АБЫЛАЙХАН ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН КІЛЕМ Избранное

Среда, 19 Август 2020 06:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3230 раз

566

НЕМЕСЕ 500-ден аса жәдігерДІҢ ҚҰНЫ МЕН ҚҰПИЯСЫ

Кілем тоқу өнері – халқымыздың тамырын тереңге жіберген ежелгі қолөнер кәсіптерінің бірі. Кілем қай заманда да қазақтың үйінің сәні, қыз жасауына қосылған басты мүлкі, ең қадірлі қонағына тарту етер құнды сыйлығы болып келген.

Кілем тоқу ісінің құпиясы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Халқымызда бұл өнер тек кәсіп қана емес, ұлт рухы мен руханиятын көркем бейнелейтін, көнеден жеткен көзайым. Сан ғасырлар сорабынан сыр шертетін кілемдердің ою-өрнектері бізге айшықты бейне мен шеберлердің құпиясын, сонымен бірге оның қай кезеңнің, қай аймақтың қолөнері екенін айғақтап тұрады.
Қазақ кілемінде көп құпия сақталған дедік. Біз, бүгінгі ұрпақ, сол жұмбақты шешуге тиіспіз. Бұл біздің ата-бабаларымыздың өмір сүрген дәуірі жайлы құнды дерек сақталған жазба сияқты. Ұлттық қолөнерді ұлықтап, қадірлеп келе жатқан шымкенттік Дана Бектаева бұған бек сенімді. Дана Ерікқызы қолдан жасалған қазақ ұлттық кілемдерін он жылдан астам уақыттан бері жинап келеді. Оның жеке коллекциясында мұндай кілемдердің саны 500-ден асады. Олардың түкті және түксіз, алашалар, XIX және XX ғасырларда тоқылған кілем, намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем сияқты сан тарауға бөлінгенін көбіміз біле бермейміз. Сондай-ақ, оның шеберханасында ескі сандықтар да кездеседі, басқұр – киіз үйді безендіруге, сыртындағы уықтар мен керегені қысып бууға арналып өрнектелген тоқыма бау. Мұндай байлықтың бәрі Дананың пәтерінде және жалға алған қоймаларында сақтаулы тұр.
Дана Бектаева басында кілемнен кәсіп бастап, табысқа қарқ болғысы келгенін мойындайды. Кілем тоқу өнерінің нағыз жауһарларын іздеп Қызылорда, Атырау, Алматы, Түркістан облыстарының ең шалғай деген елдімекендеріне барып, саусақпен санарлық көнекөз қолөнершілермен кездесіпті. Ол бұл іске көп қаржы құйды, несие де алды. Тіпті, пәтерін де сатуына тура келді. Күндердің күнінде мұндай баға жетпес байлықты қалайда сақтап қалу керек деген ой келді. Өйткені, сатып алушылардың көбісі өзінің коллекциясын толықтырғысы келетін шетелдіктер. Ең сирек деген 400-ге тарта кілемді Д. Бектаева Ә.Қастеев атындағы музейдің қызметкерлеріне сараптамаға беріпті. Енді мұндай тоқымалы жауһарларды Қазақстаннан тысқары шығаруға мүлде болмайды.

 

