Тасада қалған тұтқындар тағдыры

Пятница, 13 Август 2021 11:19 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 8830 раз

Адамзат тарихындағы ең үлкен алапат әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқының тағдырына да үлкен әсерін тигізді. Бұл жойқын соғыстың қасіретті беттерінің бірі – тұтқындар мәселесі.
Сол кездегі кеңестік биліктің тарапынан ұстанған қағида бойынша, яғни «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар»  деген ұстанымы миллиондаған тұтқындардың тағдырына  ауыр зардабын әкелді.

tutkyndar 3

Осы соғыста тұтқынға түскен азаматтардың көрген қорлығы мен  сұмдық азапты күндерін бүгінде архив деректері айғақтай түсуде.

Сол жазықсыз жазаланған жандардың айтылмай жатқан қилы тағдыры қаншама. Олардың тарихта, өздеріне лайықты орнын алуы әділеттілік болар еді.
Ендігі жерде ХХ ғасырдың орта шенінде жазықсыз жапа шеккен осы әскери тұтқындарды ақтайтын мезгіл жетті. Өйткені, бүгінгі ұрпақ, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің туған-туыстары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы танып-білуі тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі бастамасы көпшіліктің көңіліне шығып отырғаны  даусыз. Еліміз үшін, тарих үшін бұл маңызы зор оқиға болып отыр. Оңтүстік өңірінде құрылған комиссияның жұмысшы топ мүшесі ретінде біз де архив  қорларында елеусіз қалып қойған «Түркістан легионы» қатарында болған оңтүстікқазақстандықтардың аянышты тағдырына қатысты құнды құжаттарды мұқият зерделей отырып, ащы шындыққа  көз жеткізгендей болдық.

Бүгінгі күні Шымкент қаласы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты істердің жалпы саны 17 мың  231 сақтау бірлігін құрап отыр екен. Солардың ішінде «ақталмаған азаматтардың мұрағаттық қылмыстық істері» қорының жалпы саны – 563. Оның көпшілігі әскери тұтқындар. Солардың ішінде «Түркістан легионында» болған оңтүстік жерлестеріміздің де баршылық екені анықталуда.

Кеңестік заманда осы легионның құрылуын М.Шоқайдың атымен байланыстырып келді. Біздіңше Түркістан легионын Мұстафа Шоқаймен тікелей байланыстыру дұрыс емес. Керісінше Шоқайдың Риббентропқа жолдаған хатынан оның Бетховен мен Бахтай ұлыларды тудырған ұлттың көсемінің әскери тұтқындарға жасап отырған жауыздығынан жаны түршігіп, «Түркістан легионын»  басқарудан бас тартқанын білеміз. Сондай-ақ ол 1941 жылы 27 желтоқсанда жұмбақ жағдайда өмірден өткен. Ал «Түркістан легионы» 1942 жылдың шілде айынан бастап жасақталған. Сондықтан бар ғұмырын ұлт бостандығына арнап, түркішілдік идеясын ту еткен Мұстафаны «Түркістан легионының» тірегі санау қисынға келмейді деп білеміз. Яғни неміс басқыншыларының мақсаты бөлек. Мұстафа Шоқайдың діттегені басқа. Яғни Алаш арысы түркі біткеннің түгел болуын қаласа, Гитлер үшін «Түркістан легионы» Кеңес әскерін ыдыратудың бір жолы. Оның үстіне тұтқындар лагеріндегі адам төзгісіз жағдай, аяусыз ұрып-соғу, абақтыны жайлаған аштық елге тірі жетуді ғана ойлаған жауынгерлердің «Түркістан легионы» қатарына енуіне амалсыз мәжбүр болды десек, қателесе қоймаймыз.

