Жиында болашағынан үміт күттірген бүлдіршіндер ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, ән шырқады. Балабақша басшылығы ұлы ақынның мерейтойына орай әр айға шаралар жоспарын құрған екен.
– Осындай шаралардың маңызды екені сөзсіз. Мақсатымыз – ұлы кемеңгер, ойшыл ақынымыз Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін, жас ұрпаққа насихаттау. Дара тұлғаның өлеңдері арқылы бүлдіршіндердің бойына адами қасиеттерді сіңдіру. Осылайша, өскелең ұрпақ ұлы тұлғаларымызды ұмытпай, оның шығармашылығына қызығушылық танытады. Бұл шараны ұйымдастыруға ата-аналар да ерекше белсенділікпен атсалысты, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлмира Тойбаева.
Айта кетсек, «Алтын бесік» – қаламыздағы үздік бөбекжай-балабақшалардың қатарында. Мекеменің шығармашылық тобы республикалық байқауларда жоғары көрсеткішке ие болып жүр. 1967 жылы негізі қаланған балабақшада бүгінде 20-дан астам білікті педагог 220 бүлдіршінге тәлім береді.