Арыстандарды арбаған ару Избранное

Пятница, 05 Июнь 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3108 раз

Тарихы да, дәстүрі де терең Ресей кәсіптік циркінде Дуровтар, Филатовтар, Бугримовалардың өнері дрессураның, жануарлармен жұмыс істеудің классикасы болып қалыптасқан. Олар жыртқыш аңдардың небір айбарлы, қауіпті дегендерімен ыждаһатты «ынтымақтаса» біліп, адамзаттың санасы мен ақыл-ойы, талғамы артық екенін дәлелдеп, оларды өз ықтиярына көндіре отырып, табиғатпен үндестіктің бір сарасы ретінде цирк манежінде тәуекелге толы керемет бағдарламалар көрсетуде.

60

 

Өнердің осы тектес ғажайып жанрларының жиынтығын құрап, көрерменіне сиқырлы сәттер сыйлайтын Қазақ мемлекеттік циркіне биыл 50 жыл толып отыр. Қазір республикада 3 кәсіптік, стационарлық цирк ұжымы жұмыс істейді. Соның ең кенжесі – «Шымкент-цирк» МКҚК 2011 жылдың соңында өз күмбезін көтерген болатын.
Осы кезең ішінде шығармашылық ұжымның таңғажайып алтын қоры, орындаушылық мектебі қалыптаса бастады. Цирктің көп жанрын қамтыған шымыр да ержүрек мамандар бұл өнердің деңгейін едәуір көтеріп тастағанын мақтанышпен айтсақ та болады. Осы «Шымкент-цирктің» талантты шығармашылық тобында шоқтығы биік, жаратылысы бөлек бір жауһары бар. Эксцентрика, бұрылма-иілме (каучук) өнерінің небір нұсқаларын өзіне тән пластикамен, грациямен кестелей алатын бесаспап әртісті әріптестері жанрдың шебері, өздерінің тәлімгері деп тани бастады. Бірақ біз әңгіме етіп, өнеріне тамсанып отырған Жанат Қалметова бұған қанағаттанып қала алмады.

61


Кезінде Сарыағаш ауданындағы миллионер совхоз «Қапланбектің» «Фантазеры» балалар циркінде В.Соловьевтай шеберден цирктің бар қыр-сырын меңгерген Жанат Мәскеудегі ВДНХ алаңында да өнер көрсетіп, күміс медаль алғаны, бірнеше фестиваль, байқауларда олжа салғаны бар. Енді кәсіптік талап-тәртібі өзгеше «Шымкент-циркте» ол эквилибристканы, моноциклді ауыздықтай бастады. Дрессура саласына да қол артты. Оның тәрбиесіндегі үй жануарлары Жанаттың аялы алақанын тез сезініп, «әртістік» жолға икемделді.
Ұлдары Жандар мен Санжарды, қызы, цирктің кішкене ханзадасы Перизатты ғажайып өнерге баулып, икемдей түсуі ұлттық цирк өнерінде де династиялық үрдіс қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
«Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, күшіктерін «есеп шығаруға», билеуге үйрете алған Перизаттың сүйкімді аттракционы көрерменнің жайдары көңіл-күйін туғызып, сұлу сезім сыйлайды. Ал династиялық өнерді өрістетуді мақсат еткен Жанат дрессура саласын зерделей түсіп, Бугримова, Запашныйлардың тәжірибелерін зерттей бастады. Сөз жоқ, цирк аренасында жыртқыш аңдардың өнер көрсетуі – ғажайып дүние. Десек те осындай ерекше жанрды меңгеру, аңдарды өнерге «баулу» оңай шаруа емес. Осы орайда «Шымкент-цирктегі» 3 жас арыстанды асырап, оларды манежде көрерменмен табыстыруға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Олармен жұмыс істеген маман Өзбекциркінен келетіндіктен, ол мұнда көп тұрақтай алмады. Азуы алты қарыс арыстандарды тәліміне алуға жанартау жүректі Жанат ғана тәуекел етті.
Жыртқыш аңдарды да аялы алақанмен, сүйіспеншілікпен өзіне иліктіре білуге болатынына сенген Жанат олармен тез «тіл табысып» кетті. Айбатты жануарлардың орақтай орып түсер тістері, күн сайын толығып келе жатқан өткір тырнағы цирк аруын алған бағытынан бұра алмады. Төзімділік пен қайсарлық, табиғат тағысына адами мейірім таныта білу, жабайы тіршілік иесінің қыр-сырын зерттеп, тілін меңгеру арқылы олармен достығы беки түсті. Арыстандардың үшеуі бірдей Жанатты өздерінің жарылқаушысындай, анасындай көре түсуі арена аруына шабыт қосты.
Манежге бір емес, 3 бірдей арыстанмен бетпе-бет шығу, оларды нақтыланған орындарына (тумбалар) отырғызу, белгіленген бағытпен жүргізу, рет-ретімен өнер көрсетуге шақыру, «кедергілерден» өткізу қандай дайындықты талап етті десеңізші?! Ал оған ең керегі – жүрек, сенім, қауіпсіздік техникасы, жануар-әртістердің мінез ерекшеліктерін білу, халық алдына шыққан соң әдемілік патшалығын жайып салу. Ол үшін «қорқыныш» атаулының ізі көрінбеуі керек, әдемі костюммен, қажет реквизитпен, жарқын музыканың сүйемелдеуімен арыстанмен өнер көрсетуге «серттесу» сәті болады. Оған дейін Жанаттың оларды тамақтандыруы, клетка маңында «сырласуы», командаға, жестке бағындыра алуы сияқты небір күрделі жұмыстар тұратынын көрермен, әрине, біле бермейді.
...Міне, цирк манежіне арнаулы клетка құрыла бастады. Арыстандар тиелген арба көрінді. Клеткаға жапсарласа түскенде есік ашылып, аренаға ойнақтап арыстандар шықты. Кәнігі, үлкен, Африканың саваннасындағы жабайы 3 арыстан. Жұрт демін ішке тартып, «апырай, арыстандар» - деп тақымын қыса түсті. Ал сол сәтте клетка ішіне, арыстандар компаниясына қазақтың қайсар қызы, «Шымкент-цирктің» аруы Жанат қосыла кетті. Бейнебір зиялы қауымның салтанатты басқосуына бара жатқан кербез сұлу! Қолында, «Құдай сақтасын», кішкене ғана қамшы сияқты заты бар. Ерекше грация, сұлу қимыл, жарасымды, маңғаз жүріс! Еркін, ерке қимылмен төрге озып, арыстандармен ымыраласқандай «билігін» жүргізе бастады. Енді бірде олар сыпаға шығып, төменде тұрған Жанаттың үстінен секіріп, келесі сыпаға жетті. Ендігі қадам – жанып тұрған оттан секіру. Жанаттың жай ғана сілтеп көрсеткен жестін түсінген тағылар оны да орындады. Соңыра 3 бірдей арыстанды иіріп, жатқызып, Жанат олардың үстіне жантая қалады. Көрермен қошемет көрсетіп жатқанын сезген әртіс-арыстандар Жанаттың ризалықпен бас игенін қоштағандай бір сәтке оның жан-жағына топтаса қалды да, зуылдап клеткасына бас қойды.