Ендеше сол жат жерде жау қолында қалып, қапастан құтылса да қасірет шеккен қандастардың  бірқатарының талайлы тағдырына тереңірек үңіліп көрейік.
Сондай сарбаздың бірі – Сауытбек Кәрібаев. 1906 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында  туған. Ұлты қазақ, отбасылы, 7 сыныптық білімі бар, әскер қатарына 1940 жылы алынып, 1946 жылы 30 қарашада тұтқындалып, 10 жылға сотталыпты.

tutkyndar 1

Шындықтың шырақшысы, қай кезде де  турасын айтып, тіліп сөйлейтін сөз зергері Шерхан Мұртазаның «Ақиқат  – адал айтыстан туады» деген бір тамаша тәмсілі бар.  Расында да біз «легиондықтарды» ақтау үдерісінде тек әскери трибуналдың тұжырымын ғана негізге алып қоймай, тұтқындардың өз қолымен жазған арыз-шағымдарына көбірек сүйенетін болсақ, әділеттің салтанат құратыны күмәнсіз. Себебі әскери трибунал шешімдерінде тұтқындарды біржақты қаралау басым. Мәселен, жоғарыда аталған Сауытбек Кәрібаевты айыптау қорытындысында оның тұтқынға еш қарсылықсыз берілгені жазылыпты. Сондай-ақ ол «легионда» 1944 жылдың қарашасына дейін аудармашы қызметінде болып, соғыстың соңғы жылында ағылшын-американ әскерлерінің қолына түскен. Ал «Түркістан легионында» тыңшылық әрекетке де барып, фашизмді өлердей жек көретін тұтқындардың тізімін немістерге беріп отырыпты. Оның «доностары» негізінде 5 адамның атылғанын да растайтын құжаттар бар көрінеді.

Осылайша Кәрібаевтың ісін қараған кәнігі  тергеуші Шаян ауданының тұрғынын айыпты деп табады. Тергеу хаттамасына тігілген жауабында Кәрібаев 1940 жылы ақпанда Шаян әскери комиссариатынан алынып, Польшаның Замберг қаласында қатардағы жауынгер ретінде борышын өтегенін, осы қалада сұм соғыс басталғанға дейін болып, жойқын бомбылаудан соң амалсыз артқа шегінген 5-атқыштар ротасымен бірге

Белоруссияның Белосток елді мекеніне қарай шегінгенін айта келе былай дейді:

«... Сол 1941 жылдың маусым айының аяғына қарай біздің Белостоктағы бөлім қалың жаудың қоршауында қалды. Бізге шегінуге бұйрық берілген соң быт-шыты шыққан Белостокты тастап Минскіге қарай беттедік. Қаланың қарасы алыстан көрінгенде қатты қуанғанымыз бекер екен, Минск де қоршауда қалыпты. Осылайша алдан да, арттан да анталаған жауға тосқауыл бола алмай, біздің бөлім амалсыз берілді». Яғни тергеушінің «қарсылықсыз қолға түсті» деген қауқарсыз қаулысы да жіті зерделеуді қажет ететін сияқты.

Ал тергеу процесіндегі «1942 жылы Сіздің легионерлермен бірге Берлин қаласына экскурсияға барғаныңыз рас па?» – деген мысқылды сұраққа мысы басылмай тіл қатқан Кәрібаев: «... Мұнан алдыңғы тергеулерде де айтып өткенімдей рас, біздің «легионнан» 20 адамды таңдап алып, сіз айтқан жылы «Легионово» лагерінен (Польша) Берлинді аралап келуге аз күнге аттандырды. Бізді бұл сапарға қуана келісті десеңіз қателесесіз. Өзіңіз де біліп отырсыз ғой, бізде таңдау құқы болған жоқ. Олардың мақсаты да сол, жүгі жығылып, тұтқында әбден жасып қалған жауынгерлердің рухын  өлтіріп, әскер арасына үрей таратып, «қуатты Германияның» әлеуетін әлемге әйгілеу болатын.

Бізді бірнеше заводтарға алып барып, неміс қаруының «қуатын» көз алдымызға келтірді.  «Таза қанды» халықтың мәдениеті мен өнерін көрсетіп, кинотеатрларға апарды, антикеңестік мазмұндағы лекцияларға  қатыстырды. Балға үймеленген шыбындай неміс және батыс корреспонденттері бізді кезек-кезек түсіріп, баспасөзге үздіксіз жариялап жатты. Ол жерде бар болғаны 16 тәулік болдық. Сонан соң Легионоводағы лагерьге оралдық. Лагерьге оралған соң бізді бас қала – Берлиндегі көрген «қызықтарымызды» тұтқындарға насихаттау үшін түрлі шараларға еріксіз тартып, мәжбүрледі. Маусым айы аяқталар тұста мені үш неміс офицерінің күзетуімен Белоруссияның батысындағы Романде ауылындағы лагерьге әкеліп тастады. Бұл жерде де маған антикеңестік агитациялар жүргізу  талап етіліп, неміс әскери техникасының «ғажайыптарын» әңгімелеу тапсырылды. Бұл қадамға амалсыз бардым. Кейіннен «легионерлерді» Украинаның Сталинск станциясы маңайына  жіберді. 1943 жылы Кеңес әскері күш ала бастаған шақта бізді Германияның Нойхамер қаласына ауыстырды. Сонда 3-атқыштар батальонының командирі болдым, аудармашылар курсында оқыдым. Бірақ, ақиқатын айтайын, адам өлтірген емеспін, біздің батальон да ешқандай ұрысқа қатыстырылған емес. Тек әскери дайындықтан өтіп жүрдік.

