Шәмшінің фамилиясы Домбаев болатын Избранное

Пятница, 11 Август 2017 01:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5266 раз

Cаз әлемінің сұңқары, қазақ музыка өнерінің шыңға біткен шынары Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 15-тамызда 85 жыл толады. Киелі Отырар жерінде дүние есігін ашқан қарапайым ұстаның ұлы ұлттық ән әлемінің ұстазына айналып, мемлекетіміздің Әнұранын әлемге әйгіледі. Осындай дара таланттың тіршіліктегі бізге беймәлім қырлары, айтылмаған сырлары әлі де аз емес. Оның адами келбетін жақсы білетін ең жақын адамдары жанымызда жүр. Ендеше соның бірі – Шәкеңнің туған бауыры Қадыр Домбаевпен аз-кем сырласудың сәті түскен еді.

shamshi agha– Қадыр аға, фамилияларыңызға қарасақ Шәмші аға екеуіңізді бір әке-шешеден туған бауырлар деп ойламас едік. Сіз – Домбаев, Шәкең – Қалдаяқов?

– Ия, былайғы жұрт расында бізді бір-біріне қатысы жоқ бөтен жандар деп ойлауы мүмкін. Себебі фамилиямыз ғана емес, сырт келбет, пішініміз де бөлектеу. Бірақ бастапқыда екеуміздің де тегіміз бір еді. Шәкең де құжатында Домбаев болатын. Кейін өзгертіп алды.

– Неге?

– Е-е, ол бір қызық әңгіме.

Шәкеңді мектеп бітірген соң 1947 жылы Кентауға ФЗО-ға оқуға жіберген ғой. Әрине өзінің қалау-құлқымен емес, мәжбүрлеумен барған емес пе? Онда оқығысы келмеген ағамыз бір күні жаяулатып ауылға қашып келеді. Ол кездегі талап пен тәртіп қатал екені белгілі. «Партияның тапсырмасын орындамай қашқан адамды соттайды» дейді қайтып келген оған. Содан шынымен үрей туады. Заңмен қудаласа солай болуы да мүмкін бе еді? Әкеміздің паспорт столында істейтін бір жолдасы болған екен. Сол кісі бір күнде фамилиясын өзгертіп, басқа құжат жасап береді. Сонымен тегі Қалдаяқов болып өзгеріп шыға келген Шәкең ауылда көп аялдамай Ташкентке тартып кетеді. Тәшкен жақта шешемнің сіңлісі Зиякүл деген апамыз тұратын еді. Сол кісінің үйінде біраз тұрақтаған Шәмші ағамыз әкемнің «әмірімен» Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зооветтехникумына мал дәрігері оқуына түсті.

– Тағы да өз қалауы емес, әкелеріңіздің «әмірімен»?..

– Ия, солай. Ол кездің балалары әке-шешенің қалауынан, айтқанынан аса алмай, көңілдеріне қарап өсті ғой. Шәкең де сол райдан шыға алмаған болар. Кеңестік кезеңде ауылда шаруашылық саласының мамандары аса беделді саналатын. Әкеміздің: «Малдың маңында жүрсең жаман болмайсың. Ең болмаса етімізді әкеп беріп тұрарсың» деп әзіл-шыны аралас айтып отыратыны бала болсам да еміс-еміс жадымда қалыпты. «Капланбекті» тәмамдаған соң жолдамамен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында зоотехник болып істеп жүргенінде әскерге шақырылып, армияға кетті. Қиыр Шығыс– Оңтүстік Сахалинде үш жыл әскери борышын өтеп, 1953 жылы офицер шенімен қайтқан Шәкең ауылға соқпастан Мәскеуге өтіп кеткен ғой.

– Әскери қызметке ме?

– Жоқ. Оқуға. Мәскеудегі П. И. Чайковский атындағы мемлекеттік консерватория жанындағы академиялық музыкалық училищеге барып түсіп, сол жақта бір жыл оқыды.

– Қызық екен. Бұрын естімеген жаңалығымыз сияқты. Сосын? Оны бітірді ме?

