«Жауһар жырды жүрегінде тербеген…»

Среда, 20 Ноябрь 2019 03:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3250 раз

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін,

…Өлең, мен сені аялап өтемін! – деп, өзінің ақындық кредосымен келген Фариза Оңғарсынованың есімі қазақ поэзиясының көгінде Шолпан жұлдыздай жарқырап тұр.

IMG 2096

Найзағай сезімді ақынның отты да өр рухты өлеңдерін оқымау Мархабат Байғұт сөзімен айтсақ, обал-ақ. Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен ақынның 80 жылдығына орай өткізілген «Жауһар жырды жүрегінде тербеген…» атты жыр кеші Фариза Оңғарсынованың жырларымен қауыштырған әсерлі шара болды.

ОҚМУ студенттерінің сахналық қойылымымен ашылған кеш Фариза туралы деректі фильмге жалғасып, одан соң қатысушылардың естеліктеріне ұштасты. Кеш қонақтары «Әйел құпиясы» газетінің бас редакторы Фатима Жүнісова, «Ақылдым» журналының редакторы Әсия Жұлдызбаева, «Парасат» колледжінің оқытушысы Әлия Атаханова, музыкатанушы Гүлнәр Сахова ақын жырларының таза, өр рухтылығын айта келе, Оңғарсынованың қоғам, мемлекет қайраткері ретінде де тұғыры биік тұлға екендігіне тоқталды.

Онан әрі кеш жыр мен әнге ұласты. №134-ші мектептің 8«А» сынып оқушысы Аймұрат Көркемнің «Фаризаға арнау» өлеңі, 6«А» сынып оқушысы Байтемір Жасұланның М. Мақатаев өлеңіне жазылған «Фариза қыз» әнін әуелете шырқауы көрерменді ерекше әсерге бөледі. Ал, кеш қонақтары әнші Бақтыбай Қадыровтың қоңыр дауыста гитарамен орындаған «Найзағай сезім», Ермек Қалымбетовтың шырқауындағы «Бағдаршам» әні ақын жырларындағы сезім сұлулығымен әдемі үйлесім тапты.

Кеште өнер көрсеткен студенттер мен оқушылар «Алғыс хатпен» марапатталды.

«Мен сонда жылап қалғам 
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Мұның бәрі неліктен? Білесің сен өзіңді ұнатқаннан», – деп Фариза ақын жырлағандай, бойымыздағы «жақсы көру» сезімі сарқылмасын… Себебі болмысымыздағы бүкіл адами құндылықтар осынау ұлы сезімнен бастау алады емес пе?

Ұлтуар БЕКСЕЙІТОВА,
Шымкент қалалық жасөспірімдер
кітапханасының бөлім меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.