Аудармашылар мектебінде 6 ай оқыған соң біз алдымен Польша астанасы Варшавадан  40-45 шақырым жердегі Янов лагерінде, кейін 1944 жылы штрафбат құрамында Белоруссияның Споним қаласында түрлі қара жұмысты атқардық. Бар бітіргеніміз – күндіз-түні ағылып келіп жатқан жүк көліктерінен қару-жарақты түсіріп, қоймаға жинау. Одан қалса, жарылыстан жарамсыз күйге түскен темір жол рельстерін қалпына келтіреміз. Ал штрафбат турасында айтар болсам, ол «легиондағы» сенімсіз солдаттардан жасақталды. Сондықтан мені де «сатқын» деп кесіп айтуға асықпауыңызды өтінемін. Қанша қателікке бой алдырсам да, қанша жұртты қанға бөктірген жендеттерге жансыз болған жоқпын. «Донос» туралы айтқандары да бос дабыра. Штрафбатқа да мені басында аудармашы етіп жіберген  еді... », - дейді.

Дегенмен СМЕРШ арқылы алынған материалдарды басты айғақ көрген ОҚО МҚК басқармасының аға тергеушісі кіші лейтенант Аверин тұтқыннан босатылып, сүзгіден өткізілгенде Сауытбектің жау қолында болғанын жасырып қалғанын,  бірнеше куәлардың жазбалары бойынша оның Польшаның Зеленково елді мекенінде «легионға» қосылғанын, ефрейторлықтан бөлім командиріне дейін көтерілгенін, т.б. атап көрсетеді. Ең ауыр айып – олардың айтуынша, Кәрібаев неміс барлауына бас ие қызмет етіп, штрафбаттағы Кеңес әскеріне қосылу үшін қашуға әрекеттенгендерді әшкерелеген. Нәтижесінде 95 адам қамауға алынып, 5-еуі атылған. Біздіңше, бұл да дәлелдеуді қажет етеді. Өйткені, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, «Бектоғай» колхозының бетке ұстар білімді мұғалімінің бірі болған Кәрібаевты  көлденең куәгер арқылы кінәлі ету оңай болғанмен осы Сауытбек секілді көпе-көрнеу әділетсіз «Советке жат элемент» атанғандарды ақтап алу қиын екені де рас.

Тағы бір сарбаз Малаев немесе Сейітжаппар Молдыбаев ОҚО, Түркістан ауданының Борисовка селосында дүниеге келіпті. Қазақ, шала сауатты, бұрын сотты болмаған. «Отанын сатты» деген айыппен сотталғанға дейін соғыстан соңғы жылдары Түркістан ауданындағы Хантағы кенішінде күзетші болып қызмет атқарған.

Ол №519 атқыштар полкі қатарында жасалған жаумен соғыса жүріп, 1942 жылы тұтқынға түседі.
Әскери тұтқындар лагерінде «Түркістан легионына» алынған сарбаз Сейітжаппар өзгелер секілді кіші командирлер даярлайтын мектепке жіберілген.

