Даулы бейнеролик жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсті

Пятница, 12 Июнь 2020 03:49 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3677 раз

Режиссер Серік Таласовтың интернетте кеңінен тараған бейнеролигі жұртшылық тарапынан үлкен сынға ұшырады. Көпшілік жеңіл жүрісті қыз бейнесінде киінген қыздың да, қазақ әйеліне тән киінуге шақырған актердің де образын қабылдамады. Бұған дейін ұлттық құндылыққа үндейтін еңбектерімен танылған авторға бейнеролик дауы оңай соққан жоқ.

88

 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Шымкентте түсірілген бейнероликке қатысты пікір білдірді. Министр БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын кез келген өнім мұқият саралануы қажет екенін, өйтені кез келген орынсыз пікір өзгелердің ар-намысына тиетінін айтты.
– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституция барлық азаматқа бірдей. Олардың ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтеуге кепілдік беріледі. Сондықтан бейнеөнім бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланбай тұрып, жұмыс тобының талдауынан, талқылауынан өтуі тиіс, - деді министр.
Осы орайда қызу талқыға түскен бейнероликке қала басшылығы тарапынан түсініктеме берілді. Арнайы брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісіне қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаев және TALAS FILM киностудиясының директоры, режиссер Серік Таласов бейнеролик дауына нүкте қойды.
Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбековтің мәлімдеуінше, қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаға бейнероликтер жасау бойынша 8 млн теңге қарастырылған.
– Мемлекеттік сатып алу конкурсында бес бейнеролик пен бес сценарий бойынша 6,2 млн теңге ұтып алған. Қазіргі таңда орындаушыға 3 млн теңге аударылған. Оның ішінде бір бейнероликті жасау үшін 1 млн 250 мың, 2,5 млн теңге 2 бейнероликті дайындауға және 5 сценарий бойынша 3 млн теңге аударылған. Бейнероликтердің мақсаты – жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, бос уақытын тиімді өткізуге үндеп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу.
Жалпы қала әкімі бұдан хабардар. Мұрат Дүйсенбекұлы арнайы тапсырма берді. Қазіргі таңда тексеру жүргізілуде. Қорытындыларын алдағы уақытта жариялаймыз. Ал бейнероликтерді дайындау барысында заң аясында оны бақылауға алуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары
Алмасбек Кеңесбекұлы.
Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаевтың айтуынша, TALAS FILM киностудиясымен әріптестік меморандум жасалғанымен, бейнероликті түсіру жөнінде келісім болмаған. Сценраийі де бекітілмеген.
Бүгінде Жастар ресурстық орталығы «Talas Film» киностудиясымен бірге бірқатар ұйым мен шығармашылық бірлестік жұмыс істейді. Ал киностудия насихаттық роликтер түсіру кезінде орталықтың логотипін пайдаланып отырған. Жандос Қалтаевтың мәлімдеуінше, ролик киностудияның өз қаражатына түсірген. Бір айта кетерлігі, бейнеөнімнің соңында «қолдау білдіреді» деген сөздің орнына «тапсырыс береді» деп жазылып кеткен.
– Олқылықты байқаған соң роликтен орталықтың логотипін алып тастадық. Бұдан былай басқа да материалдардың да таралмауы қатаң бақылауға алынады. Біз әйелдердің құқықтарын, отбасылық құндылықтарды, балалар мен жастардың құқықтарын қорғауды дәріптеу мақсатында жұмыс жүргіземіз. Бірақ ешқашан жеке адамның сырт әлпетіне қарап кемсітуге жол бермейміз, - деді Ж.Қалтаев.
Сәтсіз шыққан бейнеөнімнің тағы бір кемшілігі атауында болды. Тақырыпты «Жезөкше» демей-ақ, мағыналы атау беруге болмас па еді?! Мұнан кейін қызға қысқа белдемше кигізіп, ашық-шашық киіндіру де артық. Көлікке отырғызып, біреудің жеке өміріне бас сұғып, ақыл айту заң тұрғысынан қайшы деп пікір білдіргендер көп. Ал режиссер қателікті жоққа шығармайды.
– Бейнероликтің мақсаты ұлттық тәрбиені сақтау болатын. Үш қызым бар. Мені олардың болашағы алаңдатады. Сол себепті қоғамның кейбір осындай келеңсіз тұстарын ашық көрсетіп, қаз- қалпында жеткізгіміз келді. Басқа ой болған жоқ. Бірақ бұл базбіреулердің көңіліне тиді, – деді ол.
Режиссер Серік Таласовтың есімі шымкенттіктерге жақсы таныс. Ол бүгінге дейін 27 қысқаметражды, 2 толықметражды фильм түсірген. Бұған дейінгі туындылары көпшіліктің қолдауына ие болған. Алайда оның соңғы бейнеролигі сынға ұшырады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.