ӘКІМ ҚОС ҚАЛАМГЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ Избранное

Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:12 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 183 раз

BIBLIOTEKA-6-700x440

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Адамзат тарихының күретамыры – әдебиет. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат.

Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі – әдебиеті. Әдебиет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті мен әдебиеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын.

Қазақ халқының тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын, байлығы мен көркемдігі әлемнің ешбір халқынан кем түспейтін ғажап әдебиеті бар ұлт. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – бізге мирас болып қалған осынау бай әдеби мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап, кеңінен насихаттап, қолдану, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Өйткені, жаһандану дәуірінде ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен өзіндік бітім-болмысын сақтап қалудың, жас ұрпақты адамгершілік, ізгілік, имандылық жолымен тәрбиелеудің бірден-бір жолы — әдебиет.
Биыл осынау ұлы миссияға өзіндік үлесін қосып жүрген, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт 75 жасқа толып отыр. Осыған орай қаламгерді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қабылдады.
Кездесуде шаһар басшысы ел ағасын 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ұлт әдебиеті мен мәдениетін дамыту, қоғамдық сананы кемелдендіру, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен отаншылдық сезімін сіңіру жолындағы еселі еңбегі үшін алғыс айтты.

 

142eac9e-4ede-4747-b28f-f67f1527290f


– Сіз еліміздегі барлық мәселелер мен қоғамдағы оқиғаларды жүрек сүзгісінен өткізіп, қаламыңыз арқылы көркем туындыға айналдыра білесіз.
Өз туған өлкеңізден алшақтамай-ақ оңтүстік өңірде өзіндік әдеби орта қалыптастырдыңыз. Қоғамдық істерге белсене араласа жүріп, қасиетті Түркістан мен шырайлы Шымкенттің рухани-мәдени тұрғыда өркендеуіне қомақты үлес қостыңыз. Сіздің «Дауыстың түсі», «Нәурізек», «Серт пен сенім», «Машаттағы махаббат», «Қозапая» сынды көптеген туындыларыңыз қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
М.Әйтенов Елбасы ұсынған рухани жаңғыру – бүгінде ұлттық идея деңгейіне көтерілгенін, мемлекет қоғамның рухани-мәдени дамуына айрықша назар аударып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, қала әкімі ұлттық кодты сақтау мен мәңгілік ел мұраттарына қол жеткізуде шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Биыл еліміздің рухани-мәдени өмірі маңызды оқиғаларға толы. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің - 1150 жылдығы, Абайдың - 175 жылдығы атап өтілуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде айтылғандай, санамыз ісімізден озып жүріп, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналуымыз үшін біз әл-Фараби философиясындағы ізгілік пен қайырымдылық хақындағы ұстанымдарды қайта жаңғыртып, Абай жырлаған бес асыл істі қоғамдық санаға барынша сіңіруге тиіспіз. Міне, осы тұрғыда зиялы қауым өкілдерінің, соның ішінде Сіздің атқарып жатқан істеріңіз айрықша мәнге ие, — деді М.Әйтенов.
Өз кезегінде Мархабат Байғұт пандемияға қарамастан «Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының аясында мән-мағынасы зор іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Осыдан алты жыл бұрын өзінің «Шырайлы шаһар Шымкенттің 2200 жылдығын рәсімдейтін кез келді» атты көлемді мақала жазғанын айтқан жазушы бұл тарихи датаның ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі бүкіл Қазақ елі үшін зор мәртебе деген ойын жеткізді. Қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, көне шаһар — Цитадельді аспан астындағы музейге айналдырып, Шымкенттің бай тарихын дәріптеуге күш салып жүрген Мұрат Әйтеновке ризашылығын білдірген қаламгер бұл нысанның тарихи-мәдени мәні зор ескерткішке айналарына сенімді екенін айтты.
Сонымен қатар әкімнің шырайлы Шымкентті көркейту жолындағы қызметінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.

 

38265186-94a0-438b-a621-5d0ab520917a


Кездесудің соңында М.Әйтенов қала тұрғындарының атынан мерейтой иесіне зор денсаулық, шығармашылық табыс пен отбасына амандық тіледі.
Айта кетейік, Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1968-1973 жылдары еңбек жолын Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде бастап, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, 1984-1985 жылдары облыстық партия комитетінде қызмет істеді. 2005-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңіріндегі арнаулы тілшісі болып еңбек етті.
«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған жұрнақ. Желтоқсанға 20 жыл», «Түркі текті Темірханға», «Белесебет пен байлық» сынды көптеген туындылар авторының 2005 жылы төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ, 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Салқын масақ» атты повестері мен әңгімелерінің жинағы шықты, «Үркер» журналында «Оқу залы» деген атпен он сегіз әңгімесі жарияланды. Жазушының бірқатар шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың шығармаларын аударған.
Осы күні Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов белгілі ақын, сатирик, сазгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен де кездесті.
–Сіз қазақ поэзиясы мен сатирасына елеулі еңбек сіңірдіңіз. «Қарлығаш», «Гүл қауызындағы тамшы», «Күн ұлымын» атты жыр жинақтарыңыз бен әсем әндеріңіз көпшілікке кеңінен танымал. Сонымен қатар Сіздің «Абзалдық әліппесі», «Жүректегі жазулар» сынды туындыларыңыздың тәрбиелік мәні зор, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы ақынды асқаралы 60 жасқа толуымен құттықтап, оған шалқар шабыт пен зор денсаулық тіледі.
Шаһар басшысы Әкім Ысқақтың шығармашылықпен қатар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Сіз тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қостыңыз. Жоғары Кеңестің және Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдарыңызда маңызды тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, ұлт пен мемлекет мүддесіне адал қызмет еттіңіз.
Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет қазақ тілінде заң жобасын әзірлеп шыққаныңыз белгілі. Көші-қон саласындағы осы заңнаманың арқасында миллиондаған қандасымыз атамекеніне оралды. Сіздің осынау еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды деп білемін, — деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, Шымкенттегі Абай атындағы орталық кітапханада Әкім Ысқақтың 60 жылдығына арналған «Мөлдірейді жүректегі жазулар» атты кездесу кеші мен кітап көрмесі өтті.
Иә, билігі мен бұқарасы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген жұрттың ынтымағы бекем болады. Әкімі ақынын қадірлеген елдің руханияты кемелденіп, айдарынан жел еседі. Олай болса, бір күнде қос қаламгерді қабылдағанқала әкімінің бұл ісі орынды һәм мақтауға лайық деп есептейміз.

Другие материалы в этой категории: « Мен сені сүйем, өмір! Шымкенттен – Абай еліне »