Жаңа оқу жылы таяп келеді... Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:30 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1155 раз

Жаңа оқу жылы таяп келеді. Ата-аналар ұл-қыздарына мектепке қажеттісін алып, жақсы білім алуына жағдай жасайды. Осындай қауырт шақта базар бағасы барынша құбылатыны рас. Сондықтан болар, тамыздың алғашқы аптасынан бастап-ақ ата-аналар баланың мектепке дайындығын пысықтай бастайды. Бір балаға қанша қаражат жұмсалады? Қарапайым отбасы үшін бұл қаншалықты тиімді? Мемлекеттен қандай көмек бар? Мәселені зерделеп көрдік.

221

 

Жаңа оқу жылының басты жаңалығының бірі – мектеп формасының нақтылануы. Яғни, бұған дейін мектеп формасының түсін әр білім беру мекемесі өзі таңдауға құқылы болса, биыл әр өңірге біртүсті форма белгіленді. Шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Бұл мектеп ауыстыратын оқушылар үшін де тиімді. Енді ата-ана баласы мектеп ауыстырғаны үшін жаңа форма алуға мәжбүр болмайды.
Қазірдің өзінде Шымкентте киім дүкендері мен базарларда мектеп формасы мен оқу құралдарының саудасы қыза бастады.Шымкенттік Алтынбек Досов 15 жылдан бері саудамен айналысады. Қазір кәсіпкер «Авто-нұр» базарында мектеп формасын сатады. Ол халықтың жағдайына қарай тауарын Қытай мен Қырғызстаннан алдыратынын айтып өтті.
– Доллар бағасы көтерілгендіктен бізге келетін өнімді қымбат бағада аламыз. Ұл балаларға арналған мектеп формасы 2500 теңгеден басталып 12.000 теңгеге дейін барады. Үстеме бағаны да көп қоймаймыз, - деді Алтынбек Досов.
Қала тұрғыны Ақтолқын Бегімнің биыл мектепке үш баласы барады. Мектепке қажеттілерді қазірден бастап сатып алмаса, тамыздың аяғына қарай бағаның күрт көтерілетінін алға тартады.
–Ұлым 1 сыныпқа баратындықтан мектепке қажеттісін базардан ертерек сатып алдым. Костюм-шалбар – 18 мың теңге, шалбардың жеке өзін 4500 теңге, жейде – 4500 теңге, сөмке – 7 мың , кроссовка – 15 мың теңге, классикалық туфли – 12 мың теңге, спорт киімін 15 мың теңгеге алдым. Сонда 80 мың теңгеге жуық қаражат жұмсаппын. Әзірге оқу құралдарын алмадым. Орта есеппен бір балаға дәптер, қаламын қоспағанда киімнің өзіне ғана 100 мың теңгеге жуық қаржы жұмсауға тура келіп тұр. Енді екі қызымның керек-жарағын түгендеуім қажет. Оларға қажеттіні «Гауһар» тігін фабрикасынан алатын шығармын. Жергілікті кәсіпорынның мектеп формалары қымбат болғанымен, сапасы өте жақсы. Былтыр қызыма костюм-юбкасын 20 мың теңгеге алғанмын, биыл бағасы шарықтап тұрған шығар, - дейді көп балалы ана.

220


Отандық өнімнің бағасы неге қымбат? Бағаны білмекке нарықта сұранысқа ие «Гауһар» тігін фабрикасында болғанымызда мектеп формасының түсіне енгізілген өзгерісті кеш білгенін айтып шағымданды. «Бұл өзгеріс фабрикамызға едәуір шығын келтірді», - дейді «Гауһар» тігін фабрикасы директорының орынбасары Құралай Гилажева.
– «Гауһар» тігін фабрикасында мектеп формасының сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді болғандықтан, сұранысқа ие. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығына сәйкес мектеп формасы 70 пайыз полиэстер, 30 пайыз вискоза матасынан тігіледі. Нарықтағы баға жыл сайын өсіп жатқандықтан, соған сәйкес бізде сатылатын мектеп формасының да бағасы жоғары. Фабрикада шілде, тамыз айларында 20 мыңға жуық мектеп формасы тігіліп, сатылымға шығатын. Биыл форманың түсіне қатысты өзгерісті кеш естідік. Енді өндіріс орнында қиындықтар орын алды. Біздің киімдерді базардағы тауарлармен салыстыруға мүлдем келмейді. Олар мектеп формасын Қытайдан дайын күйінде алады. Матасы 100 пайыз синтетика болғандықтан баланың денсаулығына зиян, - дейді Құралай Гилажева.
Жалпы бір отбасында мектепте екі немесе үш бала оқитын болса, ата-ананың қалтасына оңай тимейтіні белгілі. Дегенмен, биыл үшінші мегаполисте жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр. Бұған шаһардан 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түскен. Шымкент қаласы білім басқармасының берген соңғы мәліметіне сүйенсек, 56 154 балаға аталған мемлекеттік бір реттік жәрдемі берілмек.
Жауапты басқарманың мәліметінше, мектеп формасына қажетті қаражатты берудің өз талаптары бар. Атаулы әлеуметтік көмек алатын көп балалы отбасындағы мектепке баратын барлық бала формамен тегін қамтамасыз етіледі. Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын көп балалы отбасында 2 балаға мектеп формасын тегін алуына мүмкіндік қарастырылған.

P.S.

Шымкентте қазіргі таңда 577 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 72-сі мемлекеттік, ал 505-і жекеменшік ұйым. Биыл 27 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Қалай десек те, баланы мектепке дайындау ата-анаға жүктелген міндет. Олар соңғы ақшасын жұмсаса да, баланың көңілін табуға тырысады...

Айдана МҰХТАРОВА

Последнее изменение Среда, 17 Август 2022 09:31