Жастар – ел болашағы Избранное

Пятница, 19 Август 2022 03:54 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1479 раз

Қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардың білімі мен қуатын дұрыс бағытқа пайдалану қажет.  Жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бастамалары қоғамда қолдау табуда. Жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне, мемлекеттік деңгейде іс шаралар атқарылып жатыр.

352

 

Жұдырықтай жұмылып

Шымкент қаласында бүгінде 10-нан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, ASАA жастар қоғамдық бірлестігі, «Ізгілікте жарысайық», «Харекет» қайырымдылық қоры, Меyirim.kz қайырымдылық электронды порталы, «Жігер» салауатты өмір салтын қолдау қоғамдық қоры, «Жасыл ел» еңбек жасақтары және тағы басқа волонтерлік ұйымдар қоғам өміріне белсене араласуда. Барлық ұйымда дарынды жастар шоғыры қалыптасқан.

353

ASАA жастар қоғамдық бірлестігінің волонтері Мадина Өндірбай 2 жылдан бері волонтерлік қозғалыстың белсенді мүшесі. Биыл мектепті тәмамдаған талапты жас жастар ұйымынан көп нәрсе үйренгенін айтады.
– Волонтер болуға бұрыннан қызығатынмын. ASАA жастар қоғамдық бірлестігіне 2019 жылы келдім. Онда өзіме сенімді болу, адамдармен тез тіл табысу, дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрендім. Көптеген жақсы қасиеттерді бойға сіңірдім. Волонтерлік қозғалыс жастарға көптеген мүмкіндік береді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру, білім, жастармен жұмыс бағытында жобаларға қатысып, көп жағдайға қанықтым. Таяуда екі шет тілі мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атандым. Жоғары оқу орнында да волонтерлік қызметімді жалғастыра беремін, – дейді Мадина.
Жастар қоғамдық бірлестігі жалпы 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мадина Өндірбай жаңадан жасақталған волонтерлік топтың жетекшісі әрі мүшесі қызметін атқаруда. Топ полиглот, өнерпаз, спортшы жастардан құралған. Бәрінің де арман-мақсаттары бір – ол кәсіби дағдыларын жетілдіріп, сауатты маман болу.

ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ

Шымкент – жастар қаласы. Шаһар тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жуықтады десек, соның 30 пайызға жуығын жастар құрайды.

355

Қаламызда білімпаз, іскер, еңбекқор әрі жаңашыл жастар өте көп. Халықаралық жастар күніне орай шымкенттік өнертапқыш жас, Berenmotors компаниясының басшысы Нұрсұлтан Сейсембаев туралы айтпақпыз.
Ұлыбританияда оқып, инженер мамандығын алған Нұрсұлтан дәстүрлі автокөліктердің қозғалтқышын электрлі батареяға алмастырып, микрочиптер орнатып, электромобильге айналдырумен айналысып жүр.
–Келешекте жанармаймен жүретін көліктер өндірісі тоқтайды. Бүгінгі күннің өзінде әлемдік автомобиль өндірушілері электр көлігіне көшіп жатыр. Электр қозғалтқышының тиімділігі 95-98 пайызға жетеді. Шетелден жаңа электр көліктер әкелу де қазір тиімсіз. Өйткені, бағасы қымбат. Біреуі 35 мың АҚШ доллары тұрады. Екіншіден оған қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан кәдімгі үйдегі электр розеткілері арқылы қуаттай беретін біздің жобамыз тиімді, - дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша электр көлігінің батареясын қуаттауға 10-20 кВт электр энергиясы кетеді. 1 Квт шашамен 17-18 теңге екенін ескерсек, жанармайға қарағанда электромобильмен жүру әлдеқайда арзанға түседі. Оның үстіне, бір толтырған батареяның қуаты 300-400 шақырымға жетеді. Кәсіпкер Н.Сейсембаев келешекте электр моторды, микрочипті, қуаттағыш құрылғыны өзімізде шығаруды жоспарлап отыр. Талантты жастың талабына нұр жаусын дейміз!

 

ЕЛ ЖАСТАРЫНА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

Шымкент қаласында жас мамандарды қолдау мақсатында «Жастар бағдарламасы» сәтті жүзеге асып келеді. 29 жасқа дейінгі жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарлама арқылы 2020 жылы – 904 жас, 2021 жылы – 300 шымкенттік жас пәтерлі болса, биыл 857 жасты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

372

Бағдарламаның шапағатын көрген жас маманның бірі – Заманбек Орынбеков. Ол 2013 жылы жоғары оқу орнын бітіре салысымен баспана кезегіне тұрған.
–Жастар бағдарламасы – ел жастарына берілген мүмкіндік. Өзім осы игілікті көріп отырған жастың бірімін. Мектеп бітіріп, университетті мемлекеттік грант бойынша оқыдым. Жоғары оқу орынын бітіре салысымен баспана кезегіне тұрып, түрлі мекемелерде заңгер маманы болып жұмыс істеп келдім. 2020 жылы жастарға берілетін пәтерге өтінім бергеніммен өзіме сенімсіз болдым. Құжаттарым бағдарламаға қатысу талаптарына сай келіп, көптен күткен пәтерге қол жеткіздім. Бұл өзім үшін күтпеген жаңалық болды, – дейді З.Орынбеков.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы 2 бөлмелі пәтер алған Заманбек бүгінде өзінің замандастарына да кеңес бере бастаған. Қалалық Жастар ресурстық орталығында қызмет атқаратын ол өзге жастардың да баспаналы болғанын қалайды.
–Жыл сайын мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін пәтер саны шектеулі. Әйтсе де, кез келген жас өзі армандаған жетістікке жете алады. Көптің арасында таңдаулы болу үшін алдына қойған мақсаты мен жеңісті күндерден үмітін үзбеу керек, - дейді кейіпкеріміз Заманбек.

«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫМЕН» ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАДЫМ

– «Ел болашағы жалынды жастар» десек, елімізде жастарға үлкен қолдау бар. Атап айтқанда, білім алу, шетелде білімін жалғастыру, кәсіпкерлікпен айналысу, жұмыспен қамту бойынша түрлі бағдарламалар іске қосылған.

354

Соның ішінде мен «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа жолдама алған жастардың бірімін. М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің филология мамандығы бойынша білім алдым. Өткен жылы қолыма диплом алып, қаладағы бірнеше білім ордасына түйіндемемді қалдырғаныммен өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Басты кедергі – еңбек өтілімнің жоқтығы еді.
Таныс құрбым Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасуға болатынын айтқан соң, аталған мекемеге келіп, құжаттарымды өткіздім. Көп уақыт өтпей, жұмысқа жолдама берді.
Сәуір айынан бері «Шымкент Ақпарат Орталығы» ЖШС-де тәжірибе жинап жатырмын. Ай сайын мемлекет тарапынан жалақы беріледі. Мұндағы ұжымның көмегімен жұмысқа тез бейімделдім, ортаға сіңістім. Әр күнімді текке өткізбей, тәжірибелі мамандардан үйреніп жатырмын.
Мемлекет тарапынан жас мамандарға осындай мүмкіндік берілгеніне алғыс айтамын. Осы тұста, жоғары оқу орнын бітірген мамандарды жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға шақырамын.

Айдана МҰХТАРОВА,
жас маман