«Ақыннан шыққан ақ тұйғын, Толқытты көптің жанын бір...» Избранное

Пятница, 07 Февраль 2020 04:00 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3628 раз

«Мәртебелі поэзия мінберінің» төрінде бұл бейсенбіде елі хан қызындай Ханбибі деп еркелеткен айтулы ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы отырды.

 DSC8016

Өлең сүйген, поэзияны жан құмары деп білген қауым үшін бұл жүздесу ақ түйенің қарны жарылған үлкен той секілді әсерлі өтті. Ақын кешінде мөлдір жыр да оқылды, халық арасында кеңінен таралып кеткен керемет әндер де шырқалды, поэзия тойының төріндегі Хан апаға арналған ақжарылқап тілектер де айтылды. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев ақынды құттықтап, қошаметін көрсетті. Тіпті, өзбек ағайындарымыз да осы жиынға арнайы келіп, ықыласын білдірді. Х.Есенқарақызының «Жібек» атты кітабын өзбек тіліне аударған Сағатай Камалқызы мен Зокиржан Моминжанов, Абдугаппар Абдурауовтар сөз алды.

– Мен Ханапамды өзіме ұстаз санаймын. Біздің тіліміз бөлек болғанымен, мұңымыз бір. Бұл кісімен осыдан екі жыл бұрын «Жібек» атты кітабы арқылы таныстым. Аталған кітапты Ханекеңнің сабырлы да байсалды, қанағатшыл анасынан өзбек жұрты да үлгі алсын деген мақсатта аудардым, - деді Сағатай Камалқызы.

Бұл басқосу – поэзияға көрсетілген құрмет болғандықтан биыл мерейлі 175 жылдығы аталып жатқан ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдері оқылмаса, сірә, болмас. Қаламыздағы С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейінің оқушысы Алина Лесбек Абай жырларын жатқа айтты.

Іс-шара жүргізушісі ақын, журналист Нармахан Бегалұлы Абайды ешкіммен қатар қоюға болмайтынын айтады.

– Абай өзінің шыққан биігінде мәңгі қалды. Ұлы ақынның өлеңдері махаббатпен басталып, парасатпен аяқталатын, биік шыңға көтерілген үлгілі поэзия деп айтуға әбден құқымыз бар. Абайдың жұмбағын ешқайсымыз әлі шешіп біткеміз жоқ. «Абай жолы» дәуірнамасы жазылды. Содан кейін Рамазан Тоқтаров «Абай» деген кітап жазды. Сонда да ұлы ақынның әлемі мәңгілік тақырып болып қала берері айқын, - деп хакім Құнанбаевтың поэзия бедеріндегі тереңдігіне тоқталды.

Ал ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова «Мәртебелі поэзия мінберіне» көтерілген Ханбибі Есенқарақызының ақындық қайратына, күш-жігеріне әрдайым тәнті болып жүретінін тілге тиек етті. «Көптеген өлең арнадық. Қанша жыр арнасақ та, ақын апамыздың барлық қырын өлеңге сыйғыза алмай келеміз. Ол қазақ позиясын жанрлық жағынан байытып келе жатыр дей келе, Есенқарақызына арнаған өлеңін оқыды.

Анар Жаппарқұлова, ақын:

 DSC7860

Дәл бүгін орын алып нақ төрімнен,
Ақындар ақ ордама бақ көрінген.
Өмірдің қуанышы құралмай ма,
Ақынның шын қуанған сәттерінен.
Армысыз, өлең сүйген қалың қауым,
Жиылған ақ ниетпен, ақ көңілмен.

Айналып асыл өлең жол басына,
Құйылды мөлдір бұлақ арнасына.
Кешегі балғын жүзді балауса қыз,
Келіпті оқырмандар ордасына.

Бұл жерде Сіз біліммен табысқансыз,
Бұл жерде Сіз желменен жарысқансыз.
Қазақтың Бауыржандай батырымен,
Тайсалмай тура сөйлеп танысқансыз.

Үні бар Махамбеттің жырыңызда,
Гүлі бар кең даланың сырыңызда.
Бар қазақ сізбен бірге күлім қағып,
Бар қазақ мұңаяды мұңыңызға.

