Ұлт тарихындағы Ұлы белес Избранное

Пятница, 20 Апрель 2018 04:42 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4036 раз

Оңтүстікте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, іске асырылған. Соның ішінде Шымқалада құны 300 млн теңге болатын «Қос ана» балабақшасы салынды.

DSC 9672

– Елбасының бағдарламалық мақаласының негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз тапсырманы екі арнада іске асыруды қолға алдық. Оның бірі – ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы, жаһандық дамудан өз үлесімізді алу. Екіншісі – өткен тарихымыз бен дәстүрімізді асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасы бойынша демеушілер тарапынан жалпы құны 31 млрд 467 млн теңгені құрайтын 577 өңірлік жоба жүзеге асырылуда. 6 млрд 586 млн теңгенің 482 нысаны аяқталып, пайдалануға берілді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиында туған еліне, жеріне, өз ауылына, білім алған мектебіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлердің еңбектері өзгелерге үлгі болатын шынайы патротизмнің көріністері екені айтылды.

Бұған қоса облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы үш тілде жарық көрді. Сонымен бірге аз-кем уақыттың ішінде тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беруде «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдері түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылған.

Ұлттың ұйытқысы болған басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алдағы міндеттер мен жоспарлар да талқыланды. Айталық, дәл қазіргі таңда Қазақстанның көне қалалары, тарихи тұлғалары, табиғаты, киелі орындары, әдет-ғұрыптары туралы 17 кітап шығару, 10 фильм және 4 анимациялық фильм түсіру жұмыстары жүруде. Жиынға қатысушы қонақтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құнды жәдігерлерден жасақталған кешенді көрмені де тамашалады. Ел зиялылары Елбасы мақаласының өңірде атқарылған жұмыстарына пікірлерін білдіріп, болашақта ескерілер мәселелерді назарға алуды ұсынды.

DSC 9655

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы-журналист, Алаш сыйлығының лауреаты:

– Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әдебиетті, кітапты жаңаша жаңғырта, жүйелендіре, соны серпілістермен, тосын сілкіністермен, тебіреністі тәсілдермен, әсерлі әдістермен түсіндіріп, түйсіндіріп, сезіндіру, нақ насихаттау жағы жетіспей жатыр. Жаңа жолдарды іздестіру, терең іздену жағы кемшін секілді көрінеді. Шоулар мен шуларға бой алдырып, ой жеңдіріп жібергендейміз, әдебиетті жүйелі насихаттауға жаппай жұмылған, шаршаусыз да шашаусыз жылдар бойы жаңарта, жаңғырта жүйелеген жөн болар еді. Қалай болғанда да ұлттық кодтың уызы да, ұлттық болмысы мен ұлттық рухты құнарландырудың ең негізгі қайнар көзі де,басы, құралы да, сайып келгенде әдебиет екенін естен шығаруға болмайды. Бүкіл елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдары бойынша қаншама тірліктер істелді. Енді мейірбан меценаттар бизнестің әдебиеттік жауапкершілігі деген ізгі бастама көтерсе деген ұсыныс бар. Оны Абай саябағындағы ұлы ақынның ескерткішін еңселендіруден бастаса деген өтініш бар. Адамзаттың Абайына қойылған ескерткіш тозып, қазағымызды рухани жаңғыратын, биіктетін туынды емес, рухты жасытатын, керісінше, намысты төменшіктететін нәрсе болып тұр.

DSC 9664

Амангелді АЙТАЛЫ,
қоғам қайраткері:

– Біздің тәуелсіздік алуымыз, дербес ел болуымызбен қатар нарықтық экономикаға көшу, бір жағынан ақшаны, дүниені алға шығарып, рухани құндылықтарды кейінге ысырғаны рас. Сондықтан біршама жыртығымызды жамап-түзегенімізбен, өзіміздің жұтаңдығымызды, әлі де болса отаршылдық заманның кебінінен шықпағанымызды, орыстылығымызды, тыраштанып еуропалықтарға еліктегенімізді түсіне бастаған сияқтымыз. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарға енді бір жыл толды. Нәтижелі жұмыстар баршылық. Тек бұл игі істерді науқанға айналдырмай, терең білім, мәдениет, ғылым арқылы халықтың санасына сіңдіру қажет. Халықтың санасын өзгерту оңай емес. Сондықтан бұл ұзақ жылдарды, еңбекті қажет етеді.

DSC 9677

Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» республикалық газетінің бас редакторы:

– Оңтүстікте рухани жаңғыру бойынша жастардың тәрбиесіне қатысты қолға алған дүниелердің ерекшелігін дара айтқым келеді. Соның ішінде маңыздысы – ұлттық анимацияны дамыту жұмыстары. Мәселен, Қажымұқанды, қасиетті Қазығұртты, киелі Отырарды қорғауды мультфильм арқылы қолға алуын үлкен жетістік дер едім.
Сонымен қатар «Киелі Қазақстан» бағдарламасы бойынша киелі жәдігерлер санатына жататын ең көп нысан осы өңірден ілініп отыр. Осы тұста аймақтың туризм саласын дамытуға мемлекет ерекше назарға алса деген ұсыныс бар. Себебі Қазақстанда туризмді дамытамыз деп, миллиардтаған қаржы бөлінеді. Әр облысқа, тіпті, адам сирек баратын Солтүстік өңірлердің туризмін дамыту бағдарламасы бар. Әрине, әр облыстың дамығаны жақсы. Бірақ табиғаты, тарихы, қонақжайлылығы, қызмет көрсетуіжағынан сұранып тұратын облыс – Оңтүстік Қазақстан облысы. Мұнда жылдың 12 айында туристердің назарын аударатын киелі орындар, құмдар, жазғы демалыс аймақтары, тіпті, қыста шаңғы тебуге болатын орындар баршылық. Сондықтан Оңтүстіктің туризмін мейліншедамытып, өзгелер үлге етсе де болады.

DSC 9704

Дихан ХАМЗАБЕКҰЛЫ,
ғалым:

– Оңтүстік дегенде біздің көңіліміз бөлек болуы керек. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысы – бүкіл Қазақстаның моделі. Мұнда әлемді түркі дүниесімен біріктіріп Түркістан тұр, мұнда арғы дүние мен бергі дүниені жалғастырып Қазығұрт тұр. Бұлар миф не фольклор емес, бүгінгі күннің шындығы. Бұл тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан, Созақ, Қазығұртта атқарылып жатқан жұмыстармен жақсы таныспыз. Бұл жұмыстардың барлығы ғалымдардың зерттеулеріне мұрындық болуда.
Ұстаз болғандықтан енді өңірде ұрпақтың сапалы білім алуына, тәрбиесіне мән берілсе деген ұсыныс бар. Себебі, жыл сайын Оңтүстіктен талантты балаларды оқытамыз.
Елбасының мақаласын жүзеге асыруда елімізде бірлік, тірлік қажет. Ал тірлік күннің сәулесі түскен жағынан басталады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.