Версия для печати

Домбыра – қазақтың бренді

Пятница, 05 Июль 2019 05:15 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4583 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстандықтар биыл екінші рет Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын.

DSC 0052

Елбасының бастамасымен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып жатқан бүгінгі тұста бабадан қалған төл өнеріміздің мерейін өсіріп, болашақ ұрпаққа аманат ету – маңызды іс. Сан ғасырлық тарихқа жалғасқан сондай ұлттық құндылығымыздың бірі – музыка аспабын жасау. Қос ішектен төгілген күй адамның жанын балқытып, қайталанбас ерекше әсерге бөлейді.

Осы орайда күйшінің шеберлігінен аспаптың бабына сай жасалуы тасада қалып жататыны да бар. Мұны айтып отырғанымыз, домбыраның құдіреті мен киесін ұғынған жан ғана аспапқа ұлттық нақыш беріп, «жан» бітіре алады. Шымкентте тұратын Өмірсерік Нұртай сондай хас шебердің бірі. 27 жылдан бері домбыра жасауды кәсіп еткен ағаш ұстасы Ұлттық домбыра күні қарсаңында домбыраның жасалу құпиясымен бөлісті.

Сурет – ағаш өнеріне жақын

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді 1990 жылы суретші мамандығы бойынша тәмамдаған Өмірсерік Нәбиұлы алдымен бір-екі жыл басылымдарда карикатура салумен шұғылданған. Кейін Ресейге әскерге аттанып, сол жақта жүріп ағаш шеберлерінен өнер үйреніп, елге оралған бойда домбыра жасауға деген қызығушылығы осы салаға келуіне түрткі болған.

– Негізгі бұл атакәсіп деуге болады. Бірақ әкем домбыра құрастырмаған. Кейде мені қайрап, «Атаңа ұқсап темір ұстасы болмасаң да, домбыра құрастырсаң жаман болмас едің» дегенді жиі айтатын. Сол сөз де әсер еткен болар. 1992 жылы әскерден оралған тұста ағаштан аспап жасауға қатты көңілім ауды. Табиғи ресурстары мен кептіру технологияларын зерттеп, дауыстарын келтіруді үйрене келе алғашқы домбырамды құрастырдым.

Талдықорғандық Серік деген ағамыз болатын, сол кісі ақылын айтып аздап ұстаздық еткені бар. Кем-кетігін жүре келе түзедім. Тіпті, домбыра шертуді сол кездері үйрендім (күліп). Қазір соңымнан ерген Ертай інімді баулып, кішігірім шеберханада домбыра құрастырамыз. Ұлдарым да кейде қолқабыс жасайды, - дейді 48 жастағы шебер.

Ағаш ұстасының айтуынша, бүгінде қажет заттардың барлығын табу оңай, сауда орталықтары мен ағаш базарларында сатылады. Орташа есеппен бір домбыра жасауға 3-4 күн, кейде бір апта уақыт жұмсайды. Шебер әр дүниенің жасалу ерекшелігі мен саз үндестігін ұлттық таным түйсігі арқылы жеткізуге тырысады.

– Арзан домбыралар қарағаштан жасалады. Жаңғақтан жасалғаны қымбаттау жүреді. Жұмысы ауырлау болғандықтан, бағасын соған лайықтап айтамыз. Ал шетелден арнайы алдыратын қызыл ағаштан жасалған аспаптар одан да қымбат саудаланады. Бірақ, біз көбіне халықтың шама-шарқы келетін, қалтасы көтеретін домбыраларды құрастырамыз. Бағасы 7-10 мың теңгеден басталып 150 мың теңгеге дейін барады. Ағаштарды тақтайлап сатып аламыз.

