Достықты дәріптеген «Чак-чак байрамы»

Пятница, 28 Октябрь 2022 06:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6120 раз

chak-chak-bairam

Шымкент қаласының татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Чак-чак байрамы» мерекесін атап өтті. Татар ұлтының ең тәтті мерекесі аталып кеткен жиынға татар-башқұрт, өзбек, корей және өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Татар шығармашылық ұжымының орындауында халық әндері шырқалып, чак-чак мерекесінің басты тағамынан көрме жасақталып, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекелік басқосуда қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдің ішкі бейбітшілігін сақтауға үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктерге алғысын жеткізді.

–Күні кеше 25 қазан – Республика күнін тойладық. Сіздерді Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Шымкент қаласында 10 мыңнан астам татар-башқұрт этносының өкілі бар. Саны жағынан қаладағы ірі 5 этностың құрамына кіреді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ал, «Чақ-чак байрамы» қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Дастарханнан ерекше орын алатын бұл тағамды үлестіру арқылы этномәдени бірлестік өздерінің достық қарым-қатынасы мен ыстық ықыласын білдіреді. Бүгінгі мереке – соның бір айғағы, - деді Ербол Сүлейменұлы.

Шымкент қаласының қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенді мүшесіне қала әкімі мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан алғыс хаттар табысталды.

Одан кейін, шығармашылық ұжым әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалап, татар ұлтының тарихы жөнінде деректі фильм көрсетілді.