Менің мерейлі мектебім Избранное

Пятница, 06 Декабрь 2019 05:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3918 раз

Тарихы терең, тағлымы бай «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен үшін журналистік жолымда машығы мол үлкен мектеп болғанын мақтанышпен айта аламын. Осы басылымда 10 жыл қызмет істеппін.

408

 

Бұл жылдар менің кәсіби тұрғыда шыңдалып, қаламымның ұшқырлана түсуіне, шын мәнінде шеберлік сынынан өтуіме жол ашқан жылдар болды. КазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң облыстық телеарнада жұмыс істеп, одан қарашаңырақ басылымға ауысқанымда телеарна мен газет жұмысының әдісі мен әлібі мүлде бөлек екенін түсіндім. Әр сөзің тарихтың таспасына түсетін газеттегі мақаланың әр сөйлемін жүйелі, құнарлы құрумен бірге ойды тиянақты, тұщымды жеткізуге үйреткен осы мектептен мен көп нәрсе үйреніп, тәжірибе толыстырдым.
Редакцияға жұмысқа келгенімде саясат бөліміне тілші болып қабылдандым. Бөлім меңгерушісі Асхан Майлыбаева менің газет қызметіндегі тәлімді ұстазым болғанын айтқым келеді. Телеарнада «стендапқа» үйренген журналист үшін газет мақаласын мүдірмей жазып кету оңай емес еді. Сондықтан болар, екі-үш сөйлемнен кейін айтарым таусылып қалғандай, мақаланы қысқа қайыра салатынмын. Мұндайда
Асхан апайдың ақылы мен көмегі мені жазу мәнеріне төселдіріп, газет жұмысына бірте-бірте кірігіп кеттім.
Ол кездерде бүгінгідей интернет деген мүлде жоқ. Журналист қажет факті мен ақпаратты екі аяғымен кезіп жүріп, тиісті мекемелердің есігін тоздырып жүріп жинайтын. Есімде, біздің бөлімге
Астананың 5 жылдығына байланысты материалдар дайындау тапсырылды. Сонда Асхан апай екеуміз Пушкин кітапханасына барып, күнұзақ республикалық газеттерден
Астанада салынып жатқан құрылыстар, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттарды там-тұмдап жинап, шұғыл түрде мақалалар дайындаған едік. Аудандарды аралап келіп, келесі күні шығатын газетке түнімен отырып материал жазып, таңертең секретариатқа тапсыратын талап та бізді тиянақтылыққа, оперативтілікке, жауаптылыққа тәрбиеледі. Бұл шын мәнінде шығармашылық ізденіс пен журналистік машықты қалыптастыратын қатаң тәртіп еді. «Оңтүстіктегі» қиындығымен қатар қызығы мол сол жылдар мені кәсіби біліктілікке баулыған тәжірибе мектебі, соған қоса болашақтағы өсу баспалдағыма жол салған сүрлеу екен.
Тойың құтты, ғұмырың ғибратты болсын, қарашаңырақ!

Айгүл ҚАПБАРОВА
Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.