1948 жылы 6 тамызда қамауға алынған Малаев та тағдырдың тәлкегіне ұшырап, 25 жылға сотты болыпты. Жазаның ауыр болу себебі, «сатқын» Сейітжаппар легионда бөлім командирі бола жүріп, итальян партизандарының көзін құрту операцияларына қатысқан, ол аз болса, ағылшын офицеріне келісім беріп, Кеңестер Одағына оралысымен-ақ антисоветтік агитацияны қыздырып тыңшылық әрекетке көшіпті-міс.
Сот та созбалаңға  салмай, 1948 жылы 24 қарашада Сейітжаппарды қылмыскер деп танып, Челябинск облысының Верхне-Уральск қаласына жазасын өтеуге жібереді. Алайда, Сейітжаппар да  өзі секілді тағдырлас жауынгерлермен бірге Отан алдында сатқындық жасамағанын, жау ұшақтарының кезекті бомбылауынан  соң ес-түссіз жатқанында қапылыста қолға түскенін, «партизандарға қарсы күресті, ағылшын барлау қызметімен ауыз жаласты» дегеннің бәрі сандырақ екенін айтып, жоғары жаққа сан мәрте арыз жазғанымен, жауап болмаған. Керісінше, Малавпен бірге болған бес «легиондықтардың» –  сот процесі алдындағы жауаптары ақ-қарасы анықталмаған күйі іске тігіліп кеткен.

Малаевты фотокарточкасы арқылы  танып, «легиондағы ерліктерін» паш еткен бұл бес куәгер сот мәжілісіне алдырылмаған. Өйткені олар да Сейітжаппар секілді «сотты болғандар» екен. Дегенмен сот оның партизан отрядтарын жоюға қатысқандығы жөніндегі нақтылы дәлелдердің жоқтығын алға тартып, жазаны 10 жылға кеміткен.

Осы тұста куәгерлердің де жазбаларына тоқтала кетсек, біздіңше, «Мынау маған көрсетілген суреттегі адамдардан №3-іні танимын.  Бұл – Сейітжаппар Молдыбаев, Нойхамер қаласында (Германия) Түркістан әскерінің қатарында болған» деген куәгердің тоқетер жауабы да,  «Мына фотокарточкадағы адамның Сейітжаппар Малдыбаев екенін шырамытып тұрмын. Ол – «Түркістан легионында» болған тұтқын. Алдымен американдықтардың қолына түсіп, кейін ағылшындарға берілген. Ағылшындар оны Нойхамерден өздерінің Порт-Сайдтағы (Африка) лагеріне алып кетіп, әбден тергеген. Сол жерде ағылшын офицеріне тыңшылық қызмет етуге жазбаша куәлік берген» деген екінші куәгердің айыптауы да істің бұрмаланғанынан хабар беретін сияқты. Соттан осылайша «соққы» алған Сейітжаппардың түрмедегі өмірі де тәуір болмаған. Себебі түрме бастығының 15.04.1955 жылы оған берілген анықтамасында тағылған айып аз емес. Яғни саяси сенімсіз Сейітжаппар Молдыбаев №5 УМВД-да түзелудің орнына теріс қылықтар көрсетіп, түрме тәртібін жиі бұзумен көзге түсіпті.

Көрші камерадағы  тұтқындармен сөйлескені үшін де сыбағасын алып, 10 тәулікке карцерге қамалған. Одан бөлек, «қашуға әрекет жасады», «камераластарының азығын әлімжеттікпен тартып алып, ұрып соқты» деген секілді т.б. қосымша айыптарды қардай боратқан. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Абақты басшысы Сейітжаппардың «срогын» тағы бір жылға созуды сұрапты. Біздіңше бұл әділетсіздікке төзе алмаған Сейітжаппар КСРО Жоғары Кеңесіне шағым жолдап, өзінің ары таза екенін дәлелдемекке тағы бір тырысып көрген секілді.

Осылайша, «Түркістан легионында» болған Түркістанның тумасы былай депті: «... Мен жасымның 18-ге де толмағанын жасырып, майдан даласына өз еркімен сұранып аттанған азаматпын. Түркістан әскери комиссариаты мені 102-атқыштар дивизиясының құрамына қосты. 3-Украин майданындағы бірнеше шайқасқа қатыстым.

