Версия для печати

Қазақ гобелен өнерінің ТҰҢҒЫШЫ Избранное

Пятница, 06 Ноябрь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6618 раз
Оцените материал
(0 голосов)

10

Құрасбек Тыныбеков пен Батырбек Өтепов жайлы сыр

Ұлттық тоқыма өнерінің тарихы дәстүрлі тоқыманың (алаша, кілем,...) тоқырауымен қатар ХХ ғасырдың 70-ші жылдары кәсіби өнер тұрғысынан қарқынды дами түскенін көрсетеді. Музей жинағындағы көркем тоқыма бұйымдары Қазақстанда бұл өнердің екі бағыты: бірі – монументалдық, екіншісі – сәндік бағыттың дамығанын айғақтайды. Бүгінде Қазақстанның қолданбалы өнер саласы бойынша гобелен өнерінде дамыған авторлық көркем стиль мен алуан түрлі бағыт жоқтың қасы деуге болады.

Қ. Тыныбеков Ғарыш гобеленіӨтепов Батырбек. Бәйтерек Гобелен. 75х90 см 1979 ж

33 жыл ғана ғұмыр... өлмес туындылар...

Ұлттық гобелен өнерінің қалыптасуы Құрасбек Тыныбековтың есімімен тығыз байланысты. Қ.Тыныбековты – Қазақстан өнеріндегі семиотика (таңбалар) тілін өз туындыларында қолдана бастаған тұңғыш суретші деп атауға болады. Суретшінің он жылдық қысқа шығармашылық жолы (1970-1980 жж.) тоқымашылық өнердегі ұлттық дәстүрлер мен бейнелеудегі жаңа үрдістерді араластыру жолдарын қарқынды іздестірудің негізгі сәттерін көрсетеді...» - дейді өз зерттеуінде гобеленші М. Мұқанов.
Ш. Уалиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО суретшілер одағының мүшесі, Қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушылардың бірі Құрасбек Тыныбеков 1947 жылы 7 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында дүниеге келген.
Қ.Тыныбеков 1970 жылы тұнғыш рет «Шопан» атты гобеленімен Қазақстанның 50-жылдығына арналған республикалық көрмеге қатысты. «Қазақстан шұғыласы» (44м х 2,40) атты монументальды гобелені үшін авторлық топпен бірге 1981 жылы «Ш.Уалиханов атындағы мемлекеттік сыйлық» берілді. Қ. Тыныбеков туындылары негізінен Қазақстанның белгілі музейлерімен қоса Ә. Қастеев атындағы өнер музейі қорында сақтаулы. Суретшінің «Көктем» атты туындысы ( 194х350 см, 1974 ж.) суретшіге тән «иконикалық белгілер» (таңбалық белгілер) стилінде жасалған. Мұнда Тыныбеков «картиналық» және «кілемдік» деп саналатын екі бастауды үйлестіре білетіндігін көрсетті. Картина әлем туралы ақпаратты шынайы, көзге көрінетін пішіндермен беруге ұмтылса, кілем тура сол белгілерді ою- өрнектер сынды жалпыланған сәндік элементтер арқылы береді. «Суретші қарапайым тұрмыстық қарым-қатынас санасын кәдімгі поэзия тілімен жырлаған секілді. Көңілге лирикалық сезім шуағын құяды. Тоқудың техникалық үлгілері арқылы композициялық құрылым түзілген. Көрермен көпшілікті тұтас ансамбль сазына сиқырлап тастағандай әсерде боласың», деп жазды кезінде өнертанушы Есенәлі Ералы.