– Бітіре алмады. Турасын айтқанда бітіруге мұрсат бермеді. Үйдегілер. Шешеміз «Ойбай, ана бала орыстың ішінде жүріп орыс болып шоқынып кететін болды, қайтсын, қайтарыңдар» деп қан қақсап, жылай берді. Содан үсті-үстіне аттандап телеграмма салып, «шешең бүйтіп қалды, анау өйтіп қалды» деп қара аспанды төндіріп хат жаза беріп, қайтарып алдық. Мәскеуде оқып жүргенде скрипка ұстап түскен суреті де бар.

– Ол кісі орысшаға жүйрік еді. Ол тілді сол сыртта жүріп үйренген ғой?

– Ия, үш жыл армиясы бар, бір жыл Мәскеуде жүргені бар, орысшаға озық болып оралды. Тіпті ауылға келгенде оны «ойбай-ау, Қалдаяқтың баласы шала қазақ болып кетіпті» деп таңданғандар да аз болмады. Негізі ол кісі қай нәрсеге де қағылез, қабілетті еді. Әйтпесе қалың қазақ қоныстанған ауылда орысшаға тіл сындырмай өскен Шәкеңнің орыс тілінің түбін түсіріп сөйлеуге аз уақыт аралығында машықтанып кеткені тегін емес.

– Сонымен келген соң зоотехниктігін жалғастырды ма, не істеді?

– Жоқ. Ол мамандықпен сол бойы қоштасты. Армиядан оралған соң ауылда экспедитор болып істеді. Темір совхозының сол кездегі директоры Шерім Ерманов деген кісі еді. Осы шаруашылықты 20 жылға жуық басқарып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған адам. Оның әйелі Салима деген апай совхоздың мәдени шараларын ұйымдастырушы болды. Өте іскер, жұмысты жандырып жіберетін, ойын-сауық, мәдени шараларды қыздырып ұйымдастырып, ауыл жастарын үйіріп әкететін. Шәкең сол кісінің қызықты шараларының басы-қасында жүретін белсенді өнерпаздардың бірі болды. Бойындағы өнерге деген құштарлық оны осы жолға біржола бет бұрғызып, ол 1955 жылы Ташкенттегі Хамза атындағы музыка училишесіне оқуға кетті. Ол онда музыка теориясы факультетіне профессор В. В. Великановтың класына қабылданған еді. Осында оқып жүргенінде бірде Шәкең Халық әртісі Жамал Омароваға жолығады. Ол кісі «Сен Алматығы Құрманғазы атындағы консерваторияға бар, оқуға түсуіңе жәрдем беремін» деп кеңес айтады. Әнші апамыздың көмегімен ағам консерваторияға қабылданып, 1956-62 жылдары оның барлық курсын тәмамдағанымен диплом ала алмай қалыпты.

– Себеп?

– Оның себебін Шәкең ашып айтқан емес. Менде ол кісінің 1990 жылы «Қазақ радиосына» берген сұхбатының көшірмесі бар. «Бақыт құшағында» деген сол хабарда Қарлығаш Оңалова деген журналист қызға берген жауабында Шәкең консерваторияның дипломын ала алмағанын бір-ақ ауыз сөзбен: «Өзімнен де болған шығар, өзгеден де болған шығар» деп жұмбақтап қана айтқан да қойған. Тегінде ол кісі біреуді жамандап, біреу жайлы жағымсыз әңгіме айтпайтын адам еді.

– Шәмші ағамыздың бойындағы өнердің бұлағы бастауын қайдан алды екен? Әдетте қазақ «қанмен беріледі» деп те жатады. Арғы- бергі тектеріңізден тараған бір тамыр бар ма әлде?

– Мүмкін солай да шығар. Біздің нағашы жұртымыз Шәді төренің немере інісі Бұхарбай төре болып келеді. Бір анадан туған шешеміз Сақыпжамал мен Зиякүл осы Бұхарбайдың қыздары. Шешелері қайтыс болып, анамыз бен сіңлісі жетім қалған екен. Әкемнің Ділдәгүл деген қарындасы болды. Тұрмыс құрмай оң жақта отырып қалған қыз екен. Сол апамызды Бұхарбайға қосыпты.

