Жақсы адамның сөзі де, ойы мен ісі де ізгі Избранное

Среда, 25 Ноябрь 2020 05:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 744 раз

Аяшев 1

Жақында өткен маңызды сынақтың бірі – аккредитацияның қорытынды жиналысында шетелдік сарапшының бірі, Түркия азаматшасы: «Қазақ елінің оңтүстік түкпіріндегі университетте бақытты адамдар қызмет ететіні байқалады. Мен оны мыңдаған шақырымдай қашықта, онлайн отырсам да сезіндім, тебірендім», – деген пікір айтты.

ақлимаҰСТАЗ ШАРАПАТЫ

Еңбек жолым қасиетті қара шаңырақтан басталған мен ОҚМПУ атты ғажайып бақыт мекеніне, шежірелі оқу ордама он жеті жылдан соң қайта оралдым.
Перзентін жатырқамаған шежірелі шаңырақ құшағын айқара ашып, ОҚМУ-дан келген қарапайым оқытушыны қызметке араластырды. Сол кезде институт басшысы Оңалбай Аяшевтің арнайы шақырып, сенім білдіруімен ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, «ОҚМПИ Хабаршысы – Вестник ЮКГПИ» журналының жауапты хатшысы, тәрбие істерінің проректоры қызметтерін атқардым.
Оңтүстік өңіріндегі ұстаздар мен зиялы қауым арасында
«Аяшев мектебі» атты тіркес оның озық ойлы шәкірттері үшін қазақ баспасөзінің брендіне айналған «Шерханның шекпені» дегеннен кем әсер етпейді. Оңтүстігіңіз не, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі конференция, семинарға барсақ та қайта түлеген ОҚМПИ-ді ешқайсысы түстеп танымай, Аяшевтің атын айтсақ, бірден білетінге, өнегелі істерін жыр етіп айтуға айналды.
Қайта жаңғырған ұстаздар ұстаханасы бірнеше бел-белестен өтті, абыройы тасып, мәртебесі өсті. Білікті, білгір, жарқын идеялар генераторы саналатын басшының жетекшілігімен, ұйымшыл ұжыммен, жалынды жастармен жұмыс істеп, толайым табыстарға жеттік. Университет атандық, алғашқылардың бірі болып қосарланған мамандықтар, бірнеше білім беру бағдарламасы бойынша магистратура, докторантура аштық, коммерциялық емес акционерлік қоғам болдық. Сәні мен салтанаты жарасқан, жағдайы талайды тамсандырған 3 студенттер үйінің ашылу салтанатын абыроймен өткіздік. Премьер-Министрден бастап ҚР Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері, Парламент пен Сенат депутаттары, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, қоғам, әдебиет пен өнер қайраткерлері, еңбек ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, әлемдік деңгейдегі спорт саңлақтарының талайымен тағылымды кездесулер өтті. Олардың өнегелік сипаты мен ерекше энергетикасы туралы әңгімелер көпке дейін басылмай, өзгелердің құштарлығын да, іштарлығын да туғызатын. Әсерлі кештерден сценариінен бастап сахнаны безендіруге, тіпті кездесудің өзіне «Жүрек үні», «Сізді біз асыға күттік», «Біз ұмытпаймыз, біз мақтанамыз!» сияқты айрықша атау қоюға дейін жоғары жауапкершілікті өзінен де, өзгеден де талап ететін креативті басшының қолтаңбасы сезілетін.
Кезекті биік межені бағындырып болған соң біраз уақыт аяңдап, ағымдағы істермен айналысып, шаршауды басамын деп ойласаң, қателесесің. Маңызды іс-шара өткен күннің ертеңіне алынатын келесі қамалдың кескіні мен нобайын келтіріп, жоспары мен жобасын жайып тастайтын. Жайшылықта жайбарақаттық танытып, ұзақ ойланып, біраз толғанатын менің өзім алдағы іс-шараның қамымен қанат байлағандай ұша жөнелетінмін.
Барлық құрылымдар сияқты, әлеуметтік және тәрбие саласына жетекшілік ететін менің
Аяшевтің жанындағы қызметім алаңсыз, бұлтсыз өтті дей алмаймын. Кей жерлерде тәжірибесіздігімнен, кейде тым ұзақ сарапқа салып, ойланатын мінез ерекшелігімнен, туа біткен жұмсақтығымнан, айналама сенгіштігімнен көбірек ескерту алатын кездерім де болды. Ондайда табаға шыжғырғандай қуырып алатыны да бар еді ұстазымның. Алғашқыда кейбіріне ренжісем де, ертеңіне түк болмағандай алдағы істің жоспарын алып кіргенде жүзіме барлай қарап, жұмсақ сөйлеп, арқамнан қағатын сәттері де болатын. Талапшыл ұстазым мен секілді талай шикі кадрды пысытты, ширатты. Дұрыс бағытқа жол сілтеуші бағдаршамымыз секілді өсірді, оқу ордамызбен бірге дамып, өркендеуімізге жағдай жасады.
Бүгінге дейін қандай да бір жетістікке жетсем, оң жағымнан Әкем мейірлене, сол жағымнан Ұстазым үміт арта қарайтынын жақсы білем. Алға қарышты қадамдармен адымдауға ұмтылдыратын, қиындықты еңсеруге құлшындыратын қос Ардақтымның аман болуын тілеймін!

