Мен сені сүйем, өмір! Избранное

Среда, 26 Август 2020 04:51 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 298 раз

Шымкентте тағдыр тәлкегіне ұшырап, туа бітті ауыр науқасқа шалдықса да мойымаған жандар бар. Ол – ол ма, жігері мықты бұл жерлестеріміз отбасын құрып, жұрт қатарлы өмір сүріп келеді.

501

 

Досжан

Шымкенттің тұрғыны Досжан Жүнісов қоршаған ортаны естіп және ұстап сезеді. Туа бітті зағиптыққа ұшыраған. Бірақ, қиындыққа мойымай, толыққанды өмір сүріп келеді. Қаламыздағы
«Фонограф» атты музыка тобын естіген боларсыздар? Азды-көпті өнер кештеріне барғандар синтезатордың жанында отыратын, үнемі күңгірт көзілдірік тағатын жігітті байқағаны сөзсіз. Досжан – осы азамат. Жолдастары өзімсініп, жай ғана «Дос» деп атап кеткен.
Досжан туа бітті катаракта деген диагнозбен өмір сүріп келеді. Дегенмен, сезімтал саусақтары мен саққұлақтығының арқасында жерлесіміз музыка әлеміне қадам басыпты. Анасы оны бала күнінен өзіне сенімді, жігерлі болуға тәрбиеледі. Сол қасиетті бойына дарытқан жігіт өзін ешкімнің алдында төмен ұстаған емес. Қайта өмірдің қиындығына мойымастан, бойындағы қабілеттерін шыңдауға ұмтылды. Ал 2000 жылы «Фонограф» тобының жігіттерімен жолыққанда көп ойланбастан олардың қатарынан орын тапты.
– Досты бұрыннан білетін едім, жергілікті радиода музыка сарапшысы болып істеп жүрген кезінен танимын. Алдымен диджей ретінде қатарымызға қостық. Кейіннен музыкалық аспапта бірге ойнауды бастадық. Ол музыканы қатты жақсы көреді, әуенді сезіну қабілеті ерекше. Ол уақытта біз Фосфоршылар сарайында рок-кештер өткізіп жүрген едік. Осылайша Досжан қатарымызға клавишник болып қосылып, сол күннен бері біргеміз, - дейді «Фонограф» тобының жетекшісі Мақсат Рысымбетов.

502


Карантин кезінде топ мүшелері өз репертуарын жаңартып, онлайн-эфирлерге де шықты. Алдағы уақытта музыкалық кештер өткізуге рұқсат берілсе, көрерменді тосынсый күтіп тұр деп қызықтырып қойды. Ол үшін үнемі өздерін пысықтап жүруі керек, себебі, репертуарларында 500 туынды бар! Ал бұл жігіттер, айта кетейік, жанды дауыста өнер көрсетеді.
Досжанның анасы Бағира Жүнісованың айтуынша, бұл отбасында зағип деген үғымға байланысты әңгіме айтылмайды, «мүгедек» сөзі қолданылмайды.
– Балаларыма да, көршілеріме де олай деуге жол бермеймін. Кішкентай кезінде ауладағы балалардың бірі «оның көзі көрмейді» деп айтып қалса, ата-аналарына дейін барып, кейде ашуланып, кейде сабырмен жағдайды түсіндіретінмін, - дейді анасы.
Досжан бала кезінде өзі сияқты көзі нашар көретін досы Степанмен бірге көшеде сауда да жасап көргенін айтады. Ешкімді ертпей-ақ, өздері жүрген екен. Жол тауып, адаспауына Досжан оқыған зағип жандарға арналған мектептегі сабақтарының көмегі тиген.
– Төбешіктер, шұңқырлар, арақашықтық. Осының барлығын жаттап алуға тырысамын. Ал сырттан көргендер бізді адымын өлшеп басады деп ойлайды. Олай емес, біз жолдың ой-шұқырын жаттап алуға тырысамыз, - дейді Досжан.
Сол мектептің баян сыныбында бала Досжан 5 жыл оқып, Виктор және Роза Хорышевтар сияқты педагогтардан тәлім алады. «Ал менің ең алғашқы синтезаторымды анам екеуіміз АҚШ-тан алып келдік. 1996 жылы мұхиттың арғы жағына көз жанарымды қалпына келтіру үшін барған едік. Осылайша музыкалы аспапты болып қайттық», - деп есіне алады Досжан.
Айтуынша, қатарластарынан қалып қоймай, өзгелермен тең өмір сүруге деген күш-жігерді отбасы мен достарының қолдауынан алады. Жанарының туабітті қараңғылығына қарамастан сүйікті ісімен айналысады, еңбекақы да тауып, достарымен араласып жүр. Ендігі арманы – отбасын құру.
– Үйленіп, бала сүйсем деймін. Жасым 41-ге келіп қалды. Өз отбасымды өзім асырай аламын. Әрине, басында қиын боларын сеземін. Дегенмен, қиындықтан қорқып, қол қусырып отырғым келмейді. Отбасылық жауапкершіліктен қашпаймын, мен оған дайынмын, - дейді Досжан.

