Версия для печати

Шәмшінің шері Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 03:34 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3491 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шырақ алып қыр соңыма түскендей
Не iстеп едiм мен оған?
Түймедей мiнiм түйедей болып,
Ноқаттай қалым күйедей болып,
Ит айтақтап соңымнан
Қуып шықты-ау, қуып шықты-ау ақыры!..

590

 

Тіршілік базарынан Шәмші кеткенімен, соңында қалған ән шеруі кеткен жоқ. Жыл өткен сайын жаңарып, түрленеді. Биік сахналардан шалқыта шырқалған Шәмшінің әнін тыңдағанда жүрегі елжіремейтін, жаны балқымайтын жан сірә жоқ-ау?.. Тек... Үңілгенге шалқыған әннің астарында Шәмшінің шері жатыр...
Жолын кес-кестегеннен шаршаған, түңілген Шәмші бір ғана шамаданын көтеріп, дала безіп жүр. Ол – Шәмшіні кеңістікке, тазалыққа жетелеген, мейірім мен махаббат іздеген жүрегі. Жандауаны әннен тапқан Шәмші, қызғаныштың құрсауынан құтылғысы кеп, қала сыртына тоқтаған сыған тобын іздеп келді. Ойын-сауық іздеп емес – тарының қауызына сыйған жанын қоярға жер таппағаннан келді.
Изольда... Болды ма, әлде, қиял ма, белгісіз... Бірақ, Шәмшінің жанын түсінерлік нәзік жүрек болмаса, ән құдыреті ғайып боп кетпейді ме?
Сахнадағы иілген мәжнүн талдар, Шәмшімен мұңдаса тұнжырайды. Сценограф Қалтөре Жұмақұлов жасаған сахналық шешім – бірде мәжнүн-Шәмші боп егіліп, бірде – сағыныш-Шәмші боп әппақ торғынымен шалқиды.
Исраил Сапарбайдың "Сыған серенадасы" сонау сексенінші жылдары Жұмат Шанин атындағы театрсахнасында режиссер Иманәлі Сапаровтың сахналауымен көрерменін қуантқан болатын. Араға жылдар салып, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері режиссер Қуандық Қасымов - Шәмші тақырыбына қайта оралды. Кешегі Шәмшіні – бүгінгі Шәмші ғып көрерменге ұсынды.
Сағыныш. Тірі жан ба, әлде, ұлы композиторды жетелеген арман ба? Таңдау – көрерменнің еркінде. "Вальс королін" мәңгілікке сағындырып өткен, уысына түспей кеткен Сағыныш – көрермен алдына сұлу образ боп тіріледі. Қауырсын-қалқа Сағынышқа (актриса А.Сатыбалдиева) аялай қараған Шәмші (акте Н.Орынбек) асау жүрегін нәзік сезіммен жүгендеп:
Бұлғақтаған арқаңда
Бұрым ба, әлде арқан ба?
Жақтырмайды екен деп
Сөз айтудан қорқам ба!?

Бара жатсың асығып,
Ақ жүзiңдi жасырып.
Өлсем, менде арман жоқ
Бұрымыңа асылып! – деп, еркелетеді.

591


Бұл – сұлулыққа ғашық, қиялын қолына құстай аялап қондырғысы келген Шәмшінің асыл қиялы деп қабылдап, іштей Сағынышына қолы жетсе екен деп те армандайсың. Сұрапыл музыка жер-дүниеге сыймай бебеу қағады. Көңілді табордың ортасында көңілі шерден арылмаған Шәмшінің әнін тыңдаған Изольда(актриса М.Зияева)
Неткен мұңды,
Неткен сазды ән едi?..
Кiм болды екен жүрегiңдi шерлi еткен,
Табындырған, сағындырған, тербеткен?.. – деп таң қалады.
Тағдыры мен сағынышын үйлестіре алмай күйінген, талантын көргісі келмеген соқырлар мен естігісі келмеген саңыраулардан шаршаған Шәмші жүрегінің күйзелісін тілдесе келе ұққан Изольда:
Сен бе, сен –
Әруақтысың! Арқалысың!
Жан бiткеннiң дарханысың!
Әнмен жанды жылатасың,
Әнмен жанды жұбатасың.
Ұлылықты ұлықтайсың,
Сұлулықты ұнатасың.
Одан өзге бiр басыңа не керек? – деп ән тұнған жүректі жұбатады.
Жұбанбады... Жұбана алмады. Шерлі Шәмші, сағынышын өзімен бірге әкетті. Бізге тек – Сағыныш әнін қалдырды.
Ауыр кезеңді арқалаған Тышқан жылын шығарып салып, айтулы ақын, сазгер И.Сапарбайдың "Сыған серенадасымен" Сиыр жылын қарсы алған шаниндіктер өз көрерменін жыл бойы сан-алуан тақырыптағы жаңа қойылымдарымен қуандыратын болады. Шанин театрында кездесейік, патша көңіл көрермен!

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы қазақ
драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.