Аспаптың тапсырысқа сай пішімі, өлшемі болады. Алдымен өлшеп сызасың, содан соң кесесің және суға салып қоясың. Мұнан кейін қалыпта иіледі. Шанағы жонылады. Құрастырылып, желімделеді. Кептіріп, 3 мм қалыңдықта бет тақтай дайындаймыз. Одан бөлек бас, құлақ, мойын, серіппе, тұғырын жеке-жеке қалыпқа келтіру арқылы домбыра құралады.

Барлығы өзінің технологиясына сай жасалады. Өзім кәсіби суретшімін. Ою-өрнек кескіндеу қиындық туғызбайды. Қазір ағаштарды сан түрлі қалыпта өңдейтін, миллиметрді мінсіз жонып шығаратын аппараттар бар. Соларға қол жеткізуді көздеймін, - дейді ұста.

Аспапты алдымен өздері сынайды

Ұлттық мұрамызды насихаттап, қазақтың бас аспабын құрастырып жүрген шебердің сөзінше, тапсырыс берушілердің ішінде домбыраны сыйға таруға алып жататындары жиі кездеседі. Ұста өзі жасаған дүниесінің көптігімен емес, сапасымен мақтанады. Қол жұмысы болған соң, мұқият, әр ұсақ-түйегіне дейін мән беріп жасайды. «Бұл аспап қателікті кешірмейді. Әуеннің дұрыс шығуы домбыраның сапасын көрсетеді», дейді шебер.

– «Кеңес», «Қосалқа», «Көңіл» толқыны сынды күйлерді тапсырыс берушілерге тартып, тексеріп береміз. Астыңғы, үстіңгі, орта ноталарды естіп, пернелердегі дыбыстың таза шығуына көз жеткізіп алып жатады. Жалпы, бұл қауіпсіздікті талап ететін кәсіп, - дейді қолөнер шебері.

Себебі домбыра жасауда кесетін, тілетін өткір жүзді құралдар пайдаланылады. Домбыраның шорт сынып, кейде тез бұзылуын шебер ұстаның қол жұмысы және оны қолданушының салғырттығы деп біледі. Аспап бірқалыпты температурада тұрып, арнайы қаптамада күтіп ұстауды қажет етеді. «Сонда ғана оны ұзақ жыл өнерге серік етуге болады», деді қолөнерші.

DSC 6893

Қазақты қазақ ететін ұстынның бірі – ұсталық. Ол қанмен келеді, тұқым қуалайды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы өнерімізді ұлтымыз қашан да ұлықтаған. Өйткені, қолөнер – ешқашан өшпейтін өлшеусіз өнер. Осы бір қасиетті өнерді жанына серік еткен Өмірсерік Нәбиұлының айтуынша, ағаштың да жаны бар.

Ол ағашты қолына ұстағанда-ақ одан қандай домбыра шығатынын сезіп тұратынын айтады. Өзі әр ағаштың қадір-қасиетін бағалайды. Ал жасаған домбыраларын айтыскер ақын Мэлс Қосымбеков сынды ұлтымыздың қасиетін айғақтап жүрген дарындар ұстап жүр.

– Домбыра – әр қазақтың серігі, жолдасы. Қазақ бар жерде домбыра бар, домбыра бар жерде қазақ бар. Елдігімізді төл өнерімізбен ұстап тұра аламыз деп ойлаймын. Жұбайым екеуміз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкені жоғары оқу орнын тәмамдаса, қалғандары мектеп жасында. Олардың бойына ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді сіңіру, мәдениетімізді таныту – біздің басты мақсатымыз, – дейді Өмірсерік ұста.

Түйін:

Бүгінде елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына баса мән беріліп, ұлттық жаңғыру тұрғысында көптеген іс-шаралар атқарылуда. Ұмытуға шақ қалған жауһарларымыз аршылып, көне дәстүрлеріміз қайта салтанат құруда. Соның бірі – 2018 жылы алғаш рет Ұлттық домбыра күнін атап өттік. Бұл да болса өшкеннің жанып, өткеннің қайтып оралғаны.

Азамат ЖАППАР
Фото – Серік ҚОСАЕВ