Анатолий

Анатолий Бауэрдің туындылары көрген адамды қызықтырып жібереді. Сурет салудың бірнеше техникасын меңгерген ол көкейдегі бейнесін қағаз бетіне майлы бояумен де, қаламмен де түсіре береді. Бұған қоса Photoshop, CorelDRAW секілді компьютер бағдарламаларында жұмыс істеп, анимация, интерактивті көріністер, жапсырмалар мен күнтізбелер жасайды. Әрине, мұның бәрі компьютердің тілін тапқандарға таңсық болмас, тек Анатолийді туа бітті дертке шалдыққаны болмаса.
1983 жылы дүниеге келген балаға дәрігерлер «артрогриппоз» - аяқ-қолдың деформациясы, буындар мен бұлшық еттің дұрыс жетілмеуі деген диагноз қояды.
Дегенмен, бұған мойымаған бала Толик мектепте қабырға газетін шығаруға атсалысып, сурет сала бастайды.
– Мен басқа құрдастарым сияқты емес, үйде оқыдым. Бірақ, бұл жағдай шығармашылығыма кедергі болған жоқ, - деп еске алады Анатолий. – Қылқалам мен қаламды, шарикті қаламсапты тісіммен тістеп ұстадым. Алдымен қабырға газеттерін әрлеп, ұсақ-түйек көріністерін салып жүрдім. Бірте-бірте көркемсурет өнері мені қызықтырып, ауқымды суреттер салатын болдым. Әрине, ол кезде майлы бояумен сурет салуды үйрететін оқулықтар да, ұстаздарым да болмады. Сондықтан, алдымен қалам және қаламсаппен, авкарельмен жұмыс істеуді бастадым, түрлі тәжірибелер жасадым. Мысалы, бояу салып қоюға арнайы палитра болмағандықтан, тоңазытқыштың мұзын салатын ыдысты пайдаланатын едім.
Тек 2001 жылы ғана алғашқы жеке көрмесі қарсаңында Анатолийге таныстары майлы бояумен кескіндеудің негізін үйретіп, бояуға қосатын зығыр майын сыйға тартады. Ал сурет салатын кенеп сол күйі табылмапты.
– Сенесіз бе, кенеп таба алмай, картиналарымды кәдімгі құрылыс материалы – ДВП-ға өрнектедім. Тәжірибелі кісілердің кеңесімен тақтайшаның жылтыр бетін емес, кедір-бұдыр бетін пайдаландым. Сонда бояу кенепке жағылғандай болды, - деп жымияды Анатолий.
Қазіргі таңда ерекше өнер иесінің туындылары
Қазақстанда ғана емес, шетелде де көпшілік назарына ұсынылуда. Бірнеше картинасын мәскеуліктер сатып алып кетіпті. Одан кейін аудиокітап жасаумен айналысатын ресейлік ұйым мүшелері жерлесімізбен байланысқа шыққан.
– Олармен интернет арқылы таныстық. Бұл жігіттер тек аудиокітаппен шектеліп қалмай, тұтас аудиоспектакльдер құрастырып жүр екен! Оларға белгілі бір тақырыпқа арналған коллаждарымды көрсетіп едім, ұнатты. Бірер жыл бұрын шағын тиражбен аудиокітап шығардық. Жалпы, Ресейде аудиокітап кең тараған. Себебі – қолайлы, бір іспен айналысып жүріп, кітап тыңдай беруге болады, - дейді суретші.
Жерлесімізге тапсырыстар да түсіп жатады. «Кейде шұғыл тапсырыс болса, күніне 4 сағат бойы тоқтамай сурет саламын. Ары қарай мүмкін емес», - дейді Анатолий.
Себебі, қаламды қолмен ұстамай, аузымен тістейтіндіктен, ол кескінді бар болғаны бір қарыс жерден көреді. Соның салдарынан көзіне күш түсіп, бейнені тұтасымен көру мүмкін емес. Тек жақыннан ғана көріп, сала алады.
Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да Анатолий емен-жарқын, ашық жігіт. Өз өмірі туралы жасырмай айтады, қиындықтарға мойымайды. Ал күнделікті кездесетін кедергілері жетерлік. Соның бірі – бес қабатты үйдің екінші қабатында тұрады. Сыртқа шығуы мұң. Бір көңіліне демеу болары – жанында анасы бар. Бауыр еті – баласының үнемі жанынан табылып, бар күтімін жасап жүр.

