МЕКТЕПТЕРДІҢ 98 ПАЙЫЗЫ 5 КҮН ОҚЫТАДЫ Избранное

Пятница, 02 Сентябрь 2022 04:00 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1460 раз

Шымкентте жаңа оқу жылы 223 мектепте басталды. Білім ошақтарының саны былтырмен салыстырғанда 20 мектепке көбейді. Оның ішінде 152 мектеп – мемлекеттік оқу орындары. Тиісінше, оқушылар саны 242 525 баланы құрап отыр.

50

 

Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Жанат Арысбекқызының мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында 1 сыныпқа 28 мың оқушы қабылданып, былтырғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 3 мыңға көбейген. Тек Шымкентте ғана емес, елімізде оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп, мектеп саны өзекті тақырыпқа айналғаны қашан!? Осы келеңсіздікті жою үшін ел Президентінің тапсырмасы да бар.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 1000 мектеп соғылады. 2021 жылы 277 мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл 230 мектепті ел игілігіне беру жоспарланып отыр. 1 қыркүйек күнінде 80 білім ошағы ашылады, – деді ҚР оқу-ағарту вице-
министрі Ғани Бейсембаев.
Бұл орайда үшінші мегаполисте де тындырымды жұмыс атқарылуда. Қаланың 2021-2025 жылдардағы даму жоспарында білім саласына баса назар аударылған. Мысалы, 2025 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 101 мектеп ашу жоспары қойылған. Қазіргі таңда қаламызда жалпы 861 білім беру ұйымы бар. Олардың ішінде 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледж, 11 қосымша білім беру және 13 арнайы мектеп жұмыс істейді. Баршаңызға белгілі, еліміз бойынша биыл мектептерде сабақ өту 5 күндік жүйеге көшті. Оның ішінде, Шымкент қаласында 3 ауысымда білім берілетін 5 мектептен басқа 218 білім ошағы 5 күндік жүйеге ауысты. 45 мектепте – 1 ауысыммен, ал 173 мектепте 2 ауысыммен сабақ өтіледі. Қаламызда оқушылар санының көбеюі демографиялық ахуалға тікелей байланысты. Яғни, бала туу көрсеткіші артып, агломерация миграциясы да үлесін қосуда. Осыған орай мектеп санын көбейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Атап айтқанда, биыл қаламызда жыл соңына дейін 25 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олар жалпы саны 13 мың оқушыға лайықталған, – деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