«Әлем» («Өмір дарағы») атты туындысы ( 138х98 см, 1975 ж. ) көлемі жағынан шағын, алайда монументалдық-сәндік өнерге тән барлық элементтерді қамтиды. Картинаның дәл ортасында тігінен сәл көлбеулеу күйде қимылсыз, «тәнсіз» деуге боларлықтай, ұзын көйлекті, кимешек киген әйел пішіні бейнеленген. Бұл Жер-Ананың символикалық бейнесі. Гобелен тілінен алыстап, оны ұлттық дәстүрге жақындата түсуге ұмтылған суретші Жер-Ана бітіміне көне балбал тастарға тән добалдау пішін және оларға тән экстатикалық қимылсыздық беруге тырысқан. Баланы қолына алған Жер-Ана бейнесі аздап жаншылған, жалын тілдеріне оранған орасан зор күн дискісінің алдында тұр. Жалын тілдері күйдірмейді. Себебі, оның екі қатарлы жалындаған кеңістігінде (екінші қатарды ошақтың жалыны деп те түсінуге болады) ақ қанатты, алтын түстес құстар, Жер-Ана мен нәресте емін-еркін орналасқан.
Қ. Тыныбековтың творчествалық ізденісіндегі басты жетістігі: классикалық гобелен тоқу дәстүрін - ұлттық өнер дәстүрімен сабақтастыруы болып табылады. Суретші 1980 жылы «Байқоңыр - Ғарыш» атты көлемді (4,60х2,40см) туындысын бастап, ол туындысы өкінішке орай аяқталмай қалған болатын. Шәкірті Күлипа Жұбаниязова аяқтаған соңғы туындысы Түркістан облыстық Бейнелеу өнер музейінде сақтаулы. Адамзаттың жаңа әлем туралы арманы шындыққа айналды. Армандар - ғарыш кемелері үшін айлақ болған ежелгі қазақ жерінде басталды. Жер-Анадан ұшып шығып, ғарышқа бет алған шебердің қиялынан туған бұл гобеленде бейнеленген үш ғарышкер бүгінгі күні ақиқатқа айналып, қазақтың үш перзенті ғарыш әлемін бағындырғанының куәсі болып отырмыз. Жасыл желекті, сары далалы Жер-Анадан шұғыла қазақи ою-өрнекпен берілген күнді асып, ғарыш әлеміне аттанған үш перзент-ғарышкер. Туынды Қ. Тыныбековке тән семиотикалық-таңбалық мәнерде тоқылған. Шығармадағы ақ, көк, көгілдір, көкшіл, қызыл қоңыр, сары, жасыл, күлгін, ашық қызыл түстер өзара үйлесіп, жұлдыздары жымыңдасқан аспаннан жоғарылап, самғаған қолдары толқынды қанат іспетті үш ғарышкердің скафандрларындағы ою-өрнектермен үндесіп, ғарыштық ырғаққа бөленгендей әсер береді.
Өнер академиясының академигі Құрасбек Тыныбековтың өмірі шығармашылығының нағыз толысқан кезінде күрт үзілді. Ол небары 33 жыл ғана өмір сүрді. Оның 10 жылында қазақ өнеріне қызмет етті.
Елі ардақтап, туған жеріндегі мектепке суретші Қ.Тыныбековтің аты беріліп, ескерткіші орнатылды. Артында қалған мәңгі өлмес гобелендері қазақтың ұлттық қолөнерінің алтын қорына айналды. Оның сызба күйінде қалып кеткен дүниелерін бүгінде белгілі гобелен өнерінің шебері, ізбасар інісі Құттыбек Жақыпов түгендеп, шығармашылығын толықтырып келеді.