886


Өзінің қызығушылығы мен өмірлік мақсатына айналып кеткен жұмысы туралы Дана сағаттап айтуға құмбыл. Тіпті, үйіне келген туыстары ең болмағанда дастархан басында кілем туралы ойланбауын өтінеді екен. Кілемге деген сүйіспеншілік оның бала кезінде оянды. Ол ауылда тұратын әжесіне жиі баратын. Ең жарқын естеліктің бірі, ол – ауыл әйелдерінің жүнді бояп, жіп иіріп, ұжымдасқан түрде кілем тоқығаны. Өсе келе бір жерден қолдан тоқылған кілем кезіктірсе, бірден сатып алуға тырысады екен.
– Менің пәтерім болмаған кезде кілемім болды. Оны әпкемнің үйінде сақтап жүрдім, - деп еске алады Дана Ерікқызы. –Туысқандарыма кілем мен тоқылған дүниелерді сыйға тарта отырып, ол заттарды міндетті түрде сақтап қоюын сұрайтын едім. Мен, тіпті, балаларға арнап жазатын ертегілерімде қашанда жүрек дүрсілін тыңдау керек деп жазамын. Көп жыл бойы медицина академиясында оқыдым. Десе де, мені өнер, оның ішінде ұлттық қолөнер қатты қызықтырды. Тек біраз жыл өткен соң ғана жаным қалайтын іспен шұғылдана бастадым. Қазақ кілемдерінде өрнектер өте көп, ол оюлар шаршатпайды, қайта жаныңызға жайлылық сыйлайды. Солар арқылы біздің ата-бабаларымыздың не ойлағанын, не қызықтырғанын және ортасының қандай болғанын бағамдауға болады.
Д. Бектаева инстаграмда өзінің жеке парақшасын жүргізеді. Оның төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен бес мыңға жуық жазылушысы бар. Оқырмандарының басым бөлігі – жастар. Ол жерде Дана оқырмандарымен этнолингвистикалық зерттеулерімен бөліседі, ою-өрнектердің мән-мағынасы, кілем тоқу өнерінің көне тәсілдері жайлы сыр шертеді.
Ерте көктемде Шымкенттегі «Көрме» орталығында Д. Бектаеваның «Бабадан қалған боз кілем» деген онлайн-көрмесі өткен болатын. Екі күн бойы ниет білдірушілер бұл көрмеге қатысып, көп мағлұмат алған-ды. Өз басым жаңа мәліметтерге қанығып, таңғалғанымды жасырмаймын. Мәселен, баяғыда жас келіндер тұңғыш баласы дүниеге келгенше әкесінің үйіне аттап баспайды екен. Сондықтан олар ата-анасына кілем бұйымы арқылы хабар жібереді екен. Егер ол кілемдегі өрнектер көркем, ал түстері ашық және қанық болса, онда ол қызда бәрі жақсы болғаны, ал керісінше болса, жағдайы мүшкіл дегенді білдіреді екен.
Қазір ғой, табиғи өнімдерден жасалған кілемдерге күйе түспес үшін арнайы заманауи құралдар қолданылады. Ал біздің әжелеріміз жүнді жуып, бояған кезде жәндіктер кілемді «жеп» тастамасын деген оймен өте көп мөлшерде тұз қосқан.
Сонша кілемнің арасынан бір жағы ашық, екінші жағы күңгірт түсті кілем қызықтырмай қоймады. Дана мұны шеберлердің бұл өмірдің ақ пен қара түстен тұратынын, түннің күнмен алмасатынын меңзеген болуы мүмкін екенін түсіндірді. Ал көне қолөнер мектебі мұны кілем тоқылып жатқан үйде бір қайғылы жағдай орын алып немесе туыстарынан бір адам қайтыс болса, онда жұмысты қырық күнге шегеріп, кейіннен жалғастырған кезде жабық сұрқай түстерді таңдайды деген болжам айтады.
Ал егер қолөнершілер тапсырыс берген адамға разы болмаса, онда қасақана өрнектің біреуін дұрыс тоқымай қоя салады екен. Айтқандай, мұндай кілемді Дананың коллекциясынан кездестіруге болады. Кілемдерді үнемі асарлатып тоқыған. Және бұл іске кіріскенде өсек айтуға, ұрсысуға, жаман сөздер айтуға қатаң тыйым салынған, себебі, бұйым тек жақсы энергетиканы сіңіруі керек деген түсінік болған.