Өмірімді тозаққа айналдырған сол сәтті есіме алсам әлі күнге дейін денем түршігеді. Ия, 1942 жылғы жаудың кезекті шабуылы мен бомбылауы біз үшін сәтті болмады. Топыраққа көміліп, есімнен танып қалыппын. Қанша уақыт жатқаным жадымда жоқ, есімді жисам еңгезердей неміс нұқып оятып жатыр екен. Күн де арқан бойы көтеріліп қалыпты. Осылайша ғайыптан тайып тірі қалдым. Бізді анда-санда бір тамақтандырып, ертеден қаракешке дейін небір ауыр жұмыстарға жекті. Мен атқорада жылқыларға қарадым. 1944 жылға дейін осы жұмыстың арқасында  жан бақтым десем де болады. Сол жылы бізді босатып, тергеп тексереді де, мені конвоймен Кемерово облысының Кисловодск қаласына жөнелтті. Сол қаладағы шахтада 1946 жылдың қысына дейін жұмыс істедім. Сонан соң өзімнің кіндік қаным тамған Түркістаныма қайтып, ата-анаммен, ағайын-туыспен қауыштым. Үйге келген соң Ащысай полиметалл комбинатында қамауға алынған күнге дейін қызмет атқардым. Мені облыстық түрмеге тоғытып: біресе «сатқын» деді, біресе ұрып-соғып, американ барлау қызметіне кіріп, үкіметке қарсы  үгіт-насихат жүргізген деп мойындатпақ болды.

Менің сөзіме сеніңіздер. Тұтқынға өз еркіммен түспесем, мен қалай «сатқын» боламын, мені қалайша Америка барлауының жансызы деп жазғырасыздар, оларды өзім түгілі түсімде көрген жоқпын ғой. Билікке қарсы қашан насихат жүргіздім, бізді тәрбиелеп өсіріп, хат танытып, көзімді ашқан, барлық халықтардың пролетарларын біріктірген өкіметке өмірі өш болған емеспін.

... Тергеу таңғажайыптары осылай тез-тез  өте шықты. Қайдан тапқанын білмеймін, ешқашан жолым тоғыспаған «5 жолдасым» пайда болып, маған қарсы куәлік бере бастады. Есімде еміс-еміс сақталғаны – азапты тергеудің алғашқы он күні ғана. Онан кейін арыстандай ақырып, күндей күркіреп кім менен жауап алды, қалай қинады... білмеймін. Бәрі бұлдыр... Есімді енді жисам болды, тергеушінің әлгі бес адамның жазбасын танауыма тосып: «Протоколға қол қоясың ба, жоқ па, жауыз!» деп дегбірімді алып дікілдеп, доқ көрсетіп жатады. Тіпті бірде мұндай жалған құжатқа ешқашан қол қоймайтынымды ашына айтқанымда, адамдықтан ада азаптаушылар сол сәтте-ақ аяқ-қолымды сындыра соққыға жығып, өлімші етіп өз камерама сүйреп әкеліп тастады. Қанға бөгіп қанша жатқанымды білмеймін, есімді жисам денемнің сау-тамтығы қалмапты. Осындай сәттер араға  күн салып қайталата берді. Яғни, 1948 жылдың қарашасы осылай өтті. Кейін ол жендеттер де табан астында жоқ болып кетіп, маған жанашырлықпен қарай бастады.
Тепсе темір үзетін жігіт едім, денсаулығымнан айырылып, адам аяйтын халге түстім. Сол күннің зардабын әлі тартып жүрмін...

Дәрігер де мен жатқан камераға жиі бас сұғып, жарамды танып, дәрі-дәрмегін беріп, араға айлар салып аяғымнан тұрғызды. Сөйтсем мені сотқа дайындап жатқан екен».