Тегінде қожалар қараға қыз бере бермейтіні бар. Бірақ біздің әкеміз Қалдаяқ Шәді төренің шәкірті болған адам. Шәді ақындығымен қатар темір ұсталығымен де әйгілі екені белгілі. Әкеміз зергерлік өнерді сол кісіден үйреніпті. Ұсталыққа бата берген де сол Шәді төре екен. Шәді ақынның жазғандарын қағазға көшіріп, түгендеп, үнемі қасында жүрген көрінеді. Немере інісі Бұхарбайдың қызын алып, қарындасын Бұхарбай төре алып, алмасып, жалғасып жатқаны да содан. Сонда бір қызығы – нағашы атамыз әкемізге әрі қайыната, әрі жезде болып келеді.

Анамыз Сақыпжамал да, әкеміз Қалдаяқ та өнерден қаражаяу емес еді. Екеуі әнмен айтысып табысқан екен. Әкеміз қыздардың ортасында тұрған шешеміздің тұсына келіп: «Сақыпжамал, бір өзіңде екі адамның есімі бар, жүрегімнің саған деген шешімі бар» деп әндетіп қоя беретін дейді. Анамыз да қарап қалмайтын көрінеді. «Мына жұрт сізді тегі «ұста» дейді, Сөзіңізді қайымдап ұшта мейлі. Атымыз екі есімнен тұрады рас, Сіздейге біздей сұлу сыр алдырмас» деп тәкаппарси тіл қатып, өлеңіне өлеңмен жауаптасады екен. Негізі ақындық жағынан шешеміз басым түсіп, әкемізді сөзбен тұқыртып тастайтын болыпты. Әйткенмен әкем қыздың қасындағы жеңгелерінің аузын өзі соққан білезік, сақиналармен «майлап» қойып, жеңгелері «Қалдаяқ жеңді» деп қыздарын әнтек жығып береді екен. Апам әкемді сол өлеңінде айтқанындай өмір бойы атын атамай, «ұста» деп кетті. Ал өзі расында сөзге шешен, әнге құмар адам еді. Қатты ауырып отырғанында да өзі өлең құрастырып, ыңылдап ән айтып отыратын. Әкеміз Қалдаяқтың бойынан да өнердің түр-түрі табылатын. Гармон, домбыра тартатын, әу бастан музыкаға әуестігі бөлек адам еді. 

Атамыз – әкеміздің әкесі Арыстанбек те ел ішінде сөз бен іске ұста болған деседі. Аузы дуалы, сөзі уәлі кісілермен, Шәді төремен аралас-құралас болған адам. Шәкеңнің талантының тамырын іздесеңіз, міне, осылардың өзі-ақ жеткілікті емес пе?

– Әлгінде фамилияларыңыз, әуелі Шәмші ағаның да фамилиясы Домбаев болған дедіңіз. Сонда арғы бабаларыңыздың атын алғансыздар ғой, солай ма?

– Бұл да бір бөлекше әңгіме өзі... Домбай деген негізі атамыздың лақап аты. Қалдаяқтың әкесі Арыстанбек домаланған ірі кісі болған екен. Сол тұрқына қарап жеңгелері Домалақ деп ат қойған да, оны қысқартып Домбай атап алған. Елге де солай Домбай атанып кетіпті. Сонымен өзінің азан шақырып қойған Арыстанбек аты ұмытылып, біздің фамилиямыз да Домбаев болып шыға келген ғой.

Әкеміз Қалдаяқ та атамыз сияқты орта бойлы төртбақ кісі болатын. Ал шешеміз шүйкедей қара кемпір еді. Әкей 1976 жылы қарашада, 85 жасында қайтыс болды. Ал анамыз Сақыпжамал шешектен қалған бозөкпе ауруынан ертерек, 1959 жылдың қарашасында дүние салған болатын. Шешем жарықтық 11 құрсақ көтерген екен, солардан бесеуміз – Тұмаркүл, Шәкең, Рысжан, мен және Райхан ғана қалыппыз. Қазір Райхан екеуміз ғана бармыз.

– Неге, екінші аналарыңыздан да бауырларыңыз бар емес пе?

