Хантәңірінің мұзбалағы Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3366 раз

Кеше, 9 ақпанда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» қара өлеңнің хас шебері, теңіздің асау толқынындай екпінді, адуын ағысты ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды.

74

 

Бұл күн – күллі қазақ жұрты поэзия мейрамы ретінде тойлап өтетін толқалы мереке. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған ақынның мерейлі тойы жыл соңына дейін толассыз аталып өтер деген үміттеміз. Себебі Президентіміз Қасым-Жомарт
Tоқаев өзінің Тwitter-дегі парақшасында: «Бүгін – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Мұқағали поэзиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен орын алды. Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той» деп жазды.
Поэзия планетасында өзгеше пафоспен, ерекше нақышпен із қалдырған, жаратылысы бөлек, ақындық қуаты ерек Мұқағали Мақатаев шын мәнінде қайталанбайтын құбылыс болып қалғаны шындық.

Пай-пай өмір, өтесің-ау бір күні
Қиясың-ау қуанышты күлкіні.
Өмір деген бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген көк аспанның күркірі,
Пай-пай өмір, өтесің-ау бір күні.
Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрімізден, бәрімізден қалады-ау!
Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін өлемін деп қарамау, – деп өз тағдырының қаншалықты күрделі, қым-қығаш шиеленістерге толы болғанына қарамай ақын тағатсыз қозғалысқа балаған жарық дүниені «жарқ еткен найзағай жарқылындай» жасынымен жандырып өтті.
Өлімді өмірдің заңды өлшемі деп қараған ақтаңгер ақын өз өмірінің өлшемін де біліп кеткендей...
«Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде»
деп жазған Мұқағали дәл қырықтың бесеуінде бауыр церрозы ауруынан қайтыс болды.
Қарасазда кіндік қаны тамып, ару Алматыда өмір сапары аяқталған ақынның соңында қазақ әдебиетінің қазынасына айналған жауһар жырлары қалды.
9 ақпанда туған қарасаздық қыранның сол жақұт жырлары өлеңсүйер әрбір жанның жүрегінде жаттаулы. Ал оның өмір-тіршілігіндегі бірімізге мәлім, бірімізге беймәлім 9 деректі Мақатаевтың ғұмырдариясының елеулі ерекшелігі деп айтсақ болатын шығар.
1. Мұқағали Мақатаевтың азан шақырып қойған аты – Мұқаметқали.
2. «Қырман басында», «Қойшы бала — Әкітай» деген алғашқы өлеңдері аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланған.
3. Ол 18 жасында үйленген.
4. Шахматты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрген.
5. Хоббиі — үйіндегі аз жиһаздың орнын ауыстырып қою.
6. Өзі «Бұхар палауы», «Наманган» палауы деп ат қойып, палау басатын болған.
7. Өлеңді көбіне күзде, қыста өндіріп жазады екен.
8. Азия ақындарының арасында Дантені алғаш аударған Мұқағали болды.
9. Өле-өлгенше аузынан Жазушылар Одағын тастамай, ақтық демі шығарда «Одағын» сұраған.
Поэзия көгінде Хантәңірінің шыңындай шырқау биікке самғай білген мұзбалақ ақын 1976 жылы 27 наурыз күні аурухана төсегінде өмірден өтті. Бірақ оның есімі мен жырлары мәңгіліктің көшімен жылдарға жалғаса берері анық.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.