Ақлима БАЙҒҰТОВА,
ОҚМПУ әлеуметтік және
тәрбие істері жөніндегі
проректоры, филология
ғылымдарының
кандидаты

 

Ақбілек Еңбегі жанған адамның еңсесі тік

Сөз сарасын осы өңірдегі қарашаңырақ – педагогикалық оқу орнынан бастайын. 2011 жылы Оңтүстік аймағындағы 1937 жылғы педагогикалық институт қайта жанданды. Олай дейтініміз, мемлекеттік лицензиясын қайта алды. Оған дейінгі оқу орнының тарихын жазу, әрине, бір кітапқа тұрарлық дүние. Ол кезде Қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы едім. Алғашқы еңбек жолым да осы ғимараттан басталған.

Мемлекеттік оқу орны атанған соң жас та болсам ұжым арасында байқағаным, бәрімізді «ректор кім болады» деген сауал қызықтырды. Ойымыз оңынан туып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып Аяшев Оңалбай Аяшұлы тағайындалды. 2018 жылы институт статусын университетке көтерді. Жаңадан тағайындалған ректор ешкімді орнынан қозғаған жоқ, қайта ұжымды бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Мемлекеттен қолдау тапқан оқу орнымыз қайта бүршік жарған бұтақтай жайқала түсті. Бұтақ алып бәйтерекке айналды. Әрине, мемлекеттен мұндай қолдауға ие болудың өзі ерлік. Сол ерліктің иесі Оңалбай ағай деп білемін. Ағайдың әрбір ісі – көрегендігін, іскерлігі – ізденімпаздығын, еңбекқорлығы – ерендігін, тазалығы – тектілігін, көзқарасы мінезділігін көрсетті. Ұжым арасында ағайдың аты емес, тегі аталатын. Ол да бір ерекшелігі болар. Университетке ректор болған уақытта студенттерге жақын, ұжымға ұйытқы бола білді. Жоғары оқу орындарының «өнімі» – студент болса, сол студентке жанашырлық таныту, бірінші орынға студентті қою, студенттің пікіріне құлақ асу, студенттің пікірімен санасу мен ашықтық біздің оқу орнымыздан бастау алады десем, артық айтпаспын. Ал оған жағдай жасаған бірінші басшы – ректор еді. Оңалбай аға ұжымдағы іскер оқытушылар мен дарынды студенттерге қырағылық танытып, қабілетін аша түсті. Университетте білім алушыны спортқа, өнерге, ғылымға бағыттайтын үйірмелер ашылды. Сол үйірмелердің жандануына бірінші басшы түрткі болды. Техникалық базамыздың артуына, сол арқылы студенттерге сапалы білім беруге ден қойылды. Сапалы білім – шынайы бақытқа жетелейтін бағдаршам. Білім мен біліктіліктің негізі өз мәдениетіне, ғылымға жақындауда жатыр. Біздің студенттер осыны сезінді. Яғни, стратегиялық даму жүйелі құрылғанын көрсетеді. «Жақсы адамның сөзі де, ойы мен ісі де ізгі» демекші, Оңалбай ағайдың жұмыс барысында сөзі мен ісі қатар жүрді.