– Ия, әрине... Мен Сақыпжамалдан туылғандарды ғана айтып отырмын ғой. Өзі ұзақ ауырған соң шешем әкеме Жұмаш есімді қызды алып берген. Ол кісіден Күләйхан, Көшербай, Клара, Қыдыр, Сабыр, Бақыт есімді бауырларымыз бар, Аллаға шүкір. Олар да – Қалдаяқов. Көшербай інім ОҚМУ- да шет тілдері кафедрасының меңгерушісі. Әйелі Қалдаяқова Ғайша пединститутта (ОҚМПИ) шет тілінен сабақ береді. Көшербай Алматыда Шәкеңнің қолында жүріп оқыды. Біз ешқашан аналарымыз бөлек деп бөлінген емеспіз.

– Аналарға арналған гимн сияқты болып кеткен «Ана туралы жырын» композитор ағамыз Сақыпжамал апа өмірден өткенде жазған дейді?

– Шешеміз қайтыс болғанда Шәкең Алматыда тұратын. Ол уақта басында тұрақты баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп, қиналып жүрген кезі. Салған телеграммамыз қолына уақытында тимей, қаралы хабарды бір жарым айдан кейін естіпті. Қазіргідей телефон байланысы деген қайда ол кезде?! Шешеміздің қазасы, оған уақытында жете алмағаны, топырақ сала алмағаны Шәкеңді қатты қайғыға салды. Анамызды аза тұтып, езіліп, еңіреген ол 40 күн бойы бір орнынан тапжылмай, дұрыстап тамақ та ішпей, тұңғиық мұңға батып, отырды да қойды. Іштей өзін де жеп, отырған көрпесі ойылып кеткенше орнын да өзгертпеді. Анаға деген махаббат, анаға деген сағыныш пен мұң көкірегінен ән болып төгілді. Шешеміздің қазасынан кейін көп ұзамай сол ән дүниеге келді. Сөзін Ғафу Қайырбеков жазды. «Ана туралы жырдың» толғағы күшті болды, бұл әнді дүниеге келтіру үшін оның 30 түрлі вариантын жаздым» дейтін еді Шәкең. Бұл ән бүкіл аналарға қойылған ескерткіш болып қалды.

– Бүтін қазақ елінің көгінде әні шалқыған Шәмші ағаның Қазақстан Композиторлар Одағына мүше болмауына консерваторияны бітірген дипломының жоқтығы ғана себеп болды ма, жоқ оған кедергі келтірген, қысастық жасаған жандар болды ма? Бұл туралы ағаның өзі айтатын ба еді?

– Шәкең кісінің жасаған жақсылығын асыра айтуға бар, бірақ біреудің жасаған қиянат, қысастығын жұртқа жария етіп, жамандаған жан емес. Ол кісіге жасалған қиянатты қасында жақын жүрген жандар көріп, білген болар. Солардың бірі – Мұхтар Шаханов. Ол кісі Шәкең жайлы соңғы жазған «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» деген эсселар жинағында біраз шындықты ашып айтыпты. Онда Қазақстан Композиторлар Одағын 28 жыл басқарған Еркеғали Рахмадиевтің Шәкеңді Одаққа мүшелікке қабылдамай, қиян-пұрыстық пиғыл танытқанын, оның бұл қылығын Мұхаң бірнеше рет бетіне басып айтқанын жасырмай жазыпты. Бірақ Күннің көзін алақаныңмен көлегейлеп жаба алмайтының секілді Шәкеңдей дара талантты жекелеген бір басшылар мойындағысы келмегенімен оның бағасын халық беріп, елі мойындады. Әрине өмірде әртүрлі пендешіліктер болады. Еркеғали ағамыз да өзінің кезіндегі ағаттықтарын кеш те болса сезінген болар, Шәкең қайтыс болғанда ол кісі Мәдениет Министрі ретінде жерлеу рәсімінің бар шаруасын өз мойнына алып, қаралы жиында «Шәмші – қазақтың ұлы композиторы», «Халықтың дара мақтанышы» деген сөздерді бірнеше рет қайталап айтқанын дүйім жұрт естіді. Әттең бірақ жақсылар тірісінде бағаланып, лайықты қошеметін көрсе ғой...

– Шәмші ағаның туған бауырысыз. Бірге өстіңіздер. Ол кісінің өнерге жақындығы бала күнінен байқалушы ма еді?

