Қолөнер шеберлері орталығы ашылды Избранное

Пятница, 19 Январь 2018 04:07 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8112 раз

Шаһарымыздағы сәулеті келіскен мәдени орындар қатары «Оңтүстік қолөнершілер» орталығымен толықты. Елбасының «Болашақққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ашылған орталықта қолынан іс келетін шеберлеріміздің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге көздің жауын алатын алаша, кілем, тері, зергерлік әшекейлер, керамика, тоқыма, басқа да қолөнер бұйымдары қойылған.

Сонымен қатар, облыста қолға алынған «Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы бойынша жас ерекшелігіне қарамастан 300 қолөнершіні қысқа мерзімді оқыту жағы қарастырылған. Шәкірт даярлайтын қолөнер шеберханаларына әр оқушыны оқытқаны үшін ай сайын 30 мың теңгеден төленбек. Жұмыссыз жүрген дипломы бар қолөнер шеберлері сабақ беруге немесе тәжірибелік тәлімгер ретінде жұмысқа тартылады. Бейсбековтердің отбасылық «Алтын Орда» галериясының жұмысымен танысу барысында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлімдеді.

– Биыл 7 мың облыс тұрғынын қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдауды жоспарлап отырмыз. Соның ішіндегі маңыздысы – «Оңтүстік қолөнершісі» курсы болмақ. Аталған курс қатысушыларына ай сайын 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Сондай-ақ, басқа өңірлерден келушілерге жол қаражаты есебінде 9 620 теңге, тұрғын үй жалдау үшін 12 025 теңге төленетін болады. Курсты үздік бітірген 20 түлекке облыс әкімінің арнайы гранты ретінде 240 мың теңге тағайындап отырмыз. Осындай орталықтар облыстағы барлық аудан, қалаларда салынуы тиіс», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімімен кездесуінде Қазақстан Қолөнер шеберлері одағының облыстық филиалының төрағасы Болатбек Бейсбеков өңіріміздегі қолөнердің жай-күйін баяндай отырып, «Қолөнер шеберлері орталығы» жобасын таныстырды. Орталықты ашудағы мақсат қолөнер шеберлерінің қоғамдағы мәртебесін көтерумен қатар, салт-дәстүріміз бен ата-баба өнерін жаңғырта отырып, жастарға үйрету екенін атап өтті.

Атап өтсек, бүгінде облыста қазақ қолөнерін шетелдерге дәріптеп жүрген Қазақстан Қолөнершілері Одағының 23 мүшесі бар. Әр туындысында ұлттық нақышта салт-дәстүріміз бен қазақи болмысымызды бейнелей білген шеберлер бұған дейін Үндістан, Малайзия, Түркия, Түрікменстан, Непал, Қытай, Тайланд елдерінде болып қайтты.

 

Азамат ЖАППАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.