Филология факультетінің студенттері, қай кезде болмасын, атаулы күндерге міндетті түрде атсалысады. Сол атаулы күндердің бірі – тіл мерекесіне орай өткізілген іс-шарамызға ректордың өзі қатысатын болды. Бұл факультет үшін кішігірім болса да мәртебе еді. 2012-2013 жылдары факультет деканымыз Қ.Сапарбаева барлық іс-шараның басы-қасында өзі жүрді. Деканның орынбасары ретінде менің де қобалжып жүргенім рас. Дегенмен, мерекелік іс-шара өз деңгейінде өткенін ректордың жылы қабағынан-ақ байқадық. Факультет деканын сол уақыттарда ерекше құрметтеді. Ағайдың әр ұсақ-түйекке мұқияттылығы бізді таңқалдыратын. О.Аяшевтің тағы бір көрегендігі – ардагер-ұстаздарды пір тұтып, пікір санасуы, әр мерекеден тыс қалдырмауы.
Осы дәстүрді қазіргі бірінші басшы Гүлжан Дәулетбекқызы сабақтастырып келеді. Басшылық тарап жас ізденушілердің ғылыми дәрежеге ие болуына ерекше көңіл бөлуде. Мақсатты даярлық негізінде оқудың алғашқы түлегі мен болдым. Осы ретте қолдау көрсетіп, өз мамандығым бойынша докторантураға оқуға түсуге де мұрындық болған Оңалбай ағай еді. Докторантураны да республикада қарашаңырақ саналатын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқу бақыты бұйырды. Докторлық диссертациямды қорғап келгенде Оңалбай Аяшұлы қолымды алып: «Сәтті қорғауың – біздің жетістігіміз! Үмітті ақтадың, сен енді барлық күш-жігеріңді университет үшін жұмсауың керек, студенттерге алған біліміңді беруің керек» деген сәулелі сөзі маған рух берді. Оңалбай ағайдың ұжымдағы әрбір оқытушының, студенттің жетістікке жетуіне жағдай жасауы, нәтижеге көңіл бөлуі әр іске немқұрайлы қарамайтынын көрсетті.
«Көреген басшы елді өсіреді» дегендей, бүгінде техникалық базасы нығайған, ұлттық жоғары оқу орындарымен иық тіресуге шамасы кеп қалған ОҚМПУ-дың тарихында дара жолы бар Оңалбай ағайды мерейтойымен құттықтаймын! Талай асуды бағындырған, әлі де шәкірттеріне шарапаты тиіп келе жатқан Оңалбай Аяшұлы жетпіске толды. Тойланғалы отырған мерейтойда Оңалбай ағайды жаңа жетпіс жетелеп, жүзге жеткізсін деп тілейміз!

Ақбілек ПАЗЫЛХАНҚЫЗЫ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің
PhD докторы, жас ғалымдар стипендианты

 