– Шәкең менен 12 жас үлкен. Арамыз алшақтау болғасын ол кісінің бала күнінен естелік айта алмаймын. Бірақ сәл есейген шағындағы кейбір көріністер есімде қалыпты. Шәуілдірде оман арық бар еді. Біздің үй соның жағасына қауын екті. Ел ол кезде негізінен мақта егетін. Жаз бойы сол арықтың жағасында ойнап, шомыламыз. Арықтың қасында үлкен тал болатын. Соның бұтағына шығып алып, суға секіреміз. Осы арықтың жағасындағы сол талдың көлеңкесінде Шәмші ағам да отыратын. Мектептің жоғарғы сыныбындағы кезі болса керек, қасында Мәкен деген немере әпкеміз, Қалтай деген досы болатын көбіне. Есімде қалғаны– үшеуі «Бір бала» деген әнді айтып отырушы еді. Шәкең мандолмен сүйемелдеп, әнге қосылатын. Ал «Құсни-Қорлан» әнін ағам махаббаттың гимні санайтын.

– Сол оман арықтың жағасынан арна алған ән теңізі бүгінде бүкіл қазақ елін вальс толқынымен тербеп, Шәмші ағамыз қазақтың Қалдаяқовына айналды. Артындағы бауыры ретінде көкейіңізді не тербейді, не толғандырады?

– Көзі тірісінде өзі көп құрмет көре алмағанымен оның өлмейтін әсем әндері өмірін жалғап келеді. «Менің Қазақстанымы» еліміздің гимніне айналды. Ән көгінде әндерімен бірге есімі де мәңгіге қалықтап қалды. Соны ойласам бауырлық сезіммен ет-жүрегім елжіреп, көкірегімді мақтаныш сезімі кернейді.

Құдайға шүкір, Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалін тұрақты өткізу дәстүрге айналды. Әндерін тыңдап, қанаттанып қайтамыз. Бірақ сөз реті келгенде көңілдегі өкпе-назымызды айтсақ, айып етпеңіздер. Біз, Шәкеңнің бауырлары қарапайым адамдармыз. Қазір қарапайым адамдарды көзге ілмейтін заман болды ғой. Егер біз мықты бір қызметтегі немесе ақшасы қалың бай біреу болсақ, «Шәкеңнің туыстары» деп құрақ ұшып, қол-аяғымызды жерге тигізбей қошеметтеп жатар еді. Ағамыздың ән кештеріне Райхан екеуміз шақырыламыз. Раушан барда ол да келетін. Бірақ бізді келдің ба, кеттің ба деп жатқан жан болмайды. Әйтеуір бір шеттен орын тиіп, қатысқанымызды қанағат етіп қайтамыз. Біздің Көшербай бастаған басқа бауырларымызға неге шақыру берілмейді? Состиып Райхан екеуміз ғана барамыз. Қаншама кештері өтіп жатса да тиісті мекемедегілер, ұйымдастыру алқасындағылар «мына кісілер Шәкеңнің бауырлары» деп халыққа бірауыз таныстырып, ілтипат білдірсе де төбеміз көкке жетіп қалар еді. Тіпті «осы кештен Шәмші ағамыздың бауырларына естелік» деп бір қаламсап силаған емес. Бұны бір сыйлық дәметкеннен айтып отыр демеңіздер. Көріп отырамыз, кейде әлгі ұйымдастырушылар мен басқарма басындағылар Шәкеңді өмірі көрмеген біреулерді қолпаштап, қолтықтап, шәт-шәлекейлері шығып жатады. Неге? Өйткені олар дөкейлер, абыройы қалтасымен өлшенетіндер. Сондайда жетім баладай бір бұрышта қалғаныңа қапаланасың. Шәкеңнің әруағы үшін болса да біздің ол жерде өз орнымыз бар деп ойлаймын. Кейде көңілді сондай жағдайлар мұнарландырады. 

Бірақ Шәмшінің есімін ешкім төмендете алмайды. Ол халқының жүрегінде, ән әлемінің биігінде Шолпан жұлдыздай жарқырап мәңгіге қалды. Ең үлкен бақыт – сол!

– Ағыңыздан жарылған әңгімеңізге рахмет, Қадыр аға!

 

Сұхбаттасқан
Асхан МАЙЛЫБАЕВА

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.