Коллекция иесі Моңғолия қазақтары тоқыған кілемге назар аударуды ұсынды. Оны көкесі сыйлаған екен. Ал бұл кілемнің жанына Өзбекстан және Батыс Қазақстандағы қазақ қолөнершілерінің кілемдері қойылыпты. Бұл үш жұмыс әр түрлі жерде жасалған, бірақ, бәрінен бір сарын еседі. Өрнектері бірдей десе де болады. Бұл дегеніміз сонша алыс арақашықтықта да бірдей мәдениет сақталғанын білдіреді.
Дананың коллекциясындағы құндылығы аса жоғары бұйым—Абылайхан заманынан қалған кілем. Мұндай жұмыстар Қазақстанда 7-8 ғана. Олардың әрқайсысы өте қымбатқа бағаланады.
1956 жылы тоқылған араб кілемінде түйенің суреті бейнеленген. Ол кезеңде қазақтар ешқашан мұндай сурет салмаған. Дәл осыған ұқсас данасы Қастеев музейінің қорында сақтаулы.
Қазақ кілемдері негізінен екі түрге бөлінеді: түкті және түксіз. Түкті кілем бұйымдары еліміздің оңтүстік өңірлерінде тоқылған және олардың орталық бөлігі мен жиектасының өрнегі өсімдік тәріздес немесе геометриялық үлгіде болған. Оңтүстік Қазақстанның шеберлері жасаған ежелгі түкті кілемдер табақша, ромбик, жұлдыздар мен түрлі фигуралардың ерекше шеберлікпен жымдасып жасалғанымен таңғалдырады.
Ал түксіз кілем бұйымдары еліміздің шығыс және батыс облыстарында жақсы таралған. Оларда зооморфтық ою-өрнек, тұрмыстық бұйымдардың символы, геометриялық денелер бейнеленген. Түксіз кілемдерде өсімдік тәріздес өрнектер сирек ұшырасады. Кілемдерге шикізат ретінде жергілікті шеберлер қой, ешкі және түйе жүнін, сонымен бірге жібек, мақта, бөз, кендір талшығын әр түрлі үлгіде біріктірген.
–Кілемнің отаны Иран, Түркменстан, Әзірбайжан саналады. Бірақ, қазақтар да қолөнердің бұл түрімен жақсы шұғылданған, - дейді Д.Бектаева. – Кілемдер табиғатпен үйлесімділікте өмір сүрген біздің бабаларымыздың дүниетаным, көзқарасын толыққанды бере алады. Әзірге қазақ кілемдері көп зерттелмей жатыр, содан да өзімен бірге көп құпияны бүгіп отырғандай.
Дана Ерікқызы Әзірбайжандағыдай Қазақстанда да кілем музейін ашуды армандайды. Бұл нағыз жақұт. Оның қорында он мыңға жуық шығармашылық жауһар жатыр. Бес қабатты ғимараттың аумағы – бес мың шаршы метр.
Кілем – өскелең ұрпаққа аманаттап жеткізетін баға жетпес байлығымыз. Оны барынша насихаттау керек. Егер елімізде кілем музейі ашылса, онда ол тек ғылыми-зерттеу мақсаттарына ғана емес, сонымен қатар мықты туризм объектісіне де айналар еді.
Ұлттық қолөнерді ұлықтап, өзіндік ерекшелігін бағалап, кілем тоқу өнерін өшірмей, кереметтілігін халыққа жеткізген кейіпкеріміздің бастамаларына риза боласың. Кілем беттеріндегі сан алуан өрнектің тілі, әр сызықтың түр-түсінің айтар ойы бар. Ғасырлар тұңғиығынан тамыр тартатын ғажайып қолөнер бұйымдары мен кілемдер арқылы сол заманның тарихын, тыныс-тіршілігін таныстырып, оның маңызын халыққа кеңінен насихаттап жүрген Дана Бектаеваның бұл кәсібіне билік тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, құнды жәдігерлердің бағы жанар еді және бұл біздің мәдени мұрамызды толықтыра түсетін татымды тірлік болар еді. Сол ойға сенсек, кілем музейі ашылатын күн де алыс еместей сезіледі.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.