51


Жаңадан ашылатын мектептерге тоқтала кетсек. 2021-2022 оқу жылы аяқтала салысымен биыл қалада 16 жаңа мектеп ашу жоспарланған болатын. Ол артығымен орындалып, жалпы саны 25 білім ошағы пайдалануға берілмек. Оның ішінде қыркүйек айында 20 мектептің кілті табысталады. Төртеуі мемлекеттік болса, қалғаны жеке инвестиция есебінен ашылады. Қалған 5 мектеп жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.
Соның нәтижесінде 3 ауысымда оқыту мәселесі де оң шешіледі. Ал биылға осындай №38, №46, №47 және №80 мектептерге қосымша құрылыс салынып, үш ауысымда оқитын мектептер саны 9-дан 5-ке азайды.
– Өткен жылы жоспардағы 15 мектептің орнына 24 нысан жаңадан салынса, биыл 16 мектептің орнына 30 білім ошағы пайдалануға беріледі. Оның ішінде жекеменшік мектептердің де үлесі көп. Ол білім ошақтарына мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру тәртібімен қаржы бөлінеді. Мемлекеттік мектептерде оқулық мәселесі туындамайды. Биыл 2 сыныптың оқулықтары түгелдей жаңадан сатып алынса, қалған сыныптардың оқушыларына қажет қосымша кітаптар алынды. Барлығы таратылып берілді. Осы орайда қала тұрғындары арасында жекеменшік мектептердегі кітаппен қамтамасыз етуге қатысты сауалдар туындап жатқанынан хабардармын. Бұл тұрғыдай айтарым, заң талабына сәйкес, жекеменшік мектеп ашылғанда берілетін лицензияда оқулықпен қатамасыз ету мәселесі де көрсетіледі. Сондықтан, жекеменшік мектептер оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуге міндетті, – деді Жанат Тәжиева.
Халық арасында туындаған сұрақтарға келгенде
Жанат Арысбекқызы мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысындағы сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты пікірлерге жауап берді.
– Шымкент қалалық білім басқармасында көрсетілетін 32 мемлекеттік қызметтің 30-ы цифрландырылды. Оның ішінде мұғалімдерді жұмысқа қабылдау да бар. Осы орайда және оқытушыларға сағат бөлуде сыбайластық жемқорлыққа жол бермеу үшін басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау HR Process порталы арқылы жүреді. Биылғы ҚР оқу-ағарту министрінің №57 бұйрығына сәйкес, өзгерістер енгізілді. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа қабылдағанда міндетті түрде алдымен әңгімелесу жүргізіліп, ол youtube каналы арқылы көрсетілетін. Ал биыл алдымен үміткердің бағалау парағы толтырылып, яғни, оның білім дәрежесі, санаттары, құжаттары, жетістіктері балдық жүйемен автоматты түрде хаттамаға шығарады. Ұпайы кем болған үміткермен әңгімелесу жүреді. Жоғары балл жинаған немесе жете алмағандар туралы, кімнің келесі кезеңге өткені порталда ашық жарияланады. Комиссия құрамында білім басқармасының өкілдері, мектептердің басшылары, мұғалімдер, қоғам белсенділері бар. Жақында әлеуметтік желіде «№90 мектепке өтіп тұрған орыс тілі мұғалімі туралы» пост жарияланды. Осыған орай айта кетерім, биылғы 16 тамыз күні мектеп орыс тілі мұғалімінің бос орнына конкурс жариялайды. Автоматты түрде жүйеде үздік балл жинаған маман келесі кезеңге өтеді. Бірақ, 20 тамыз күні білім басқармасына биылғы сабақ өту процесіне орыс тіліне қатысты өзгерістер енгені туралы құжат келеді. Сосын ол қабылдау тоқтатылады. Талапқа сәйкес 7 күнде шешім қабылдануы тиіс болатын. Үміткер азаматшаға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, осы орайда дене шынықтыру пәндері санының қысқаруына байланысты туындаған сауалдарға да тоқтала кетсек. Баршамызға белгілі, биыл бұл пән ұлдар мен қыздар арасында бөлініп өткізілмейді. Дегенмен, сағат саны қысқарып, жұмыстан шығып қалған пән мұғалімі жоқ. Дене шынықтыру бойынша 1385 мұғалімде 16-20 сағат аралығында жүктеме бар. Жүктемесі толмаған осы пән мұғалімдеріне биыл енгізілген «Жаһандық құзіреттілік» пәнінің сағаттары берілді. Оған қоса жекеменшік мектептерде дене шынықтыру пәні бойынша 113 орын ашылды, – деді
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы.
Жанат Арысбекқызы биыл қаладағы мектептер толығымен бейнебақылау, дабыл батырмалары және күзетпен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Сонымен қоса, оқушылар мен мектеп персоналының қауіпсіздігіне байланысты мектептердің жеке қазандықтары қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының теңгеріміне берілуде. Яғни, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей тапсырмасымен жылу қазандықтарына арнайы мамандар қарайды.
Айта кетейік, биыл да қаладағы мектептерде оқитын 1-4 сынып оқушылары түгел ыстық тамақ іше алады. Ал 6-11 сынып оқушылары арасында әлеуметтік әлсіз топтың балаларына мектеп жанынан құрылған комиссия шешімімен ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу жылы 36 аптаны құрап отыр. Оның ішінде 173 оқу күні болса, демалыс пен каникулды қосқанда жалпы 192 күн демалыс. Осылайша жауапты мамандар баланың білім алуына қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.