Нарықтың сұранысына жұмыс істеңіз Избранное

Пятница, 05 Август 2022 04:55 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1810 раз

Елімізде биыл 170 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Әр жастың арманы – өзі қалаған мамандық таңдап, білім алу, ары қарай еліне, отбасына пайдасын тигізу. Десек те, еліміздегі мамандардың зерттеулеріне жүгінсек, жастардың көпшілігі мамандықты таңдауда терең ойлана бермейді. «Әйтеуір дипломым болса болды» деп, грантпен білім алу үшін қолжетімді университетті таңдайды. Сосын жылдар бойы өзіне ұнамайтын мамандықпен жұмыс істеуіне тура келеді. Бүгінгі әңгімеміз мамандық таңдауда ойланып жүрген түлектерге ғана емес, жұмысы бар маман иелеріне де қатысты болмақ.

100

 

Мамандық таңдаудан қателескен жас оқу бітіргеннен кейін жанына жақын саланы іздей бастайды. Олардың жұмыс таба алмауына бірнеше себеп бар. Бірінің мамандығына нарықта сұраныс жоқ, енді бірінде қызығушылық төмен және тағы басқа жағдайлар. Сондықтан, бұл жайттар көбінесе жастардың екінші жоғары білім алуына итермелейді.
Шымкенттік Нұрислам Жұбандық «Мектепке дейінгі оқыту және даярлау» мамандығы бойынша оқуға түскен. Бұл дипломмен жұмыс істемейтінін ол алғашқы курста-ақ түсініпті. Өткен жылы үздік дипломмен оқуын аяқтады.
– Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-де төрт жыл білім алдым. ҰБТ нәтижесі бойынша жинаған балым аталған мамандыққа жетіп тұрған соң, соған түсуіме тура келді. Ата-анам грантқа түскеніме қуанды, солардың көңілін қимадым. Қазіргі таңда «География және табиғатты пайдалану» факультетінде оқумды жалғастырып жатырмын, – деді Нұрислам.

103


Ал өз мамандығы емес, мүлдем басқа салада жұмыс істейтін Мадина Құрбанбаева жастық шақта жан-жақты білім алу қажет деген пікірде.
– Екі шет тілі мамандығын бакалавр дәрежесінде оқып, бітірдім. Бұл мамандыққа өз қалауыммен түстім. Бірақ, мұғалім болып қызмет етуге асықпаймын. Заманның ағымына, нарықтың сұранысына қарай жоғары табыс әкелетін салаларда өзімді сынап көрудемін, – дейді Мадина.

102


23 жастағы Нұрай да «Туризм» мамандығын алып шықты. Оқыған саласы бойынша тәжірибе жинақтау үшін Түркияға жұмыс іздеп барған. Қазіргі таңда Бодрум қаласында орналасқан «Titanic Deluxe Bodrum» қонақ үйінде жұмыс істейді. Шет елге барудағы мақсаты – Қазақстанның ішкі туризімін дамыту.
– Бұл жерде көп нәрсені үйреніп, мол тәжірибе жинақтадым. Алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, басқа да мемлекеттерде жұмыс істеймін. Осылайша Қазақстандағы туризм саласын дамытуға тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам, – деді Нұрай.
Мамандық таңдау – өз өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау. Мектеп қабырғасынан бастап әр оқушы өз бағытын дұрыс таңдаса, жұмыссыздықтың саны да азайып, өз саласының мықты мамандары көбейетіні анық. Олай болса, оқушы бағытын таңдау үшін оған дұрыс жолды нұсқайтын ата-ана мен мектеп психологының көмегі ауадай қажет. Өйткені оқушы өзінің қарым-қабілетін, қырын біле бермейді.

101


– Оқушыларды ең алдымен мамандықтың түрлерімен таныстырып, әр саланың өзіне тән ерекшеліктерін айтып өтеміз. Жыл сайын түлектерге кәсіби бағытты дұрыс таңдауға арналған сауалнамалар жүргізіледі. Нәтижесі шыққан соң, әр оқушының қандай бағытқа қабілетті екенін ескертеміз. Ары қарай мамандықты өз қалауы бойынша таңдағаны дұрыс, – дейді Шымкент қаласындағы №88 мектептің психологы Перизат Сәрсенбайқызы.
Кез келген мамандық кәсібилік пен қабілеттілікті талап етеді. Сол үшін баланың жастайынан қызығушылығын анықтап, соған бейімдеу керек. Бала кезінен өзінің жан қалауын тапқан адам болашақта көптеген жетістікке жетіп, биіктен көрінері сөзсіз.

Біле жүріңіз!

edunavigator.kz кәсіби бағдар диагностикалық платформасы жүргізген мәлімет бойынша, еліміздегі ең көп сұранысқа ие мамандықтар:
· Сатушы. Орташа жалақысы - 187 000 теңге.
· Аккаунт-менеджер. Орташа жалақысы - 193 000 теңге.
· Іс-қағаздарын жүргізуші. Орташа жалақысы - 166 000 теңге.
· Есеп-қисап маманы. Орташа жалақысы - 184 000 теңге.
· Сатып алумен айналысатын маман. Орташа жалақысы - 168 000 теңге.
· Логистикалық сарапшы. Орташа жалақысы - 164 000 теңге.
· Құрылыс инженері. Орташа жалақысы - 224 000 теңге.
· Маркетолог. Орташа жалақысы - 194 000 теңге.
· Бағдарлама құрастырушы. Орташа жалақысы - 316 000 теңге.

Айдана МҰХТАРОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.