ата-ана өзі жасайды. .

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.