БИІК БОЛСЫН ШАҢЫРАҚ! Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:39 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3646 раз

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында өткен тағы бір тағлымды іс-шара – «Биік болсын шаңырақ!» тақырыбындағы қазақтың киіз үйін құрудан шеберлік сағаты.

703

 

Осынау шеберлік сағатында қазақ халқының дүниетанымында заттық әрі рухани мәдениеттің үздік үлгісі саналатын киіз үйдің тарихы, құрылымы, шаңырақ, уық, кереге, т.б. жабдықтарының мән-мағынасы таратылып, бүгінгі өмірдегі қолданысы жастарға насихатталды.
Шаңырақ көтеру шарасына қаламыздағы жоғарғы оқу орны мен колледж студенттері қатысты.
Сонымен киіз құрудың анықтамасы қандай? Үй тігерде, ең алдымен қолайлы жер таңдалынады. Сонан соң кереге жайып, оның сағанақтарын таңғыштармен біріктіре таңады, есігін орнатады.
Басқұр-таңғыштармен мықтап таңылған кереге шеңберінің үстінен бақанмен шаңырақ көтеріп, оған уық шаншады. Әрбір уық қаламын шаңырақ қаламдығына сұғынта кіргізіп, екінші жағын балақ бау арқылы кереге басына байлайды, шаншылып біткен уықты айналдыра құрмен шалмалап таңады. Осыдан кейін туырлық, үзік, түндік және киіз есіктерді жабады. Үйдің сүйегін (кереге, уық, шаңырақ) туырлық, үзік, түндікпен жабу жұмысты төменнен басталады. Туырлықтың бір ұшын есік жақтауына байланыстырады да, содан кейін керегені орай айналдырады.
Туырлық киіздің төменгі етегі жерге 3-4 елідей қайырыла тиіп жатуы, ал жоғарғы жағы уық пен керегенің қосылып байластырылған тұсына жетіп тұруы керек. Осылайша тығыз жапсырыла жабылған туырлық қозғалып не төмен түсіп кетпес үшін сыртынан керегеге шандып байланады. Екінші кезекте уық бойына үзік жабылады. Оның төменгі шеті туырлықтың жоғарғы шетімен біріктіріле кереге басына бекітіледі де, қалған бөлігі бақанның көмегімен шаңырақ шеңберіне дейін (түндік жабылатын) көтеріледі. Сөйтіп үзік баумен шалмалап байлап тастайды. Үзік киіздер арасында қуыс, ашық жер қалмайтындай етіп бірінің шетін екіншісімен бастыра жабылады. Бұдан соң киіз есік орнатылады. Ең соңында шаңыраққа бақан арқылы түндік жабады. Киіз есік пен түндік арнаулы бау арқылы оңай ашылып, жабылып тұрады.

Әйгерім Тастанова,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.