Версия для печати

БІЛІМ ҰЙЫМДАРЫНДАҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:38 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3177 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мектеп оқушылары жазғы демалысты қызықты өткізіп жатқанда, Шымкент қалалық білім басқармасы келер оқу жылының қамына кірісіп кетті. Әсіресе, білім ұйымдарының құрылысы қарқынды. Бүлдіршіндерге сапалы білім беріп, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған 5 жылдық кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 101 мектеп салу көзделіп отыр.

118

 

Бес жылда 101 мектеп

Сапалы білім беру үшін жайлы, әрі ыңғайлы орта қалыптастыру маңызды. Құрылыс барысын білмекке Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиевамен хабарласқан едік.
— Демографиялық өсім және көші-қон әсерінен Шымкентте ғана емес, республикадағы ірі қалалардың барлығында мектеп тапшылығы сезіліп отыр. Бұл мәселені тиімді шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 5 жылдық кешенді бағдарлама түзіліп, соның негізінде жұмыс жүргізіліп отыр. Шымкентте 2025 жылға дейін 86 079 орындық 101 мектеп салу жоспарланған. Мәселен, 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Оның 4-еуі мемлекеттік, 21-і жекеменшік білім ұйымы. Ал, биыл – 24, 2023 жылы –16, 2025 жылы 19 нысанның құрылысы жүргізілмек, - дейді Жанат Арысбекқызы.

116


Мамандардың айтуынша, жаңадан пайдалануға берілген білім нысандарының нәтижесінде өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешілген. Ал, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендепті.
— Бүгінгі таңда жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 ғимараттың жұмысы биыл басталған. Сондай-ақ, жазғы демалыс уақытында қолданыстағы 5 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді қаланың бас ұстазы.

5 мекеме күрделі жөндеуден өтеді

Білім басқармасына қарасты тозығы жеткен мекемелерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Күрделі жөндеу жұмыстары жөнінде Шымкент қалалық білім басқармасы стратегиялық талдау, материалдық-техникалық базаны дамыту бөлімінің басшысы Т.Саутов баяндап берді.

115


— Биыл басқармаға қарасты 3 мектеп, арнайы мектеп-интернат пен балалар үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бюджеттен 2 372,8 млн теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстарына бағытталып отыр. Оған білім нысандарының шатыры, терезесі ауыстырылып, едені жөнделмек. Сонымен қатар, электр желісі толығымен қайта жүргізіледі. Бүгінде мердігер «Авторемстрой ЛТД» ЖШС-і А.Науаи атындағы №11 жалпы орта мектепте жөндеу жұмыстарының
45 пайызын орындап үлгерді. Ал, «Сервис центр–2007» ЖШС-і Сайрам тұрғын алабындағы Ю.Сареми атындағы №107 мектеп лицейін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Бүгінде жұмыстың 60 пайызы атқарылған. Бұл екі мектеп, бұйыртса, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдайды. Ал, «Строительная компания Шах» ЖШС-і жөндеуден өткізіп отырған
А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясындағы жұмыс тапсырыс ауқымына байланысты жыл соңына дейін жалғаспақ. Бұл мектептің оқушылары жыл соңына дейін өзге мектептерге орналастырылатын болады, - дейді Тұрар Абдуәліұлы.

117


Мамандар күрделі жөндеу жұмыстары кезінде шымкенттік азаматтардың уақытша жұмыспен қамтылғанын алға тартып отыр.
—Басқармаға қарасты Қосалқы мектеп-интернатта және №3 балалар үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде «Корпорация Әлем-құрылыс» ЖШС-і қосалқы мектеп-интернат тапсырысының 70 пайызын орындады. Ал, мердігер «Строительная компания Шах» ЖШС-і балалар үйіндегі жұмыстың 40 пайызын игеріп үлгерді. Жалпы, жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған 5 мердігер компания толығымен Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 550 азамат уақытша жұмыспен қамтылды. Яғни, құрылыс жұмыстары жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесінде де оң септігін тигізіп отыр. Барлық мектептегі құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстары қадағалауда, - дейді Т.Саутов.
Өткен оқу жылында шаһардағы апатты мектептер мәселесі толығымен шешілсе, биыл жыл соңына дейін тапсырылатын 11 703 орынға арналған 24 мектептің құрылысы үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендетпек.
— Үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы толығымен шешу жоспарланған. Ал, орын тапшылығы 2025 жылға дейін түбегейлі шешімін табады деген сенімдеміз. Ендігі міндет – осы құрылыс сапасын қадағалап, балалардың терең білім алуын қамтамасыз ету, - дейді Ж.Тәжиева.

P.S.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Балалар жылына орай 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, балалардың денсаулығын жақсарту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 44,6 млрд. теңге қаржы қаралғанын айтқан-ды. Бұл қаржының ішінде жаңа мектеп құрылысы, күрделі жөндеуден бөлек, барлық бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін ыстық тамақ, 56 мыңнан астам аз қамтылған отбасының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы, қолөнер және спорт үйірмелері бар. Ендігі тілек, жаңа оқу жылында Жаңа Қазақстанды қалыптастыратын білімді ұрпақ тәрбиеленіп, үшінші мегаполисті шартарапқа таныта түссін дейміз.