«Әппақ гүлдер» ұсынып ғашықтарға» Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4771 раз

Жанымызды ерекше күйге бөлеген, жүректі елжірете тербеген сәтке куә болдық. Ауылын сағынғандар ауылына барып қайтты, ғашықтарын аңсағандар сүйіктілеріне арнап әппақ гүлдерін теріп қайтты. Иә, иә, сол шуақты күні Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында әнсүйер қауымның жүрегін әсем әндерімен тербеген танымал әнші, талантты композитор Құралай Сәтмұхамбетованың 35+35 мерейтойы өтті. «Әппақ гүлдер» атты әдеби-сазды кеш ақ ниеттің айнасындай әдемілік пен әсемдіктің әншісін – қазақтың Құралайының құшағын әппақ гүлдерге толтырып, мерейін көкке көтерген кереметтей жиын болды.

60

 

Таныстыруды қажет етпейтін белгілі композитор, әнші, Қазақстан композиторлар қауымдастығының мүшесі, Түркістан облысының композиторлар қауымдастығының төрайымы, 200-ге жуық музыкалық шығарманың авторы Құралай Шайзадақызын құттықтауға келген көрерменнің қарасы қалың. Кеш салтанатында
Құралай Сәтмұхамбетованың «Әппақ гүлдер» әнін тұңғыш рет орындаған танымал әнші, Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Ақбота Керімбекова сазгерге ҚР
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын табыстады. Шымкент қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев композиторға деген ыстық лебізін білдірді. Сонымен қатар, Құралай Сәтмұхамбетованың онға жуық әнінің мәтінін жазған ақын Қабылбек Төретай, Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші Айжан Тәженова, Қазығұрттан арнайы келген әнші Хатира Бектұрова мен тағы басқалар кеш көркін ыстық лебізі, сазды әнімен әрледі.

61


Шығармашылық шара барысында композитордың өмір жолынан сыр шертіліп, тың туындылары орындалды. Шоқтығы биік шығармалардың шығу тарихы айтылды.
– Нәзік сезім толқытып тасытқанда,
«Әппақ гүлдер» ұсындым ғашықтарға.
«Алтынаймен» жолдарын ашып бердің,
Тағдырынан жол іздеп асыққанда.
Сиқырлап ең жанымды тербеткенде,
Жүрек тулап сезімді селдеткенде.
«Елге сапар» жасайсың еркіңнен тыс,
Дариға-ай, туған жерге жер жеткен бе?! – деп сазгер, белгілі сәулетші Асқар Мамырбаев жырға қосқандай, осы кеште «Әппақ гүлдерді» ән авторы мен оның тұңғыш орындаушысы
Ақбота Керімбекова қосылып, әннің сазын сезімнің назымен астастыра шырқағанда ерекше бір әсерге бөлендік. Өзінің төлқұжатына айналған ән үшін
Ақбота Шатырханқызы сазгер әпкесіне алғысын жаудырса, әдемі әнді жұртқа танымал еткені үшін автор орындаушыға ризалығын білдіріп жатты.
– «Әппақ гүлдер» қолыма тигенде 16-17 жастағы балаң қызбын. Сол кездері орындайтын әндерімнің барлығы мұңды келетін. Бір күні бір телебағдарламаға шақырғанда режиссері: «Кіп-кішкентай болып алып неге тек мұңлы әндер айтасың? Неге көңілді ән айтпайсың?» деп ұрысты. Содан «Әппақ гүлдердің» ритмі жылдам ырғаққа келетін болды да, бастапқыда вальс ырғағынан ойнақы әуенге ауыстырып жібердім. Әрине, ол кезде бұл ән халықтың көңілінен шығады, менің төлқұжатыма айналады деп ойламаппын. Халықтың қалауы, сіздің де, менің де бағым шығар», – деп Ақбота Керімбекова әнді орындау тарихына тоқталды.
Ал «Елге сапар» әнін шәкірті Бақытжан Байжұманов төгілте, толқыта орындады. Атақты «Алтынайды» Ырысалды Атығай деген жас әнші «Ямахада» жанды дауыста шырқағанда бүкіл зал қосылып кетті. Ырысалды бүлдіршін кезінде сахнаға ең алғаш осы «Алтынай» әнімен қадам басқан екен.
Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдерге арналған қуыршақ театрының әртістері Мархабат Байғұттың «Достық бәрінен қымбат» пьесасынан үзінді қойып, мерейтой иесіне құттықтауын жеткізді.

62


Бұл кеште Құралай Шайзадақызымен сырлы сұхбат та болды. Композитордың әлі қалам тербемеген тақырыбы – әке туралы ән екен. «Әлі күнге әкеме арнап ән жазбаппын. Сол олқылықтың орнын толтыруым қажет», - деді сазгер.
Есімін ел танып, әніне барша қазақ ұйыған композитордың 70 жылдық мерейтойы осылайша ерекше форматта өтті. Қ.Сәтмұхамбетованың шығармашылығы туралы толғанғанда «Әттеген-ай» дейтін өкініш те жоқ емес. Әсем әндері халқының жанымен егіз боп кеткен қазақтың Құралайына осы күнге дейін «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағының берілмегені, әрине, көңілді қынжылтады. Еліктің лағы – құралай сынды сұлу, нағыз мергеннің көз ұшына ғана ілігетін құралай құс секілді қайталанбас құбылысты ғажап әндерінің қанатына байлаған сазгер асып-тасқан атақ-мансапсыз-ақ өнер көгінде өз жұлдызын тапқаны онсыз да түсінікті. Тек бізде талантты тірісінде бағалау жағы кемшін түсіп жататыны көңілді құлазытады. Әсілі, әнші Айжан Тәженова айтпақшы, біз Құралай Сәтмұхамбетованың Шымкентте тұратыны үшін өте бақыттымыз.
Ал негізі тыңдармандар мен кеш қонақтары композитордың белгілі әндерін бірге орындап, рухани нәр алып қайтқан керемет кеш болды.

Последнее изменение Среда, 10 Февраль 2021 03:37
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.