 

Қ. Тыныбеков Әлем Өмір дарағы1975.138 х 98Өтепов  Кәктем гобелені

 

Туған жерді сүюді өнерімен өрнектеп...

«Әр халықтың, әр ұлттың сұлулық (көркемдік) туралы өз ұғымы бар. Біз өз халқымыздың ұлы ұғымдарын өз ұғымымызға негіз етіп ала білуіміз қажет. Рухани мұраны бойына сіңіргенде ғана суреткер таусылмас күшке ие болады. Онсыз шын мәніндегі көркем, өміршең туынды жасау мүмкін емес» деп жазды күнделігінде Қ. Тыныбековпен қатар арман қуып Львов қаласындағы қолданбалы қолөнер институтында білімі мен шеберлігін шыңдаған талғамы биік суретші Батырбек Өтепов.
КСРО суретшілер одағының мүшесі. Ұлттық гобелен өнерінің негізін тұңғыш қалаған шеберлердің бірі – Батырбек Өтепов, 1946 жылы 19 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Жиенбай ауылында дүниеге келген.
Батырбек Өтеповтың «Түркі дастан», «Бозторғай», «Той» деген туындылары Халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, түрлі дипломдармен марапатталған. Туындылары Нұр-Сұлтан қаласындағы Президент резиденциясында, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі қорында, ҚР Ұлттық музейі қорында сақтаулы.
Б. Өтепов туындыларының алтын арқауы – туған жерге деген сүйіспеншілік. Туындыларының ішінде шоқтығы биік тұрғаны - «Түркі дастаны» гобелені. Кезінде белгілі жазушы Қ.Найманбаев:«Кісі өзінің өмірінде бір айшықты із қалдыру керек қой. Ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанмен Өтепов Батырбек өмірде өзінің ізін қалдырды. Ол – «Түркі дастаны» деп аталатын гобелені» - деп жазған болатын.
«Түркі дастаны» - бейнебір бабаларымыздың жүріп өткен тарихи өмір жолы гобелен тілінде сөйлеп тұрғандай триптих туынды. «Серт» деп аталатын бірінші бөлімінде: «Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен» тұста Батыр қазақ ұланы, жау қолынан шейіт болған ата-бабалардың ел азаттығы үшін күресін одан әрі жалғастыруға берген серті.
Екінші бөлім - «Жеңіс тойы» деп аталады. Жауын жеңіп қайтқан жеңімпаз батырларын құрметімен қарсы алған ел мәре-сәре. Сәбиді ақ киізге көтерген жаужүрек жауынгерлер тұтаса сап түзеп тұр. Олар сәбидің алаңсыз күлкісі мен атамекенде емін-еркін өсіп-өнуі үшін туған жерді жаудан қорғаса, ертең – "Сол жердің иесі сенсің, саған аманат!"- деп тапсырып тұрғандай. Ел-Ана мен Жер-Ана батыр ұландарына ризалығын білдіріп, көкке қолын жайып тұр. Тойға жиылғандардың ту сыртында көрініп тұрған кесенелер Ұлы жеңістің кісі шығынысыз келмейтінін айғақтап тұрғандай. «Түркі дастанының» үшінші бөлімі - «Күрес» деп аталады. Бұл бөлімде иық тіресе қатар тұрып, жауына садақ кезеген жауынгерлердің бейнесі сұсты. Қатарласа ұшқан құстар құйқылжыта сайрап, батырлардың туған жерді жау табанынан азат етуіне тілекші дауысын қосып тұрғандай.
«Қылышынан қан тамған кеңестік идеология адымын аштырмай, талантты тұншықтырып, ұлттық болмыс туралы жақ аштырмаған тұста Өтеповтің дәл осы ұлттық бағытта, батырлық, ерлік, салт-дәстүр жайында өнер туындыларын өмірге әкелуі маған керемет батырлықтай көрінеді», дейді Б. Өтеповке арналған кітап-альбомның авторы Күлия Айдарбекова.
Түркістан облыстық Бейнелеу өнері музейінің қорында суретшінің 7 тақырыптық гобелен туындысы сақтаулы.
«Бәйтерек» туындысында бейнелеу өнерін қазақ халқына тән символика мен бейнелі ойлау қабілетінің шексіз мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланатын тықыр кілем тоқу өнеріне ұштастырғанын көреміз. Гобеленнің фоны тігінен түскен: бірін-бірі алмастыра қайталанатын ақ, қара, көгілдір, сары, жасыл, қызыл, күрең қызыл, күлгін, қызғылт-сары түстердің үйлесімімен көз алдыңа құрақ көрпешені елестетеді. Жапырағы жайқалған бәйтеректе - ұядағы балапандарына қорек әкелген Ана-құс пен жоғарыда қанат қағып оларды қорғап жүрген Ата-құс кескіндері нобайланған. Суретші бейнелі символдық кескіндер - жапырақ, гүл, құстарды алып бәйтеректің бұтақтарына тепе-тең ырғақпен орналастырған. Туындыға қарап тұрып, Самұрық құс ұя салған бәйтерек туралы аңызды еріксіз еске аласың.
Туындыларында түстер мен реңк үйлесімділігін шебер пайдалана білген Батырбек Өтепов «Сезім» гобеленінде аз сөйлеп көп ойлайтынындай екі түстің графикалық үйлесімімен философиялық маңызды тақырып, махаббат тақырыбын жеткізген. Гобеленнің графит түстес қара сұр фонында аймаласқан екі бейне - қыз бен жігіт жеңіл сызықтық кескінмен гобеленнің тұла бойын ала тігінен орналасқан. Бұл композицияда екі жастың бірін-бірі қалауы, махаббат сезімін жеткізуге кеткен уақыт, оларды күтіп қаңтарулы тұрған екі жылқының сызықтық бейнесімен берілген. «Сезім» гобелені бейненің өрнекке айналып, өрнектің бейнеге айналуымен ерекшеленеді.
Батырбек Өтепов 1992 жылдың 3 сәуірі күні бақилық болды. «Өнерге адал, мөлдір, мұңды күйінде өмірден өтіп кете барды. Соңында өшпес, ұғына білгенге ұрпақтарды ұлтжандылыққа, адамгершілікке, ел мен жерді, қазақты сүюге тәрбиелейтін текті туындылары қалды...» деп жазды белгілі жазушы М. Байғұт ағамыз. 300-ге тарта шығарманың авторы ағамыздың аманатын арқалаған адал жары Бибіайша, ағамыздың 60-қа жуық эскиздерін жинақтап тоқытып, көрмелерін ұйымдастырып, өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа өнеге, таныстыру жолында аянбай еңбек етіп жүр.
1997 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне суретшінің есімі берілді. Шымкентте Батырбек Өтепов атында дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернаты бар.
Есімі ерекше тұлғаның өзі кеткенмен, ісі мен ізі бүгінгі ұрпақ жадынан өшпек емес.


Рыскүл БЕКТАЛИЕВА,
Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің бөлім меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.