Сот залы да онша қашық емес, түрме ішіндегі бөлек ғимаратта. Мені алдына салып айдап келе жатқан офицерден сот мәжілісінің жабық түрде өтетінін естідім. Соңғы сөзімде өзіме қарсы толтырылған хаттама жайлы ештеңе білмейтінімді баса айтқаныммен, түсі суық тергеуші: «... Жап аузыңды, сатқын! Ондай ертегіні әжеңе барып айтасың. Біз үшін әділетті сот пен тергеу органдарының бұлтартпас материалдары жеткілікті. Біткен жерің осы. Сондықтан жақсылықпен бұлталақтамай жауап бер», - деп апшымды қуырды. Мен де қаным басыма теуіп: «Егер мен туралы бүге-шегесіне дейін бәрін білсеңіз, адымымды аштырмайтын айғақтарыңыз алақаныңызда тұрса, несіне сурытпақтап қайта-қайта сұрай бересіз?!» - деп алқымыма тірелген бар ашу-ызамды ақтарып салдым. Сотқа да керегі сол: кесімді жазамды естіртпей, конвой шақыртып, кісенделген күйі камерама жөнелтті. 25 жылға сотталғанымды кейін естідім. Мен қылмыскер емеспін, мені қолдан «қылмыскер» еткен. Қауіпсіздік басқармасы шындықтың көзіне тура қарай алмай отыр. Сондықтан әділетті  Кеңес заңымен жазаласаңыздар екен, жазықсыз жылатпасаңыздар екен деймін. «Босатыңыздар» деп бас игелі тұрған жоқпын.  Тек «жау санап» ақ жаныма дақ түсінгендерге назалымын. Сол себепті де қылмыстық істің қайта қаралатынынан үміттімін», - дейді. Бәлкім, осынау жазба түрткі болды ма, 1955 жылы 15 тамызда абақтыда 5 жылын өткізген Сейітжаппар Молдыбаевты мерзімінен бұрын босатыпты.

«Түркістан легионында» болған тағы бір жерлесіміз – 1917 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы Георгиевка ауданы Ленгер қаласының тумасы Жандарбек Танкеев. Қазақ, 5 кластық қана білімі бар. Бұрын сотты болмаған, партия қатарына кірмеген Танкеевке де тағылған айып – 1940 жылдың шілдесіне дейін Кеңес Әскері қатарында болып, тұтқынға түскесін 1942 жылы «Түркістан легионы» қатарына кіргендігі. Осы «қылмысы» үшін 1949 жылы 8 қыркүйекте Түркістан әскери округі әскери трибуналының шешімімен РСФСР ҚК-нің 58-1 бабының «б» тармақшасына сай айыпты деп танылып, 25 жылға сотталған.

Кезінде Ленгер қаласында «Ленгеркөпір» кенішінде кен қазып, кейіннен электровоз кондукторы болып жұмыс істеген Жандарбекке «Түркістан легионы» қатарында жүргенде унтер-офицер атағы беріліпті.
1954 жылы 14 қыркүйекте ОҚО ҰҚК тергеу бөлімінің басшысының тарапынан толтырылған қылмыстық істің қорытындысына үңілсек, ол «Түркістан легионының» 3-әскери батальонының штабтық ротасында взвод командирі болғанға ұқсайды. Сонан соң Ж.Танкеевтің батальоны Майкоп ауданы маңындағы майданға жіберілген. Дегенмен бұл батальон тек қорғаныс құрылыстарын жүргізумен ғана шектелген. Бұл турасында Танкеевтің өзі де: «... 1943 жылы біздің батальонды Францияға жіберді де, жоғарыда аталған шенді сол жерде алдым. Бірақ біздің батальон тек американ-ағылшын әскерлеріне қарсы бекіністерді тұрғызумен ғана айналысты, майдан шебінде болған жоқ», десе, Досанқұлов пен Джундутаев секілді куәгерлер де оның бұл сөзін жоққа шығармаған. Сот та тұтқынның тікелей  ұрысқа кірмегенін ескертіп, жазаны сәл жұмсартыпты.

tutkyndar 2

Осылайша Иркутск облысының Ангарск қаласында Ж.Танкеев 7 жыл жазасын өтеп келіп, еңбекке араласып, тек жақсы жағымен көзге түседі.

Ал 1919 жылы туған, ОҚО, Келес ауданы «Еңбек» кеңшарының тұрғыны Әшірқұл Мәмбетәлиев  1950 жылы 1 қарашада ұсталып, жоғарыда аталған баппен сотты болады. Ұлты қазақ, отбасылы, байдың ұрпағы болғандықтан партия қатарына алынбаған. Қара танымайтын қазақ баласы 1941 жылы шілдеде  дұшпан қолына түсіп, «Түркістан легионына» кіруге мәжбүр болған.
Айыптау қорытындысынан анықтағанымыз Әшірқұл әскер қатарына 1939 жылы Сарыағаш аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, алдымен  қатардағы сарбаз ретінде №4048 әскери бөлімде дайындықтан өтеді де, сұрапыл соғыс басталған тұста Латвия майданына жіберіліп, Десна өзені маңындағы шайқаста тұтқынға түседі.