Андрей

Андрей Крылковқа қарап отырып, бірнеше жыл бұрын оның жүрмек түгілі, таяққа сүйенбей тұра алмайтын жағдайда болғанын елестету қиын. Дәрігерлер анасына дүниеге келе сала балалардың церебральді параличі (БЦП) диагнозы қойылған сәбиінен бас тартуды да ұсыныпты. Уақыт өте келе баланың қимыл-қозғалысы ғана емес, сөйлеу қабілеті де бұзылғаны анықталады.
– Анама мен туралы, ары кеткенде, бір жыл ғана өмір сүреді деп айтыпты. Мендегі БЦП диагнозы аса ауыр болғандықтан, тірі қалғандар мүгедектер қоларбасына немесе төсекке өмір бойы таңылып қалуы мүмкін. Бірақ, анам менен бас тартпай, Валинтин Дикул деген маманнан кеңес алып, ол кісі маған арнайы жаттығулар мен массаж жүйесін ойластырып берді. Осылайша өзім ес білгенше анам мені үнемі оңалтып, массаж жасаумен келді, - дейді Андрей.

503


Жерлесіміз алғашқы қадамын тек 5 жасында жасай алған. Үздіксіз массаж, гимнастика, маманның кеңесін бұлжытпай орындаудың нәтижесі еді бұл. Дегенмен, Андрейдің өзі өмірге деген құлшынысқа алғашқы махаббаты себеп болғанын айтады.
– 17 жаста едім. Достарым алғаш рет ауылдағы диско би кешіне ертіп барды. Сол жерде бір қызды көріп, қатты ұнатып қалдым. Сол уақытқа дейін өзімнің жағдайыма аса мән бермейтін едім. Себебі, қамқорлық жасайтын анам бар, қасымда достарым бар – білінбейтін. Тек сол кеште мен егер қыздар маған тек дос ретінде емес, жігіт ретінде қарағандарын қаласам, өзгеруім керек екенін ұқтым, - дейді Андрей.
Теледидардан гладиаторлардың жекпе-жегін көріп өскен бала солар сияқты мүсіні сымбатты, сымдай тартылған жігіт болғысы келеді. Бірақ, қалай? «Себебі, менің тізе-буындарым бүгілмейтін, қолдарым ештеңеге икемсіз, оған қоса сөздерім де түсініксіз. Өзім ұнатқан қыздың көңілінен қалай шықпақпын?» - деп еске алады Андрей.
Дегенмен, бар күш-жігерін жинап, алғашқы қадамын жасайды. Шетелдік мамандар Джо Уайдердің «Денені қалыптастыру жүйесі» және Арнольд Шварценеггердің «Бодибильдинг энциклопедиясы» кітаптарын үнемі жанынан қалдырмай, тауысып оқып шығады.
– Джо Уайдерден дене шынықтырудың жалпы түсінігін біліп, дене бітімімен әйгілі болған Шварценеггерден әр бұлшық етті қалай жаттықтыруды, қалай дұрыс тамақтануды үйрендім. Өзіме лайықты жаттығулар жүйесін жасап шығып, бірнеше жыл үзбей айналыстым. Нәтижесінде жүруді бастадым, - дейді Андрей.