62


Қауіпсіздік техникасына сай бұл кезде цирктің мамандары жануарлардың әр қимылын жіті бақылап, ықтимал деген төтенше жағдайға дайын тұратыны түсінікті.
Униформистер тобының жетекшісі Нұрлан Төлебай осы уақытқа дейін Жанаттың аттракционында төтенше жағдай болмағанын айта келіп былай дейді:
– Жанат ханым – нағыз дрессировка шебері. Оны біз жануарларға қорек беруінен-ақ байқаймыз. Өзінің жетік әдістері арқылы аң патшасын ырқына көндіре алуы, олармен сөйлесе білуі, манежде біздің темір найзаларды пайдаланудың қажеттілігі тумауы, яғни, кездейсоқтық, шалыс басу деген нәрсенің болмауы – үлкен жетістік. Қазақ қызының жүректілігі, қиын шаруаны оңай, әдемі етіп көрсете алуы бүгінгі таңда қазақ өнеріндегі жеке-дара жетістік.
Цирктің Айболиті, бас ветеринар-дәрігері Дидар Аманқожа да бұл өнердің ғажайып ғаламаттары аз емес екенін айтты.
– Әрине, манежде өнер көрсету үшін, дрессураға бейім болу үшін жануарлардың таза қанды болуы шарт. Селекция деген бүкіл цирк, зообақтарда қиын мәселе. Ал арыстандармен жұмыс істеп, небір цирк ғажайыптарын көрсету – Жанат ханымның ерекше еңбекқорлығы мен таланттылығының жемісі. Олардың көңіл-күйінің ауытқып тұратыны бар, жыл мезгіліне қарай физиологиялық өзгерістері болады. Ондайда тек Жанат ханым ғана өзінің әйдік «мысықтарына» билігін жүргізе алады. Жоқ, олар мені кешірсін, біздің алып арыстандарымыз дегеніміз дұрыс!
Ия, солай... Шымқаладағы цирк атты өнер шаңырағында Жанат Қалметова деген ару аң патшасы арыстандарды арбап, ерекше талантымен, ержүрек, батыл, нәзік сиқырымен цирктің дрессура жанрын дамытып келеді. Бұл да біздің мәртебелі мегаполистің мерейлі игілігі! Өйткені, оның уникум номері, қабілеті ешқандай шетелдіктерден кем емес. Біздің қалада айлап гастрольде болған
М.Запашный, А.Дементьев сынды Ресей майталмандары Жанаттың жұмысына тамсанып, нәп-нәзік арудың талантына тәнті болыпты.
...Япырай-ай десеңізші! Ұлттық цирк өнерінің дарабозының бірі, ай дидарлы Жанаттай арудың арыстан жүректілігі арыстандардың өзіне де ұнайтын секілді.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.