НармаханқызыСөз бен істің адамы

Оңтүстік өңірінде білімнің қарашаңырағы атанған, Кеңес Одағындағы 220 пединституттың арасындағы бүкілодақтық жарыста 1985 жылы үшінші орын алған білім ордасының киесін жан-тәнімен түйсінген ол ректордың орынтағына отырысымен институттың мәртебесін бұрынғыдан да биікке көтеруді, жоғары деңгейге жеткізуді аса маңызды іс санады. Жаңа қызметке келе сала жалпы құны 2,5 млрд теңгені құраған жаңа ғимарат салуға кірісті. Бүгінде оған кіргендер өздерін нағыз ілім-білімнің ұясында жүргенін сезінеді. Байыптап қарасақ, құрылысшы мен Аяшовтың арасы онша алшақ емес сияқты. Үшінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты кезінде облысымыздағы 15 мектептің құрылысын республикалық бюджетке енгізгені өз алдына, Көксарай су қоймасының құрылысын бастау керегі жөнінде алғаш мәселе көтерген де осы кісі. Көптеген тұрғынның тыныс-тіршілігіндегі қам-қарекетке жол ашқан бұл ұсыныстың маңызы қаншалықты мәнді екенін уақыт дәлелдеуде.
Оңалбай ағаға қайтпас қайсарлық, табандылық, төзімділік, шыдамдылық тән. Бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын, қайратын тасытатын, қайыр-шапағатын төгілдіретін сол қасиеттері. Шешен сөйлейтін сөздің де, тындырымды істің де адамы. Бойында пысықсудан гөрі пысықтығы басым. Кемелдікке жеткізетін, шыңға шығаратын салихалы ой сыйлайтындармен сұхбаттасуға бейім. Университетіміздегі кездесулерде Өмірзақ Айтбайұлымен, Мырзатай Жолдасбековпен, Әбіш Кекілбайұлымен, Сейіт Қасқабасовпен, Сәбит Оразбаевпен, Фариза Оңғарсынқызымен, Мұрат Жұрыновпен,
Бекболат Тілеуханмен, Дәулет Тұрлыхановпен әңгіме-дүкен құрғанының куәсіміз. Ертеңінен үміт күттірген шәкірттері сөз ажарын аңғарсын, алдарына зор мақсат қоя білсін деген үлкен есеппен түптен тартқан ұстанымын біз біліп отыратынбыз. Тәрбиенің бұл да бір тәлімді әдісі.
Ағадан көп нәрсе үйрендік. Басшымызға ұқсап ұқыпты киінуге, сыртымызды сыптай сыңайда сақтауға, жып-жинақы жүруге, сырт көзге сыр алдырмауға, алдымызға келгендердің сөзін мұқият тыңдауға, дұрыс шешім қабылдауға талпындық. Ұстазымыз Мәлік Ғабдулиннің «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті, сырт пішіні, киім-киісімен де оқушысына жақсы мағынасында қатты әсер етеді» деген ұстанымын басшылыққа алған сыңайлы. Ол қылаң қырау жетпістің жотасына өзін асқақ ұстап, қарапайымдылығын, кісілігі мен кішілігін жоғалтпай жетті. Ғылымға, өнерге жаны құштарлығының қыры жығылған жоқ. Талғампаздықпен оқып-үйренуден шаршап-шалдықпайтын, ізденімпаздықтың үлгісін танытып келеді. «Кемеліме толдым, кенерімнен астым» дегенін естіп-көрмеппіз. Сырт көзге қабағы қалың кірпігіне мұз тоңғандай көрінетін Аяшевтың ішкі жан дүниесі босаң, жас нәрестедей жасын төгілтетін, жаңбырдай жауатын шақтарын біреу білсе, біреу білмес. Несі ерсі, бәріміз де пендеміз.
Ол бізді табиғатты айқай-шусыз аялауға баулып, университеттің аумағына, болашақта жасыл белдеуге айналуға тиіс басқа да жерлерге бастап барып, арша, шырша, шынар көшеттерін отырғызысты. Еңбегіміз еш кетпесін, жуан жылан жылжып өте алмайтын нуға айналсын деп тілейміз.
Ол өзін үнемі бостан және еркін сезінеді. Жақсылық жақсы ойдан туындайтынын түйсінеді. Бұл – бақыттың ең үлкені. Адамның зиялылыққа жетуіне ақыл аздық етеді, оған шартарапты тынбай кезген көңіл, жүрегін нәрлендіретін рух, шалымды шабыт қажет. Ұстазымнан осының үшеуі де табылады. Ең маңыздысы – үшеуін де бір мүдденің арнасына тоғыстыратын пайым-парасаты бар. «Уықты ұстайтын – басқұр, ұлтты сақтайтын – дәстүр» деп еді 12 қабатты студенттер үйінің ашылу салтанатында. Сөзі сөз-ақ екен. Қазір жатақхананың бірнеше бөлмесінде шәкірттеріміз бабаларымыздан мирасқа қалған тоқыма, киіз басу, ағаш шеберханасы, ақындар айтысы ғұрыптарын жалғастыруда. Ұрпақ осылай тәрбиеленгені жөн.
Сіз берген тәлім-тәрбиенің арқасында кафедра меңгерушілігінен ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор лауазымына дейінгі сатылардан өттім, жақсы АҒА. Отбасым соған марқаяды, шаттана мақтанады. Ойымды Александр Македонскийдің сөзімен тұжырымдайын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, Аристотельден өмірімді жақсы өткізуді үйрендім». Әкемдей қамқорлығыңыз үшін рақмет!

Рауан БЕГАЛИЕВА,
Педагогика ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің
құрметті қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.