Одан кейін ол Белоруссияның Минск, Германияның Мозберг қалаларындағы және Польшаның Песочный елді мекендеріндегі лагерьлерінде болған. Легионға да осы Польшаның Легионово қыстағында алынып, кіші командирлер даярлайтын мектепке қабылданады. Осы мектепті бітіріп, ефрейтор шенін алысымен, 1942 жылы Ворошиловград облысында Кеңес әскеріне және партизандарға қарсы шайқастарға қатысады. Медаль да алады. 1943 жылы Әшірқұл қызмет ететін батальон Францияға аттанып, онда шені унтер-офицерлікке жоғарылап,  взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарады. Осы елде жүріп 1944 жылдың қоңыр күзінде жергілікті партизан отрядтарын жазалау операцияларына қатысқан деген де дерек бар.

1955 жылы 17 ақпанда оған қатысты істі жүргізген ОҚО ҰҚК 4-арнайы бөлімнің аға тергеушісі капитан Балакирев 25 жылды арқалаған айыпкердің партизандарға қарсы ұрыстардың бірінде жеңіл жараланып, марапатқа ұсынылғанын да атап көрсетіпті.

Бұл жайында бір куәгер былай дейді: «... Немістің қолына қапылыста   түскен соң бізді Легионово маңайындағы лагерьге жөнелтті. 1942 жылы Ворошиловград облысындағы партизандарға қарсы салды.
Ә.Мәмбетәлиев барлауға жиі жіберілетін жауынгер еді. Осындай кезекті тапсырмада олар, атын ұмытыңқырап тұрмын, бір елдімекенде партизан отрядының жасырынып жатқанын батальон басшылығына жеткізді. Осылайша біздің 6-батальон партизандарға қарсы бетпе-бет шайқасқа шықты. Алайда санаулы партизанды жер жастандыру операциясы сәтсіз аяқталды. Дер кезінде көмекке келген Қызыл әскер бөлімдері біздің батальонның тамтығын қалдырмады. Екі жақтан да шығын көп болды-ау шамасы. Өлгендер мен жараланғандар санында есеп жоқ болатын. Ә.Мәмбетәлиевтің де медаль алатыны меніңше осы тұс. Ол жараланып, госпитальда емделіп шықты».

Бұл куәліктің рас-өтірігін айыра алмаспыз, дегенмен абақтыда тәртіпке  бағынып, тек жақсы  қасиеттерін көрсете білген  Ә.Мәмбетәлиев 1955 жылы қаңтарда өзіне ашылған істің ақиқаттан алшақ жатқанын жазып, қамаудан босатуды өтініп, жоғарыға арыз жолдапты. Тосыннан пайда болған тағы да бір куәгердің жазбасына сүйенген сот Ә.Мәмбетәлиев жолдаған хатты негізсіз деп тауып, 25 жылдық жазаны жеңілдетпей, қайта оны 1950 жылдың 1 қарашасынан күніне енетіндігі жайлы кесім береді.

Біздіңше Ә.Мәмбетәлиевке қарсы іс те  біршама бұрмаланғанға ұқсайды. Өзінің ақтығын айтып жолдаған арызының назарға алынбағанына күйінген жауынгер келесі бір арызын «Правда» газетінің редакциясы мен Бас әскери прокурорға жіберген. Нәтижесінде оған қарсы іс тоқтатылып, рақымшылық көріп, бостандыққа шығады.

 

Қорыта айтқанда, сұрапыл соғыстың сыры ашылмаған «ақтаңдық» беттерінің бірі – Түркістан легионы. Әлі күнге дейін легион турасында тұщымды байлам айтылып, кесімді баға берілген жоқ. Тұтқындар тағдыры да тасада қалып келеді. Біздіңше концлагерьде кінәсіз азапталып, тұтқыннан әупірімдеп тірі шыққандарды фашизм «тозағын» көрген осындай әскери тұтқындарды түгелдей «сатқын» деу мүлде қисынға келмейді.

Бұған архив қорларында «құпия» сақталған деректерді ақтара отырып көз жеткізгендей болдық.

 

seidexanСейдехан ӘЛІБЕК,
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры,
тарих
ғылымдарының докторы

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ҚОРЫТЫНДЫ АҚПАРАТ Сәлем, саған, мектебім! »