Алдымен ауласындағы сарайда, қолда бар лом темір, ауыр балғамен жаттығуды бастайды. Бара-бара інісін иығына мінгізіп, жаттығуын жалғастырады. Осы тұста жаттықтырушы Сергей Рашидовпен танысуы Андрейдің өміріне тағы бір елеулі өзгеріс әкелді. Енді ол ауласында емес, кәсіпқой маманның бақылауымен арнайы залда дене шынықтыратын болды. Нәтижесінде қадамын нық басып, қолы икемге келеді.
– Бұрын қасық ұстай алмаса, қазір түймелерін өзі қадап, 200 келіге дейінгі зілтемірді көтере алады, - дейді жаттықтырушысы.
Төгілген тер текке кеткен жоқ, Андрейдің жүрісі жақсарып қана қоймай, компьютерде текст теріп, кітап беттерін аударыстыра алатын жағдайға жетеді. Өміріне аса қажет бұл жетістіктерімен қоса 2004 жылы Қазақстанның бодибильдинг кубогының жүлдегері, 2006 жылы армрестлингтен Азия чемпионы атанады. Ал 2005 жылы Шымкентте өткен үш сайыста дені сау спортшылармен сайысып, бірінші орынды иеленеді.
Дегенмен, өмірдегі ең басты жеңісіне 2009 жылы қол жеткізіп, сүйіктісі Илонаға үйленеді. Бүгінде Крылковтар 3 бала сүйіп, төртіншісін күтіп отыр.
Мемлекеттен алатын жәрдемақысына қарап отырмаған Андрей соңғы жылдары спортзалда секьюрити болып істеген. Дегенмен, карантинге байланысты жаттығу орны жабылып қалыпты. Ендігі арманы – өзі сияқты БЦП диагнозы бар балаларды жаттықтырып, аяққа тұрғызу. Бірақ, ол үшін ең алдымен медициналық білім және қаржы қажет.
– Сал ауруын жеңуге болады. Ол үшін денемен қоса ең алдымен миды жаттықтырып, дамыту қажет. Сонда мидан қосымша нейронды сигналдар денеге тарап, бұлшық еттің дамуына ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, ешқашан қол қусырып отыруға, қиындыққа берілуге болмайды, - дейді Андрей.

Сөз соңы

Өмір – күрес. Ол әлсізді, енжар әрекетсізді жағада қалдырады, ал долы ағысқа, қиындыққа қарсы жүзіп, асау толқынмен тайталасып, тағдырын тура жолға салғысы келетіндер түбінде жеңіске жетеді. Біз өмірін өнеге еткен кейіпкерлер сондай жеңімпаздар.
Олардың құрыштай шыныққан құлшыныстары мен өмірді сүйе білген, жақсылыққа сене білген әрекеттері он екі мүшесі сау болса да кемтар кейіпте, масылдық, жалқаулық пәйітте жүрген жігерсіз жатыпішерлерге үлгі болса дейміз.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.