Ашынып Сіз ешкіммен ұрыспайсыз,
Жасырып жалтаңдауға тырыспайсыз.
Жаныңды жабырқатар жалғандықты,
Кәдімгі қиып түсер қылыштайсыз.

Жақпаса еріместен мұз боласыз,
Кей сәтте көңіл түсіп сызданасыз.
Әйгілі Маржан ақын айтқандай-ақ,
Ақ көңіл, жанашырсыз, ізгі анасыз.
Өзінің күйеуінің ғашығына,
Қазақта өлең жазған Сіз ғанасыз.

Ұқсайсыз жауып өтер жасындарға,
Анадан асқан, сірә, асыл бар ма.
Жол тартқан оқырманға он томдығың,
Жалғассын ғасырлардан ғасырларға.

Жиын барысында Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері ақынның сөзіне жазылып, халық арасында кеңінен танылып кеткен «Нүрикамал», «Алтынай» әндерін орындады.
Ал ҚР Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева кеш иесінің «Дос іздедім» деген өлеңіне жазған әнін шырқады.

Айта кету керек, «Нүрикамал» әні Ханбибі апамыздың жары Тұрдықылыш Ізтаев бір көргеннен ғашық болған Нүрикамал атты қызға арналған өте әсерлі ән. Осы ән турасында жазушы Дулат Исабеков «Жарын берген жанын бергенмен бірдей. Бірақ, жанын беріп тұрса да сол Нүрикамалды әнге айналдырған біздің Ханбибі шынында қайсардың қайсары, мықтының мықтысы» деп айтқан екен. Бұны Х.Есенқарақызының өмірде де, өлеңде де ізін басып келе жатқан сіңлілерінің бірі ақын, Б.Өтеп атындағы өнер мектеп-интернатының директоры Маржан Есжанова айтып берді. Ал өзі осыдан екі жыл бұрын Атырауда үлкен айтыс болып, Айбек Қалиевпен финалға жетіп, қос ақынның ұпайлары тең боп тұрған кезде қазылар алқасы Ханбибі апасының:

«Той болады ауылда, той болады,
Киіз үйге толтырып айналаны.
Сол ауылдың баласы еркін сөйлеп,
Сол ауылдың баласы бәйге алады», - деген бір өлең шумағын еске алып, «Айбек, сен өз ауылымыздың баласысың ғой қонақты риза етіп қайтарайық» деп Бас бәйгеге тігілген көлікті ақын қызының қанжығасына байлап жібергенін, сөйтіп, Хан апасының өлеңінің шарапатын көргенін мақтанышпен айтты.

– Ханбибінің ақындығы ет пен терінің арасындағы қызыл желдің желігі емес, бұл таза табиғи қабілет. Бұл қасиет өзінің анасы Гүлзиядан дарыған ғой деп ойлаймын. Оның өлеңдері епшіл емес, көпшіл жұртқа түсінікті. Жұртқа түсінікті, қарапайым болмаған өнердің өзі кейде жұмбақ күйінде қалып қояды, авторға келетін абырой кешігеді, - деген Нарағамыз «өнер – бәсеке, ол – бақталастық емес. Біз бақталасып емес, бәсекелесіп өлең жазсақ жақсы» деген пікірін білдірді.

Сондай-ақ, ақынның балауса шақтағы өлеңдерімен есейіп, етек-жеңін жинаған кезде, Тәуелсіздік алған жылдары жазған өлеңдеріне тоқталды.
Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің студенттері Ханбибі Есенқарақызының жырларын әдеби композиция оқыды.
Арнау өлеңдер мен өзі туралы пікірлерді өзіне ғана жарасар паңдықпен тыңдап, әнтек қана жымиып отырған Хан апаға сөз кезегі келгенде сөзінің әлқиссасын Абаймен бастады, Абаймен аяқтады.

– Мен бір өлеңімде «Абайды – поэзияның пайғамбары» деп едім. Абайды жасымыздан оқыдық. Оның поэзиясымен сусындап өстік, - деді дана, дара ақынның поэзиясын пір тұтып.
Абай Құнанбаевтан теріп алған өлеңдерімен қатар «1997 жыл. Қыс» сияқты өлеңдерін оқыды. «Атақты адам береді, абыройды Алла береді. Сондықтан атаққа емес, абыройға қызмет етейік! - деп сөзін түйіндеді кеш кейіпкері.

 DSC7811

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.